Тарих тағылымы-Ұрпаққа ұлағат

Жарияланған: 02.11.2018


Елдігіміздің көрінісі біздің өткен тарихымыз. Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауында өркениетке қадам басқан Еліміздің төл мәдениетін насихаттауды баса айтқан болатын. Ал ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміз – бай тарихымыздың көрсеткіші.

Әр елдің өзі жасаған тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі болады. Тарих – ұлттың ұлт  болып  қалыптасуы негізіндегі жүріп өткен жолы. Бұл жолда ата-баба талай қиындықты, небір даму мен құлдырауды басынан өткерді. Кейінгі бабалардың осы күнге дейінгі елдікті сақтау мақсатында істеген көзсіз ерліктері ешқашанда ұрпақ жадынан шығарылмауы тиіс. Керісінше, жас өренді тәрбиелеудің көзі бола отырып, оларды рухтандыратын, жігерлендіретін, ұлттық намысын оятатын және патриоттық, ұлтжандылыққа баулуға тиіс.

2018 жылдың 26 қазанында «Рухани жаңғыру» Бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Қарағанды облысы, Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультеті Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Тарих тағылымы» атты мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында аймақтық  ғылыми  жобалар сайысы өткізілді. Сол сайыста ауданымыздың атын шарықтатып екі оқушымыз бірдей ғылыми жоба сайысынан жүлдемен оралды.

11-сынып оқушылары  Оразтай Мақсат І дәрежелі дипломмен, Хамит Қуандық ІІ дәрежеге ие болды. Жетекшісі Түсіпбаев Ерәділ Рымбайұлы

Бұл ғылыми жоба сайысында оқушыларымыз  «Сокралды археологиялық жерлер» бағыты бойынша, «Баянауыл жеріндегі жәдігерлер» тақырыбын зерттеп айтса, Оразтай Мақсат «Өлкенің табиғаты» бағыты бойынша, «ХХ ғасырдағы ғылымның дамуы, ғалымның хаты топырақтанушы, ауыл шаруашылығының докторы, педагог-ұстаз Нұғыман Ыбырайұлы Баяндин» тақырыбында жұмыс қорғады.  

Талантты оқушыларымыздың дарынын ашу ол әр  ұстаздың міндеті деп ойлаймын. Шәкірттерінің дарынын ашуда ерінбей еңбек етер ұстаздарымыз баршылық, соның ішінде атап өтер  ұстазымыз тарих пән мұғалімі, өлкетанушы, ҚР журналистер одағының мүшесі Түсіпбаев Ерәділ Рымбайұлы.

Қазіргі күнде осындай ғалым зиялы өкілдер арамызда санаулы. Сондықтан оларды зерттеу өскелең ұрпақтың борышы. Өткенді зерделесек, патриоттық сезіміміз де арта түсеріне сөз жоқ.

 

«Зейтін Ақышев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп» КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Тұмаргүл Сағатқызы Алдамжарова

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы