Пресс-релиз

Жарияланған: 12.07.2019


«Баянтау, кенде емессің өнерліге,
өнері өрге жүзген кемелдіге»

Жүрсінбай Мұқаев

Өнер адамды, оның ішінде өнер адамын бір-ақ сәтте аспанға ұшырып, бір-ақ сәтте дүниенің төрт бұрышын аралағандай сезімдерге бөлейді. Осындай қуанышты, жұлдызды шақтарын Егемен Қазақстан елінің өркендеуіне арнаған халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты «Беу, жігіттер!» халық ансамблі болатын. Сонау 1986 жылдары алғашқы концерттерін Баянауылдың Ақши бөлімшесінен бастаған «Беу, жігіттердің!» әншіл дауысы 1991 жылы Эльбрустан бір-ақ шықты.

1987 жылы республикалық «Жастар дауысы» фестиваліне қатысып, бірінші орынды жеңіп алып, жігіттердің концерттік сапарлары шығамдап Солтүстік мұзды мұхитқа жетпіс шақырым қалғанда барып, елге оралды. Бұл өнер сапары – Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің шешімі мен Бүкілодақтық «Жас гвардияшылар» үгіт пойызының құрамында бүкіл Батыс Сібірдің Тюмень облысының газ және мұнай өндірушілерін үш апта бойы аралап концерт қойып қайтқан өнер сапары болатын.

Жалпы «Беу, жігіттер!» халық ансамблі құдай тағаланың қалауымен ұйымдасқан өнер тобы деп ойлаймын. Өйткені, әрбір өнерпаздың өзіндік ерекшелігі, өзіндік тума талантты үні бар азаматтар болатын.
Осындай құдайдың берген жанды дауысын бір арнаға құйып, жеке-жеке үндерге бөліп нотаға түсірген Жүрсінбай Мұқаевты өнер көгіндегі білгір сазгер, ақын, музыкант деп бағалаймын.

Биіктерден түсірмей шабытты үнін,
Жырға қосқан туған жердің кеңдігін.
Жүрсінбайдай сазгер-ақын болмаса,
«Беу, жігіттер!» болар ма еді, болмас па?

Барша жұрттың жүрегінде тербелген,
«Беу, жігіттер!» әні қалды «бебеулеп».
«Ақ сисаны» түрлендіріп, дауыспен,
Қайран Жүкең, өте шықты өмірден.

Белгісі көп кейбір өткен күндердің,
Сағынышпен сері көңілді жүдетпен.
Халықаралық фестивальден орын ап,
Келгендерің кеше ғана емес пе еді.

Толғандырып жүрегімді тербеген,
Жырларыма арқау еттім бүгін мен.
Беу, өнерпаз! «Беу, жігіттер!», жігіттер,
Өнердегі Баянауыл тарихы боп қалдың, Сен.

Қуандық Қалиев

Халқына рухани із қалдырған, болашаққа үлкен сеніммен қарайтын, бойына ұйымдастырушылық қабілет дарыған Қуандық Әбілқайырұлы өте білімді, ақжарқын, адамдардан ешқашан көмегін аямайтын сері көңілді азамат болатын.
Туған жері Баянауылда бір жыл ғана мәдениет бөлімінің басшысы болып қызмет жасап, «Беу, жігіттер!» ансамблін құрып, домбырашылар оркестрін жандандырып, Халық театрларының құрылуына атсалысқан өнерлі азамат болды. Қуандық Әбілқайырұлы ешқашан мойымайтын, қайта қиыншылық көрген сайын шыңдалып, өнерге деген құлшынысы арта түсетін.

Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры жанынан ашылған өнер студиясының классикалық ән айту бөлімін бітіріп, елге келіп, талай өнерпаздарды өрге сүйреген білгір ұстаз, өнер қайраткері, өнер жанашыры ұстазымыз болатын. Бұқар Жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде осы музейдің өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен әнші өнерпаз Қуандық Әбілқайырұлы Қалиев тірі болса, биыл 66 жасқа толар еді.

Амал не, осындай қазақ руханиятының жанашыры аяулы азаматтың өмірі келте болды. Қуандық Калиевтің атқарған еңбегі, жарқын бейнесі өнерсүйер көпшіліктің есінде қашанда сақталады.

Тұрсынбек Әбдіғалымов

«Беу, жігіттер!» халық ансамблінің алғашқы аккомпониаторы, баян аспабын еркін меңгерген дарынды өнерпаз болатын. Құдай берген кішіпейіл, ақжарқын мінезі өнерпаз жігіттердің ұйымдасып жүруіне көп көмегін тигізді. Үлкенді үлкен деп сыйлап, кішіге құрмет етіп тұратын аяулы азаматтың Баянауыл жерінде өмірден озуы сол кезде жанымызға қатты батты.

Тағдырдың маңдайға жазғанын көріп, аяулы жары Бибігүл артында жылап қалды. Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің ұстазы болып келіп, аудан мәдениетін көтеруге сүбелі үлес қосқан аяулы ақжарқын азаматымызды еске алу парызым деп ойлаймын.

Ех, бауырым!
Өнер көгін жарқыраттың Баянда.
Азамат ең, мінезге бай қашанда,
Жігіттердің әзіліне нұрланып,
Шуақ шашып тұрушы еді жүзің де.

Сағынышпен еске аламыз сол жылдардың кезеңін,
Өнер көгін биіктеткен шабытты бір кез еді.
Келте болды-ау келте болды-ау өмірің,
Тағдырыңды неге сонша қатал қылды Тәңірім?!
Құдайға да жақсы керек деген сөз,
Рас болды-ау! Рас болды-ау!
«О, Жаратқан, Тәңірім!»

Жамбы МӘШІМ,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет саласының үздігі.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы