Пресс-релиз

Жарияланған уақыты: 07.07.2019


Елорда күніне орай Баянауыл ауылындағы «Нұрбол» сауда үйінің екінші қабатында «Нұр бөбек» балалар орталығы ашылды. Орталықтың салтанатты лентасын аудан әкімінің орынбасары Сейітжан Жұмашев пен көп балалы ана Рымгүл Төкібаева кесті.

Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Сейітжан Жасұзақұлы: «Бұл орталықта ойнауға, демалуға, сабақ оқуға болады. Балалар үшін өте пайдалы жоба деп ойлаймын», - деп, мерекеге орай ұйымдастырылған іске сәттілік тіледі.

Балалар орталығы ауыл балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ұйымдастырылды. Орталыққа күн сайын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар ата-аналарымен келіп, демала алады. Бұнда олар түрлі шығармашылық үйірмесінде тәлім алады. Құммен сурет салу өнеріне машықтанады. Сонымен бірге, орталық баланың физикалық тұрғыдан шыңдалуына көмектесетін түрлі ойын құралдарымен жабдықталған.

«Өзім көп балалы анамын. Осы ойымның жүзеге асуына балаларымның әжесі мен әкесі Нұрбол сеп болды. Демеушілік танытты. Бұл бастамасы ғана. Аудан әкімдігінің қолдауымен жұмысымызды кеңейте түсеміз деп ойлаймын», - дейді орталықтың жеткешісі Айнұр Сапабекова.

Жазғы уақытта орталық балалардың көңіл көтеретін орны болса, оқу жылы басталғаннан кейін мектепке дейінгі дайындық, ағылшын тілі, математика сабақтарынан репетиторлық жасалатын болады. Алдағы уақытта ерекше қарауды қажет ететін балалармен жұмыс жасалмақ екен.

Тағы бір айта кетерлігі орталықта балалардың туған күн кештері және әртүрлі мерекелік шаралар ұйымдастыруға болады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы