Пресс-релиз

Жарияланған: 29.06.2019


    "Киелі Қазақстан. Сары-Арқа". Осындай атаумен республикалық салт атты экспедиция маусымның 26 күні киелі Мұса Шорман ауылына ат тұяғын тіреді. Атақты ғұлама ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туылған мекені - бұрынғы Теңдік ауылы алыстан келген қонақтарды қазақы дәстүрмен, қонақжай көңілмен қарсы алды. «Алыстан алты жасар бала келсе алпыстағы қария сәлем береді» емесі пе?!

      Баянауыл ауданының әкімі Қайыргелдинов Оразгелді Әліғазыұлы өзі де осы күні атқа қонып, саяхатшылардың алдынан шығып ауылға жол бастап келді. Мұнда Сәтпаев ауылдық округінің әкімі Әмиев Қалым Нағымтайұлы 12 қанат киіз үй ауласында халық дәстүріне сай, барлық қонақжай салтымен қарсы алуға әзір тұр еді. Ауылдың алты ауызы шырқалып, бала мен тай жарысқан сауық сайран басталып кетті.

     Мәдениет және спорт министрлігінің бастауымен, "Каzakh Tourism" ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен жүрген бұл экспедицияның басты мақсаты ұлтымыздың көне дәстүрлерін жаңғырту, атшылап саяхат құру салтын дәріптеу, сол арқылы ұлы қазақ елінің қасиетті де киелі мекендерін, сырға толы, тарихқа толы ұлан ғайыр даласын мадақтау. Экспедиция құрамына тек еліміз ғана емес шетелдік танымал блогерлер, тілшілер мен фототілшілер, кәсіби атбегілер мен басқа да сала мамандары енген.

      Атқарушылық жұмыстарын мойнына алған "QazaqGeography" республикалық қоғамы бастаған экспедиция 20-шы маусымда Елордадан бастау алып Бұйратау  жерлерін аралап өтіп осы күні Сәтпаев ауылдық округінің Мұса Шорман ауылына тоқтады.

Мұнда қазақтың маңдайнына біткен ұлы гелог – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың кіндік қаны тамған жері Айрық қыстағына барды, Имантай мен оның ата-бабаларына, соңынан тараған ұрпақтарына құран бағышталды. Одан бері былтырғы жылы ғана бой көтерген Мұса Шорманұлының кесенісін аралап көрді. Ал ауыл ішіне орала келе осындағы мәдениет үйінде және Қаныш Сәтпаев атындағы мектеп қабырғасында орналасқан музейлермен танысты.

     Қаныш Имантайұлының ғұмырдерегі мен өмір жолдары жайлы саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, осы күні аталмыш оқу ордасын басқарып отырған Мұзафаров Қайриден Нұхұлы тарихи деректерге сүйене отыра баяндады. Осылайша атағы әлемге мәлім Қаныш Сәтпаев елінің мекенімен танысып, қасиетті топырағынан тұяқ шалған салт аттылар келесі күннің таң сәрісінен жолға аттанып, сапарларын атақты Бұхар Жырау жеріне бағыттады.

     Күніне 50-60 шақырымдық жолды ат үстінде еңсеріп келе жатқан салт атты экспедиция ел танып, жер танып, көрген білгендерімен шартараппен бөлісіп, солайша Қазақстанның осынау ғажап мекендеріне туристерді тартуды басты мақсат еткен. "QazaqGeography" республикалық қоғамының экспедиция жөніндегі директоры Нұржан Алғашовтың айтуынша ағымдағы жыл ішіндегі алғашқы экспедицияны олар Баянауылда аяқтап, келесі сапарларын шілде айында Алматының таулы аймақтарында өткізбекші. 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы