Жолдау бағамдаған бағыт пен бағдар

Жарияланған уақыты: 15.10.2018


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа кезекті Жолдауы жаңа белестерді межелеп берді. Жер-жерлерде жаңа Жолдауды талқылап, жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімдігінде Елбасының кезекті Жолдауы кезекті рет түсіндірілді. Аудандық мекемелердің басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысқан жиын форматы түсіндірумен ғана шектелмеді. Алқалы жиында Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша жасалған һәм жасалар жұмыстар легі айтылды.
Аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлы Жолдаудың жетістік жолындағы нысана екенін айтып, мәжілісті бастады. Облыстан келген топты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов бастап келді. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Марлен Оспанов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Әлиақпарова, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің мансап және маркетинг департаментінің директоры Саят Жүсіпбаевтан құралған топ Жолдау жүктеген міндеттерді айтып, жасалатын жұмыстармен аудан активін құлағдар етті.
Алғаш болып сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Нұрланұлы баспаналы болуға бағытталған «7-20-25» бағдарламасына тоқталды. Республика бойынша Павлодар облысы аталған әлеуметтік бағдарлама бойынша пәтер алудан алдыңғы орыннан көрінбей жатқанын айтқан ол:
– Бүгінгі күні «7-20-25» бағдарламасы бойынша 7 пәтер үлестірілді. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша тұрғындардың меншігіне берілуге дайын 305 пәтер бар. Жылдың соңына дейін тағы 200 пәтер қосылады деп күтілуде.
Жолдауда басымдық берілген тағы бір мәселе – білім беру жүйесі. Елбасы жүктеген міндет жаңартылған білім жүйесіне көшу бойынша жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша 74 мың оқушы жаңартылған білім беру жүйесі бойынша оқиды, - деп «7-20-25» бағдарламасы мен оқу жүйесіндегі жоспар мен көзделген межені нақтылады.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша Баянауылдан пәтер алуға мүмкіндік бар ма?» - деген сауалға жауап ретінде құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жүргізілген тұрғын үйлер ғана аталған бағдарлама бойынша табысталатынын айтты. Бірақ, қазіргі уақытта кәсіпкерлер салған тұрғын үй кешендерінің құжаттарын аталған бағдарламаға кіріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Бұдан бөлек, несие алу кезінде жоғарғы жалақы мөлшерін төмендету жөнінде ұсыныс жасалғаны да белгілі болды.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Марлен Оспанов  Жолдаудағы халық табысының өсуіне қатысты бөлімге тоқталып, кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша баяндама жасады. Ауылшаруашылық кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған өңірлік бағдарлама құрылғанын айтқан Марлен Олжабайұлы 2021 жылға дейін 73 мың асыл тұқымды мал алу жоспарда бар екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Павлодар облысы бойынша ауылшаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, 1,5 мың отбасылық ферма құру және мал бордақылауды 26 мың басқа көбейту жоспарланған. Ал, суармалы егіншілік алқабын 163,8 мың гектарға көбейту мәселесі қарастырылған. Аталған жоспар Жолдауда белгіленген тапсырмалар жүйесінде жүзеге аспақ. Жолдау бекіткен тапсырмалар мен міндеттерді мінсіз атқару арқылы халықтың әлеуметтік тұрмысын, әлеуетін арттыру әлдеқайда оңай әрі тиімді болмақ.
Биылғы Жолдаудың екінші бағыты білім беру жүйесі бойынша сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Уәлиқызы еңбек жалақысын жоғарылату педагог мамандар мен тәрбиешілерге үлкен серпін тудыратынын айтты. Одан бөлек, ол білім беру мекемелеріне бақылау камераларын орнату бойынша қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілетінін де айтып өтті.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің мансап және маркетинг департаментінің директоры Саят Жүсіпбаев келер жыл – жастар жылы болып бекітілгенін аса зор қуанышпен жеткізді. Бұл үлкен қуаныш сыйлағанымен қатар, аса зор жауапкершілік жүктейтінін сезінген маман жастарды бірлікте жұмыс жасауға шақырды.
Еліміздің саяси өміріне үлкен серпіліс әкелген Жолдау халықтың көңіліне үлкен сенім ұялатқаны мәлім. Сенімге селкеу түсірмей, әлеуметтің әлеуетін арттыру жолындағы жұмыс жүйелі атқарылса, халықтың тұрмысы жақсаратыны сөзсіз. Өміршең бағдарлама арқылы өмірлік қағидалар мен қадамдарды бағамдаған Елбасы Жолдауы қашанда қолдауға ие.

Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы