Qazaq g’ylymynyn’ atasy

Жарияланған: 13.04.2019


Қазақта сан қырлы адам көп болған. Солардың бірі – Сәтбаев. Ол геолог, ғалым, инженер, академик қана емес, қаламгер де болған. Биыл ұлы ғалымның туғанына – 120 жыл. Қаныщ – Баянауыл топырағының түлегі. Оның дүниеге келген сәтінен бастап, тұтас ғұмыры тұнып тұрған аңыз, тұлғасының өзі ерек. 

Қаныш Имантайұлы ғылымның бір-бірімен қабыспайтын әр саласынан терең хабардар болған. Білімдарлығымен, оқымыстылығымен, данышпандығымен тарихта қалған тұлға. Қаныш Сәтбаев – қазақ геологиясының қарлығашы, геология ғылымының атасы. Геологияның ғана емес, жалпы қазақ жерінде ғылым-білімнің өрістеуі, дамуы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.

Осындай күнге орай, Ж. Ағәділов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 5- 11-сынып оқушылары латын қарпінде «Қаныш Сәтбаев жайлы 15 қызықты дерек» атты диктант жазды. Жауапты болған мектебіміздің тіл мамандары: Жанар Хазизатовна, Сандуғаш Хазизатовна және Шакар Тойтыновна. Диктантты жазу барысында оқушылар Қаныш Сәтбаев туралы біраз мағлұматтар алды. Әрі қиын, әрі қызық өмір жолындағы ең маңызды деген деректермен танысты.

Бір замандарда шетелдіктерге қазақ Қаныштай болып елестегені шындық. Сәтбаевтың арқасында осы саладағы өз ғылымымызға өзіміз ие болып қалдық. Қаныштың кейінгіге қалдырған аманаты да осы болса керек. «Табиғи байлықты ақылмен пайдалану – елдің экономикалық және әлеуметтік дамуын айқындайды». Бұл Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөздері. Ғалымның салып кеткен сара жолын әрі қарай зерттеп, жер қазынасын ел игілігіне жұмсау - тек жастардың қолында.

Жас тілші,

Нескенова Амина,

Бірлік ауылы

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы