Пресс-релиз

Жарияланған: 14.09.2019


С.Торайғыров атындағы  аудандық мәдениет үйінде республикалық «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында  және өңірлер арасындағы мәдени рухани байланысты дамыту мақсатында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Сайлау Байбосын мен  ақын, сазгер, суретші, Ерейментау ауданында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаевтың «Ереймен -  Баян- егіз ел» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық кеште Сайлау Байбосынның  «Қазағым» толғауы, «Ерейменнің аруы», «Сен онда он жетіде» және Сайлау Жылқыбаевтың «Бөгенбей батыр», «Мен қазақтың қызымын», «Әке мен бала», «Ерейменім- сағынышым», «Біржан сал елінде»  сынды әсем әндерін баянауылдық  және ерейментаулық өнерпаздар, «Ереймен сазы» фольклорлық ансамблі  және «Думан» тобы орындап,  жиналған қауымның көңілінен шықты.

Сонымен қатар, Сайлау Жылқыбаевтың «Ұлы Далам» және Сайлау Байбосынның «Естелік» атты өлеңдерін ерейментаулық Қайыркелді Гүлзат оқыды.

Осы кеште Сайлау Жылқыбаевтың «Олжабай батыр» және Баянауыл өңіріне арнаған «Баянауыл» әні «Думан» тобының орындауында алғаш рет Баянауыл сахнасында орындалды.

Аудан әкімінің орынбасары Каримов Қанат Сарсенұлы, облыстық мәслихат депутаты Сартаев Орал Рахмашұлы және аудандық мәслихат депутаты Алтынбек Алдамжар Кәрібайұлы кеш қонақтарын  құттықтап, алдағы уақытта үлкен шығармашылық табыстарға жете берулеріне тілектестігін білдіріп, сый- сияпаттар сыйлады.

Кеш соңында арнайы келген ерейментаулық азаматтар Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Әлиғазыұлы Қайыргелдиновке және кештің өтуіне мұрындық болған баянауылдық азаматтарға Ерейментау ауданы әкімінің алғыс хаттары мен естелік тартуларын табыстады.

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы