Жас отбасы - Отан тірегі

Жарияланған: 30.09.2019


Майқайың кентіне Баянауыл «Жастар орталығы» мен «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігі, мемлекеттік бағдарламалар тарапынан жас отбасыларды қолдау жөніндегі ақпараттандыру деңгейін арттыру үшін арнайы мобильді топ құрамы жұмыс сапарымен келді. Психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік кеңестерді көрсету, өз тұрғын үйлері жоқ, некеде зардап шегіп жүрген немесе ажырасу үрдісіндегі жас отбасылармен кездесу үшін Павлодар облысы «Bastau» отбасылық тәрбие беру орталығының психологтары С.Павленко мен Ғ.Нұрғалиев және тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Павлодар облысы бойынша филиалының кеңесшісі Диана Қалқамбаева келді. Кездесуге Майқайың кентінің жас, көп балалы, аз қамтылған отбасылары қатысып, мазалаған сұрақтарына жауап алды.

Алғашқы болып «Bastau» орталығының психологы Станислав Павленко сөз алды. «Біз ағымдағы жылы отбасылық тәрбие беру орталығын ашқан болатынбыз. Республикамыз бойынша ажырасу үрдісі ең көп таралған аймақ – Павлодар облысы. Біздің орталықтың бірден-бір басты мақсаты – жас отбасылардың ажырасу үрдісінің алдын алу. Осы орайда, біз 5 модуль бойынша жұмыс атқарамыз. Ажырасудың негізгі себептерінің бірі ретінде жұбайлардың біреуінде қандай да бір зиянды әдеттерге тәуелділігі болады. Және бұл жандарға психологиялық көмек көрсетіп, кеңес береміз. Арнайы осындай топтағы жандармен «Қайта қалпына келу» модулі арқылы жұмыс атқарамыз. Ал, «Біз – отбасымыз» атты жобасында отбасында түсіністік танытып, қалай өзара келісімге түсу жөнінде психологиялық дағдылар беру арқылы бағыттандырамыз.

«Жаңа өмір» жобасы ажырасуды өткерген жандарға арналған жоба болса, «Ғасырлық дәстүрлер» жобасы әр жанұяда ерекше қалыптасқан дәстүрлерді жаңғырту аясында ұйымдастырылады. Және соңғы модуль – «Тірек» жобасы. Кей адамдар химиялық немесе психологиялық тәуелділікті басынан өткереді. Өміріңнің белгілі бір кезеңіндегі жағдайды бірден ұмыту оңай емес. Бұл жандар өмірге қайта бейімделуі тиіс. «Тірек» жобасы нақты осы тақырыпқа арналған», - дейді ол.

Ал, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Павлодар облысы бойынша филиалының кеңесшісі Диана Қалқамбаева тұрақты үйі жоқ жандарға мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен несие жөнінде сөз қозғады. «Қазіргі таңда көп балалы, аз қамтылған, мүгедектігі бар, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға мемлекет тарапынан бағдарламалар қарастырылған. Пәтер алып, армандаған тұрақты үйіңнің болуы – үлкен қуаныш. Осы орайда, уақытты босқа жібермей, мүмкіндігінше, біздің банктен шот ашып, ай сайын ақша жинауды бастаңыздар. Жинаған уақыт ішінде бонустар түсіп отырады және жыл соңында мемлекет тарапынан 20% бонус түседі. Мысалға, «Бақытты отбасы» бағдарламасы жайында айтсам. Бұл бағдарлама осы жылы іске қосылды. Толық емес, көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар бұл бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алады. Өзіңіз қалаған үйдің бағасының 10% жарна ретінде салып, 2% ипотекаға сол үйді алуға болады. Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларында 15 млн. теңге көлемінде, ал, Павлодар облысы бойынша 10 млн. теңгеге пәтер ала аласыздар. Несие жиырма жылға дейін беріледі, бірақ мерзімді ыңғайлы етіп қысқартуға құқықтарыңыз бар.

Бір ескеретін жағдай табыс көзі 42500 теңгеден аспауы міндет. Егер де отбасында екі ересек және төрт балаңыз болса (6*42500 теңге = 255 000 теңге), соған сәйкес табыс көзі болып, одан асырмауларыңыз қажет», - деп егжей-тегжейлі түсіндірді. Жиын соңында көп балалы аналар Дианың сөзіне көңіл аударып, шот ашуға кезекке тұрды.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламалар қарқынды дамып, нәтижесін көрсетіп келеді. Әсіресе, ел болашағы атанар жастардың мәселесі әрқашан назарда тұрмақ. Берілген мүмкіндікті қолдан жібермей, ертеңгі күн үшін атсалысып, негізін бүгін салған жөн. Тұрақты баспана, жемісті қызмет, бақытты отбасы – қазіргі күнде, әрбір жанның қалауы. Десе де, бұл талаптар қажырлы еңбекті, саналы таңдауды қажет етеді.

Мүмкіндікке немқұрайлы қарамай, қарқынды дамудың жолдарын іздейік!

Жұлдыз ҚАТАЙ.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы