Пресс-релиз

Жарияланған: 18.05.2019


Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайында академиктің 120 жылдығына және Халықаралық мұражайлар күніне орай «Түнгі мұражай» шарасы өтті. Қызығы мен қызуы басылмай тұрып, өзіңізге жедел ақпарат жеткізуге асықпыз, мәртебелі оқырман!
Шараның өтуіне аудандық ішкі саясат бөлімі, С.Торайғыров атындағы аудандық мәдениет үйі және мемориалдық мұражай мұрындық болды.
Қонақтарды "Беу, жігіттер!" халық ансамблі әсем әнмен қарсы алды!
Мұражай және ауылдық филиалдардың қызметкерлерінен құралған театр ұжымы көрермендер назарына академик өмірінің төрт кезеңінен сахналық қойылым ұсынды. Болашақ ғалымның есімін қою сәтінде, Имантай ақсақалдың рөлін – Баянауыл колледжінің оқытушысы Ернұр Жәкенов сомдады. Нәрестеге Ғабдул-Ғани деп азан шақырып ат қойған Құрмантай (Құрманбай) абыз рөлінде - Мұса мырза мешітінің ұстазы Бейбіт молда ойнайды.
Бұдан кейінгі кезекте бала Қанышты «Ашамайға отырғызу» тойы сахналанды. Қаныштың бала бейнесін – Ш.Айманов атындағы мектептің оқушысы Мейіржан Баршынбаев сомдады. Жас ғалым Қаныштың ұстазы М.А.Усовпен кездесуінде Ш.Айманов атындағы мектептің ұстазы Ержан Рахымтаев жас ғалымның бейнесін әсерлі бере алды. Театрландырылған қойылымдар Қаныш Имантайұлының 1949 жылы туған жеріне келу сәтімен қортындыланды. Ел ағасы жасына жеткен ғалымның рөлінде – Мұса Шорман ауылдық клубының директоры Болат Омаров ойнады. 
Қойылымдардың сценариін жазып, сахналаған – мұражайдың бас қор сақтаушысы Ерлан Зікіров. 
Бұдан кейін қонақтар түнгі музейге саяхат жасады. Мұражай экскурсаводы Әлия Кенжеболатқызы шара қонақтарын академиктің өмір жолымен және еңбегімен таныстырды. Бұдан бөлек ғалым жайлы кітаптардың көрмесі де көрерменге мол мағлұмат берді.
Музей қоғам мүшелеріне, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін ғылыми-мәдени және рухани мекеме болғандықтан, бүгінгі тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарының ұлттық сана сезімінің өршіл болып қалыптасуына және оларды отаншылдық рухта тәрбиелеуде атқаратын қызметтері зор. Музейдің негізгі жұмысы тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді, тарихи оқиғаларды насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты рухани, адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу. 
Шарада Баянауыл өңіріне белгілі өнер шеберлері әннен шашу шашып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы