Тарих төріндегі тоқсан жыл

Жарияланған: 14.10.2019


Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы басылымның 90, академик .Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойларына орай баянауылдық оқырманмен кездесті. Қаныш Сәтбаевтың 120 ылдығымен қатар келген аймақтың басты басылымының мерейтойында облыстық С.Торайғыров атындағы музей мен Баянауылдағы Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі академиктің өмірі мен ғылым жолынан тағылым дарытқан көрмені басылым оқырмандарының назарына ұсынды.

Облыстық басылымның торқалы тойына жиналған қауым мен газеттің ұжымына аудан әкімінің орынбасары Қанат Кәрімов Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтың құттықтауын жеткізді.

Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің алғашқы нөмірі 1929 жылдың 15-ақпанында «Кеңес туы» деген атпен өлкелік басылым ретінде жарық көрген. Тұңғыш редакторы – Бейсенбай Кенжебаев. Жаңадан пайда болған ұлттық баспасөздің қалыптасуына Кәрім Әжібеков, Әмірғали Есмағамбетов, Әубәкір Аяпбергенов, Балтабек Асанов, Жұмат Досқараев, Әбілқайыр Баймолдин, ағайынды Сағынбай, Зейін Шашкиндер, Зікірия Абдуллин, Сұлтан Лепесов сияқты жерлес қаламгерлеріміз зор үлесін қосты.

Бейсенбай Кенжебаевтан кейін газетке әр жылдары Ғалым Малдыбаев, Хамза Сыздықов, жазушы Әзілхан Нұршайықов, Омарғали Құдышев, Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов, Мұхит Омаров, Асыл Әбішевтер редакторлық еткен.

Басылым 90 жыл бойы облыстың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, әдеби өмірінің жаршысына, руханияттың тірегіне айналды. «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев облыс орталығы мен Баянауыл ауданының арасындағы байланысты тілге тиек етті, басылым бетінде қалған Қаныш Сәтбаевтың «қалам ізіне» шолу жасады.

Бұдан кейін басылымның байырғы оқырманы әрі тұрақты авторы Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Мұрат Рахметов пен Қорабай Шәкіров басылымға ақ тілектерін білдірді. Қос азамат та аймақ тынысын халыққа жеткізіп, билік пен бұқараны қабыстырып жүрген жастардан құралған ұжымның жұмысына сәттілік тілеп, оқырман ретінде олардың қауырт қызметін жоғары бағалады. «Ертеңгі тарихқа айналар оқиғаларды жатсынбай қабылдап, жарияға жар салыңдар!» - деп кеңес берді.

«Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі, жас сатирик ақын Алпысбай Хонж «Халыққа қызмет көрсету орталығында...» сатиралық өлеңін оқып, халық тойын думанды ете түсті.

Басылымның мерейтойында аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов Алғыс хатпен марапатталды. Кездесуде, сондай-ақ, басылыммен тығыз байланыс орнатқан жерлестерімізге түрлі аталымдар табысталды. «Құрметті автор» аталымымен Павлодар облысы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Қорабай Шәкіров, Мұрат Рахметов, Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Зекебай Солтанбайұлы, Мұхтар Әбенов, Алтынбек Нухұлы, өлкетанушы Алтынбек Құрманов марапатталса, «Тұрақты автор» аталымын өлкетанушы Шолпан Жақыпова, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Нескен Мәлікова, ақын, ардагер журналист Мұхамет-Қайыр Шәріпов, Әсет Пазылов, Айбат Ыдырысов, Бағзад Нұртайқызы, әріптесіміз Еламан Хасенұлы иеленді. Ал, «Үздік серіктес» аталымына Мейрам Нұғыманов, Майқайың орта мектебінің директоры Самал Мәжитова, Сұлужон мектебінің директоры Зарема Сәдуақасова ие болды. Ал, Татьяна Сливко «Үздік пошташы» атанды.

Газет ұжымының белді қызметкерлерінің бір парасы «Баянтау» газетінің жас тілшілерімен кездесті. Данияр Жұмаділ, Тілеуберді Сахаба, Алпысбай Хонж және бет қаттаушы Нұрлан Жанарбаев жас талапкерлерді өздерінің қауырт та қызықты жұмыстарымен таныстырып, мотивация берді. Жас таланттардың талабына мәз болысып, басқан қадамдарына сәттілік тілеп тарқасты.

«Сарыарқа самалы» қашанда халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы, қоғам өмірінің айнасы бола білді. Басылым осы жылдар ішінде ел өмірінде болып жатқан әрбір оқиғаға үн қосып отырды. Ата басылым талай тың тақырыпты қозғап, әр оқырманның жүрек түкпірінен орын ала білді. Оған дәлел, мәселеңді дөп басып, оның шешімін іздеуге талпынған мақалалар, жан-рахатын сыйлайтын әңгімелер, тарих қатпарларын ақтарған тағылымды ойлар... Осының барлығы оқырманын өзіне баурап, рухани сусындатады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ainalaiyn» қосымшасы жас талапкерлердің талантын ұштауға септігін тигізіп жүр. Бұл қосымшаға баянауылдық балғындардың да талай туындылары енгізілді. Басылымның тоқсан жылдық мерейтойында «Айналайын» фестивалінің қорытынды кеші Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатында өтті.

Өздері күнделікті газет бетінде қауышатын авторларымен оқушылар жүзбе-жүз кездесіп, қанаттанды. Аға-әпкелері сияқты мақала жазуға талпынған балалар олардың әр сөзін мұқият тыңдап, өздері де нар тұлға Қаныш Сәтбаевқа арналған жыр-шумақтарын тарту етті.

«Ainalaiyn» қосымшасына оқушылардың шығармашылығын ұйымдастырып, жасөспірімдерге бағыт бергені үшін мектеп-интернатының директоры Салтанат Досмағанбетова марапатталады. Сонымен қатар, қорытынды кеште Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің тәрбие ісінің меңгерушісі Ғалия Нағымжанова, Сұлужон мектебінің мұғалімі Шырынгүл Қалықова және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектептің мұғалімі Асқар Аюпов марапатталды.

«Сарыарқа самалы» – таным мен тағылымды дарытып, әр оқиғаға үн қосып, тарих беттерін парақтаудан бөлек, оқушылар шығармашылығын шыңдап жүрген байырғы басылым. Жас та, жасамыс та асыға күтетін басылым баршаның құлағы мен көзіне айналғалы қашан?! Баянауылдық жас өрендер де өздерінің тырнақалды туындыларымен осы басылым арқылы бөліседі. Фестивальдің қорытынды кешінде жас авторлар да марапатталып, тағы да жаза түсуге стимул алды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымшада мазмұнды мақалалар мен өлең-жырларын жолдап, шығармашылықпен айналысып келе жатқаны үшін Жылбек Ағаділов атындағы 6 «ә» сынып оқушысы Жаннұр Нұрланқызы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Арман Қабиден, Егіндібұлақ мектебінің 10-сынып оқушысы Карима Егінбай, Е.Бекмаханов атындағы мектептің 6-сынып оқушылары Диянира Тұрсынова, Ақбөпе Молдашева, Сұлужон орта мектебінің 4-сынып оқушысы Айтқали Жұмаділов, 3-сынып оқушысы Саян Ерсін марапатталды. Келген қонақтардың құрметіне мектеп оқушылары ән мен биден шашу шашып, өнерден құралақан еместігін көрсетті.

«Сарыарқа самалы» – аймақ жаршысы. Өмір көріністерін оқырманның көз алдына әкеліп, ақиқатты айқындауда талмай келеді. Сыры кетсе де сыны кетпеген басылымның берері әлі де мол. Ғибратты шығармалар мен құнды мақалалар әлі де талай оқырманның жан азығына айналары сөзсіз!

Мерейтойыңмен, «Сарыарқаның самалы»!

 

Әлия ТАУКЕНОВА.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы