Әріптесіміз «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі»

Жарияланған: 04.07.2019


Бағзат Әбденованың есімі маған бала күнімнен таныс. Оқушы кезімде аудандық «Жеңіс» газетінің (қазіргі «Баянтау») әр нөміріндегі мақалалар соңында «Бағзат Әбденова» деген фамилия тұратын.

Журналистика саласында еңбек етіп жүрмесе де, Бағзат Нұртайқызы газет саласына адал болды. Ауыл тұрғындарының қиын өмірін өзінің басылымдарға жолдаған материалдарымен гүлдендіріп, еңбек адамдарының портретін жасай білді.

Бағзат Нұртайқызымен өз басым өмірде бір-екі рет қана кездестім. Бірақ аудандық, облыстық газеттерде жарияланып жатқан материалдары толассыз нөсер сияқты әсер қалдыратын. Сонысына қарап ол кісіге туа біткен журналист деп баға беруге болады.

Бағзат Нұртайқызының қаламынан туған мақалалар мен очерктерде оның сәл нәрседен қасиет байқағыштығы, бағалап, саралау қабілеті аңғарылады. Ол өзінің ауыл өмірінен жолдаған репортаждарымен талай буынның журналист болып өсіп шығуына ықпал ете білді. Және еңбегі үшін ешкімнен ақы мен марапат сұрамай, қарапайым жолмен қаламын ғана серік етіп келе жатқаны көз алдымызда.

Штаттан тыс тілші болса да, редакция құрамындағы қызметкерлерден кем еңбектенбеген, өңірдегі жаңалықтарды ешқашан назарынан тыс қалдырмаған Бағзат Нұртайқызы Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке лайық тұлға деп есептеймін.

Биыл Бағзад Нұртайқызының аудандық газетке алғашқы мақаласы жарияланғанына – 40 жыл толды. Әріптесіміз осынау мерейтойға орай байланыс және БАҚ қызметкерлері күнінде «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі» куәлігіне ие болды.

Құттықтаймыз!

Жанаргүл ҚАДЫРОВА ,

 «Отарқа» газетінің редакторы,

Қазақстан Журналистер одағының және

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ақын, журналист

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы