Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы.

Жарияланған: 15.10.2019


Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар .Осыған орай, Зейтін Ақышев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің 9-11 сынып қыздарымен «Қыз тәрбиесі-ұлт болашағы» атты тағылымы мол кездесу ұйымдастырылды.

Кездесудің қонағы ауданымыздың құрметті азаматы, 46 жыл ұстаздық қызмет атқарған,оқу ісінің үздігі, «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галия Әубәкірқызы шақырылды. Кездесу барысында қонағымыз:  Қыз баланың болмысын биіктететін, оның тұлғалық ерекшеліктерін айқындайтын тәрбие мен ұлттық құндылықтарды айтар едім.

Ана тілімізде «қыз» деген сөз бар. Ол ең қасиетті де, құрметті сөз. Қасиетті болатыны- бүкіл адамзат әйелден тарайды: қыз келін болады, келін - анаға айналады, ал ана-әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата-бабаларымыз қызды «қонақ» деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған.

Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз - өріс, ұл - қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айырықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тиым» жасаған. Қазіргі қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларды мысалға келтіре отырып, одан аулақ болуға шақырды.Оқушылардың қойған сауалдарын мейлінше риясыз жауап беріп отырды.Сонымен қатар шаш өсіру оның қазақ халқында берілетін тәрбиелік мәні, қыз балаға байланысты айтылатын тиым сөздер туралы кеңінен ақпарат берді. Өзінің жас кезіндегі анасынан алған қарапайым тәрбиесінің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырғанын,өз ата –аналарыңды сыйлаңдар,құрметтеңдер-деп ақыл- кеңес берді.

Қызды тәрбиелеу, өсіру, бойжеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып,ауа жеткізіп, арам шөптерден тазартып отыру керек. Бұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге беру маңызды мәселе болып табылады.

Әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салады. Әр қыз өз отбасының тәрбиесінен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағады. Қазақ қыздарына ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбие берумен өсірді. Өткенге қарап отырсақ, ата-бабаларымыз қыздарын жақсы келін болуға, әр саладағы жақсы мамандар мен бірге «Ана» болуға тәрбиеледі-деп сөзін сабақтады қонағымыз.

Қыздар – ұлт анасы! Осы ұлт атағына лайық болыңыздар! Ұлт тағдыры қыздарға байланысты екенін ұмытпаңыздар, қазақ қыздары. Болашақ ұлт анасына қамқоршы болыңыздар. Алла тағала қолдаса, бүгінгі қазақ қыздары елін, жерін қорғайтын балуан, батыр, болашақ ұрпақтың асыл анасына айналарына сенімім мол. Қазақтың аяулы арулары бүгінді ғана ойламай, болашақты, келешек ұрпақты да ойласа деймін-деп өз батасын беріп, сөзін аяқтады.

Халық батыры,жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық-ұлы құрмет.Себебі,ұрпақты ұстаз тәрбиелейді,болашақтың басшысын да, данасын да,ғалымын да,еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді»деген сөздері осындай өмірден өзінің мәртебелі орнын тауып,ел қажетіне жараған,бала жанының бағбаны бола білген Ғалия Әубәкірқызына мектеп ұжымы атынан  зор алғыс айтамыз!
                               

          Б.Р.Жұмабекова

  Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы