Әсеттің әсем әндері-ай

Жарияланған: 15.10.2018


Қазақ ән өнерінде есімі ерекше аталатын бірнеше тұлға бар. Олардың қалдырған асыл мұрасы ұлттық құндылықты ұлықтаудың үлгісі ретінде бүгінгі қазақ қоғамын алға ілгерілетіп келеді.

Сол қатарда сазгер Әсет Бейсеуовті ерекше атауға болады. Қазақ эстрадасына өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер иесінің сырлы саздары бүгінде тыңдарманның құлақ құрышын қандырып жүр. Бүгiнде қандай ән кешi болсын, мерекелi думанның көркiн, сөз жоқ, Әсеттiң әнi ашады.

Әсет Бейсеуовтiң әндерiн орындаған талай таланттың бағы жанып, өнердегi тұсауы сәтiмен кесiлiп жатты. Бар өнерін халқына арнаған сазгердің туғанына биыл 80 жыл толуда. Осыған орай 2018 жылдың қазан айының 12-сі күні Майқайың балалар өнер мектебінде «Әсеттің әсем әндері-ай» атты ата-аналар арасында ән байқауы өтті.  Байқауға барлығы  10 ата-ана қатысты.

Қатысушылар композитордың «Сырласу вальсі», «Алтыным», «Маралдым», «Армандастар», «Мұңайма» тағыда басқа әндерін нақышына келтіре орындады. Қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениеті аса назар аударды. Байқау нәтижесі бойынша «Ең жас әнші» номинациясына Аманова Наргиз, «Көрермен көзайымы» номинациясына Бахирган Сонар ие болды. Жүлделі ІІІ орын Саденова Алма, Мухтарова Ғазиза және Абсаттарова Махаббатқа, ІІ орын Мухсинова Айман мен Тұрсынбаева Жазираға, І орын Нурпеисова Нышангүл апаймызға, ал бас жүлде Толымхан Жиналғанға бұйырды. Аталмыш байқауға белсене қатысқан барлық ата-аналарға мектеп атынан алғысымызды білдіреміз. 



Ғалия Хабдраш
Майқайың кенті

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы