Вuzylmasyn tynyshtyq!

Жарияланған уақыты: 09.05.2019


«Отан – отбасынан басталады» деген сөзде терең мағына жатыр. Себебі, Отан мен ана деген егіз ұғым – адам өміріндегі ең басты қасиетті сөздер. Өз Отанына қызмет еткен, топырағынан қуат алып, асқақ армандарына құлаш созған ата-бабаларымыз дархан даланы келешек ұрпаққа мұра қылып қалдырған. Алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені, Отан деген тек өскен жерің ғана емес, ол – күнделікті отбасы, ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын игілігіне жаратып отырған кең-байтақ жерің, құрбы-құрдастарың, ата-анаң, өмір сүріп жатқан туған елің. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекенді қорғау, амандығын тілеу, ел болашағына жауаппен қарау, әрбір елім деген азаматтың перзенттік борышы. Әр адам баласына туған күнінен бастап жақын әрі ең қымбат жан – ана болса, есейген сайын «Отан – туған жер» деген ұғымдардың мәніне терең бойлап, үңіле бастайсың. Осыны күн өте түсінген сайын, Отанның маңыздылығын сезінеді екенсің. Отанға деген ыстық сезімді өмір бойы адамдар жүрегінің бір түкпірінде сақтап жүреді. «Елдің көркі ерімен, Отан көркі жерімен» дегендей, ел басына қатер төнген жылдары кеудедегі шыбын жаны шыққанша арпалысқан батыр аталарымыз аз емес. Олар – ең алдымен, ұлты үшін, халық үшін, жері үшін  жанын құрбан еткен жандар.
Кешегі қатерлі 1941-1945 жылдары біздің аталарымыздың өз Отанын қорғауда көрсеткен асқан ерліктері кейінгі ұрпақ – жастарға үлкен өнеге болғаны айдан анық. Сол бір отты жылдарда қан майдан алаңында ата-әжелеріміз опат болды. Қажымас қайсар рухтың арқасында төгілген қан, қиыншылықпен өткен тозақпен тең төрт жыл бекер болмады. Өзіміз сол бір қиыншылықтарды көрмесек те, бізге сыйлаған зор бақытты бағалай білуіміз қажет.
«Соғыс» деген сөз – салмағы ауыр, қасіретке толы сөздердің бірі. 1941 жылдың 22-маусымы – Ұлы Отан соғысының басталған уақыты біздің тарихымыздағы ең қайғылы күн. Бұл күн – қаншама ұйып отырған жанұяларға қасірет жұтқызған күн. Елімізге орасан зор ауыртпалықтар әкелген Ұлы Отан соғысының от шарпуы тимеген шаңырақ жоқ шығар?!
Ұлы Отан соғысының төрт жылы – 1418 күні мен түні халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Бір күшке жиналған сан алуан ұлт өкілдері қарсы алдындағы жауға алынбас қамал болып жұмылып, өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жанын қиды...
Отан үшін отқа түсіп, жанын қиған барша батырларымыздың өмірі – бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Қанша жыл, қаншама уақыт өтсе де, ата-бабаларымыздың еш нәрсемен өлшенбес асқан ерлігін ұмытуға құқығымыз жоқ. Мен үшін соғыстағы боздақтарымыздың ерлігі кітаптан оқыған ертегі емес. Себебі менің атам Алданыш Жанақов Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстың аяқталуына бір жыл қалғанда бір аяғынан айырылып елге оралған ардагер. Кішкентай кезімізде ағам екеуіміз атамды көрген сайын балалық аңғалдықпен: «Аяғыңа не болды? Қалай айырылып қалдың?» деген орынсыз сұрақтарды қойып, мазалаған екенбіз. Сонда атам соғыс жайлы әңгіме қозғағысы келмей, «Мен жаман бала болғаным үшін, аяғымды алып қойды» - деп жауап береді екен. Әрине, бұл атамның біз, кейінгі ұрпағы соғысты көрмек түгіл, ондай сөзді естімей өссін деген ниеті ғой. Мен оны кейін ғана түсіне бастадым. Қазір атам өмірден озған. Сол себепті, мен үшін Отан үшін қаза болған батырлардың ерлігі жай аңыз-ертегі емес, көзбен көрген атамның өлшеусіз ерлігімен сабақтас. Ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны, түсіндің бе, қарағым, Ол ақшаға сатқан жоқ, Тізеден кесіп аяғын...» деген өлең жолдарын оқыған сайын көзге жас, көкірекке қайғы оралады. Кейбір балалар бұл өлеңді түсінбей, жеңіл қабылдайды. Ал мен үшін бұл жанымды жаралайтын өлең жолдары. Менің атама арналғандай. Атам сияқты қаншама ер-азаматтар аяқ-қолдарынан айырылып келді. Шынында да, елге қатер төнген сұрапыл соғыста ата-бабаларымыз өр кеуделерімен жауға қарсы шапты.
Тарих қойнауына енген әрбір жыл бізді Ұлы Отан соғысының бірінші күніндегі оқиғалардан алыстатуда. Соғыста Жеңіске жеткен көптеген жауынгерлер өмірден озып, жыл сайын майданға қатысқан сарбаздардың саны қысқарып, қара тізім ұзарып барады. Сол сұрапыл соғыс заманын көзімен көрген куәгерлермен бірге тарихтың маңызды егжей-тегжейлі естеліктері де жоғалып бара жатқан сияқты.
Менің жұдырықтай жүрегімнен шыққан бар тілегім – жер бетінде тыныштықтың үні бұзылмай, Отанға, елімізге қатер төнді дегенді мүлдем естімеу. Біздің аталарымыз көрген зұлмат соғыс ешқашан болмасын. Бүгінгі мамыражай күндегі тіршілігіміз үшін баршамыз аға-ата буын алдында қарыздармыз. Сол үшін де бейбіт өмір мен тыныш тіршілікті бағалай білуіміз қажет. Біз бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, аманатқа қиянат жасамай, еліміз тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүру үшін аянбай тер төгуіміз керек. Отанға деген сүйіспеншілік – оған жанашырлықпен қарау, көркейтуге үлес қосу, халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, мемлекеттік рәміздері, шекара аумағы, атамекен секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеу.

Шолпан АЛДАНЫШ, 
жас тілші,
Құндыкөл ауылы.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы