Сайлау процесін бақылау платформасы құрылды

Жарияланған: 14.05.2019


22 сәуір күні елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында сайлау процесін бақылау бойынша республикалық «Аманат» азаматтық-қоғамдық платформасының алғашқы мәжілісі өтті.

Құрамына қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен белсенді жастар енген азаматтық платформаның мақсаты – әділ әрі ашық сайлау өткізуге өз азаматтық үлесіңді қосу, өз таңдауыңды жасау.  

2 мамыр күні Павлодар қаласында «Аманат» платформасының тұсаукесері өткізілді. «Аманат» қоғамдық-азаматтық тобының Павлодар облысындағы төрайымы мен бас өкілі Алма Қозбаева БАҚ өкілдерімен кездесіп, елімізде алғаш рет құрылған институттың 5 бағытын айқындап берді.

1 бағыт. Сайлау алды даярлық.

Бұл бағыт сайлауға дейінгі процесті бақылайды. Қазақстанның әр азаматы сайлауға қатысып, өз тәуелсіз таңдауын жасауға құқылы. Ол үшін алдын-ала жағдай жасалып, уақтылы дайындық қажет.

2 бағыт. Дауыс берушілерді сайлау процесі бойынша ақпараттандыру.

«Аманат» бағыттарының ең негізгісі – сайлаушыларды құқықтық процедуралар бойынша құлақтандыру, сайлаудың уақыты мен кезеңдерін айқындау. Мәселен, Президенттікке үміткерлердің бағдарламаларын қалай, қай жерден табуға болатынын, егер азаматтардың сайлауға қатысты құқығы бұзылып жатса кімге барып шағым түсіре алатыны жайында тікелей және онлайн кеңестер, алғаш дауыс берушілерге арналған кеңестер бойынша да «Аманат» платформасынан көмек сұрауға болады.

3 бағыт. Әділдік пен ашықтық.                     

Қазақстанның әр аймағындағы сайлау бөлімшелерінде тәуелсіз мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, жедел ақпарат  алмасу желісі де құрылады. Заң бұзушылық фактілер орын алған жағдайда, орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, жергілікті атқарушы органдарга шағым түсіруге болады.   

4 бағыт. Ашық диалог.

Сарапшылар, журналистер, ғалымдар, жалпы бүкіл азаматтар арасында өзара ашық ақпаратпен алмасу. Тәуелсіз әрі еркін диалогтар жүргізу. Тікелей және онлайн пікірлермен бөлісу.

5 бағыт. Тепе-теңдік байланыс.

Бұл билік пен бұқара арасындағы тепе-теңдік байланыс. Бір-бірінің пікірін, таңдауын, принциптерін сыйлау. Бір-біріне сенім білдіру.  Сайлау процесінің өзекті проблемаларын ашық алаңға шығару және оларды уақтылы шешу. 

«Аманат» азаматтық-қоғамдық платформасы ұсыныстар мен пікірлер алаңы. Бұл  топқа енген әр азаматтың айтылатын ұсыныс-пікірлері мен ақыл-кеңесі маңызды. Сондай-ақ, «Аманат» Президенттікке үміткер азаматтардың ешбіріне нақты дауыс беруге үгіт-насихат жүргізбейді. Әркім өз таңдауын ашық әрі өз қалауынша жасайды. «Аманаттың» мақсаты – бабамыздан қалған азаттықты сақтай отыра, мемлекетте болып жатқан әр науқанға өз пікіріңді білдіріп, өз азаматтық ойыңды ашық айту.

Мамыр айында Павлодар қаласында «Аманаттың» республикалық көшбасшыларының жетекшілігімен оқыту-түсіндіру конференциясы өткізіледі. Әр ауданнан мобильді капитандар бекітіліп, өз аймағында сайлауға даярлық процесін бақылайды, сайлаушылармен тығыз байланыс орнатып, сайлау мен дауыс беруге қатысты  туындаған сұрақтарға жауап береді, сайлауға байланысты конституциялық құқықтар мен міндеттер туралы тікелей және онлайн кеңестер жүргізеді. «Аманат» азаматтық платформасының құрамына кәмелеттік жасқа толған Қазақстан Республикасының кез-келген ерікті азаматы кіре алады. Азаматтық міндетімізді «Аманатпен» атқарып, өз таңдауымызды бірге жасайық!

«Аманат» азаматтық платформасының облыстық штабы

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы