Өзара түсіністік – отбасылық қарым-қатынастың негізі

Жарияланған: 18.10.2018


Отбасы – адамның өте маңызды, аса жауапты ісі. Бірліктің, берекенің, кіршіксіз тазалық пен адамгершілік қасиеттердің ордасы. Жастардың жанұя жайлы түсініктерінің қалыптасуы – олардың ой-түсініктері, қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне, өздерінің отбасыларынан алған тәрбиесі мен дүниетанымына тікелей байланысты. Кейбір жастардың отбасыларының шырқы бұзылып, ата-анасы болашақ отбасылық өмірге лайықты тәжірибе беріп жатқан жоқ. Осының салдарынан отбасылық қатынастар құндылығының беделі төмендеуде. Дүниеге бала әкелу саны азайып, ата-ана қамқорлығынан айырылған кішкентай сәбилердің саны артуда. Бала тәрбиесіне жеңіл-желпі қарап, жауапкершіліктен бас тартып жатады. Не болмаса дау-жанжал, ұрыс-керісті көріп өскен балалар есейгенде отбасы құруға жасқанады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасы құндылықтарын әр бала кішкентай кезінен өз отбасынан  меңгеріп, оны болашақта өз ошағына ала келеді. Осы орайда отбасылық, мәдениеттік, рухани және адамгершілік құндылықтарды насихаттау бағытындағы шаралардың берері мол.

Өткен аптада аудандық мекеме қызметкерлерінің қатысуымен отбасылық кемшіліктерді жоюға қатысты жиын өтті. «Әйелдер ұлт болашағы үшін!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, психолог Жанна Бороздина отбасындағы дау-жанжалды ымырамен шешу, құқықтардың тапталмауы турасында кеңес берді.
– Көп жағдайда, әсіресе, әйел заты отбасындағы өзіндік орнын дұрыс бағаламайды, болмаса, ерінің «ермегіне» айналып, оның айтқанынан шықпайды, өзіндік ойын жоғалтады. Әр адам ең әуелі өзін құрметтеуі керек. Сонда ғана оны жары, ортасы сыйлайды, құрметтейді. Маңыздысы, мыстың басымдылығы емес, өзара түсініктік, сыйластық, жайлы өмірге жетелейді, - деген Жанна Бороздина отбасылық, әлеуметтік қорлықтың не себепті орын алатынын түсіндіріп, алдын алу шараларымен бөлісті.
Отбасы мүшелерінің арасында өзара түсіністікке ықпал ету жолдары, қайталама жетімдікке жол бермеу, қауіпсіз ұрпақ тәрбиелеу жолдары, құқықтық сауаттылықты арттыру, отбасылық өмірдің жас ұрпаққа жағымды қырларын қалыптастыру төңірегіндегі сұрақтар қарастырылып, жиналған қауым ішінде «Тәрбие және тәрбиелілік» тақырыбына дискуссия жасалды. «Өзара түсіністік отбасылық қарым-қатынастың негізі» атты сұрақ-жауап өткізіліп, кездесу қонақтарымен кері байланыс орнатылды.
Мықтылық – өзіңнен әлсізге қысым көрсетумен емес, әлсізді қорғаумен өлшенеді. Тіні, ділі мықты ұрпақ тәрбиелеу үшін әдемі сөйлеу жеткіліксіз. Оны әр адам ошақ басында, шаңырағында тәжірибемен, өзінің іс-әрекетімен көрсете білуі жөн. Балаға тәрбие беруде сөз аздық етеді. Ата-ана – балаға үлгі. Үлкендердің жамандығы һәм жақсы іс-әрекеті баласына бірден жұғады. Үйінде үнемі қорлық, жазалаудың қатаң түрлерін көріп өскен ер бала өзі де сондай қатыгез болып өссе, қыз бала бұл әрекетті дұрыс деп қабылдап, өзін-өзі қорғай алмайтын дәрежеге жетуі мүмкін. Қай ата-ана баласының торыққанын, біреуден жапа шеккенін қалар дейсіз?! Ендеше, «Адамзаттың бәрін сүй, асылым деп!» деген қағиданы естен шығармайық.
Отбасы жеке тұлғаның тағдырын анықтайды. Ұрпақтың дұрыс тәлім-тәрбие алып өсіп-жетілуі, білім алуы, мәдениетті болуы қоршаған ортадан, ал оның ішінде аса маңызы бар отбасыдан басталмақ. Сондықтан да өзгелерге деген қарым-қатынастың түзелуі, отбасылық өмірге аса жауапкершілікпен қарау – ата-ананың үрім-бұтағына көрсеткен үлгісінің айнасы.

Жұлдыз ҚАТАЙ.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы