«Жастар керуені» Баянауылға келді!

Жарияланған: 19.08.2019


Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жастар жылы аясында 12-тамызда Нұр-сұлтан қаласында республикалық «Жастар керуені» атты жоба өз бастауын алды. Аталмыш жобаға 1500-ге жуық қатысушы ұсыныс тастаған екен. Оның арасынан 700-ге жуық жастар іріктеліп, бүгінгі таңда сол 700 адам жүз-жүзден бөлініп, Қазақстан ішінде жеті бағыт бойынша (Батыс Қазақстан, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облысы, Қарағанды облысы) жол тартқан. Жобаны ұйымдастырушы – Қазақстан жастарының конгресі. Жастар арасында ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты – Қазақстан жастарының бірлестігі мен ішкі туризмді дамыту идеологиясы.

Бір апта аралығындағы саяхат шеңберінде жастар Қазақстанның киелі және әдемі туристік мекендеріне саяхат жасап, түрлі экскурсияларды көруге мүмкіндік алады. Яғни еліміздің аумақтарындағы рухани-мәдени мұраларымен танысу үшін жолға шығады. Бұл жобаға 16 мен 29 жас аралығындағы белсенді, жан-жақты, білімді жастар қатысып отыр.

Еліміздің түрлі аймақтарына саяхаттап жүрген 100 шақты жоба қатысушыларының бір тобы өткен аптада Баянауыл еліне ат басын бұрды. Талантты қыз-жігіттерден құралған топ Баянауылдың көрікті мекендерін аралады. Ең алғашқы күні қатысушыларды өлкетанушы Алтынбек Құрманов және Қ.Сәтбаев мұражайының қор сақтаушысы Ерлан Зікіров қарсы алып аудан орталығындағы Шоң би ескерткіші мен балбал тастар аллеясын кеңінен таныстырып, насихаттадыі. Кейін Қаныш Сәтбаев музейінде ауданымыздың өнерпаздары әннен шашу шашып, музей қызметкерлері жастарды қошеметпен қарсы алды. Музей қызметкерлері ұлы ғұлама Қаныш Сәтбаевтың өмірлік тарихына тоқталып, көрме залдарын таныстырды.

Өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың бағыттауымен  Баянауыл ұлттық табиғи паркінің көрікті мекендеріне, яғни Жасыбай және Торайғыр көлдеріне, археологиялық ескерткіштерге, С.Торайғыров кесенесіне, Кемпіртас таужынысына, Әулиебұлақ көктеміне, Қоңырәулие үңгіріне экскурсиялық шолу жасалынып, қатысушылар ерекше әсерге бөленіп, барынша есте қаларлық  суреттерге түсірді.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бұл жобаның тиімді тұсы да мүмкіндік пен уақытты ұтымды пайдаланған, бір мақсатта жиналған талантты жастарды біріктіргенінде болар. Ұлттық құндылықтар дәріптеліп, жаңашылдық айнасын дұрыс бағыттап қосқан жастардың елімізге ұсынары мол деген сенімдеміз.

Жұлдыз ҚАТАЙ.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы