Аудан әкімінің есептік кездесуі өтті

Жарияланған: 04.02.2020


Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің тұрғындар алдындағы қорытынды есептік кездесуі өтті. Есептік кездесуге Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысты.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», - деген болатын. Аудан басшысының баяндамасы осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталды.

 

Қорытынды жиынға дейін 13 ауылдық округте 51 есептік кездесу өтіп, барлығы 65 ұсыныс пен ескерту айтылған. Олардың ішінде, заман талабына сай қажеттілікті тудырып отырған интернет желісі және байланыс жүйесі бойынша – 7, сапалы таза ауыз су мәселесі бойынша – 6, жолдарды салу және жөндеу бойынша –  3, білім, мәдениет, денсаулық сақтау объектілерін салу және жөндеу бойынша – 10, көріктендіру, санитарлық және экологиялық жағдай бойынша – 9 және басқа сұрақтар бойынша – 29 мәселе көтерілген.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда барлық айтылған ескертулер мен ұсыныстар бойынша оларды іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленген.

 

Ауданда азаматтардың өзекті мәселелерін және өткір қоғамдық проблемаларын жедел шешуге көмек көрсетуді жүйелі жүзеге асыру үшін Баянауыл ауданында бірнеше қоғамдық ұйым құрылды. Аудандық Қоғамдық кеңес, «Ақсақалдар алқасы», «Фермерлер одағы», «Іскер әйелдер ассоциациясы» халық пен биілік арасындағы байланысты нығайтуға  атсалыспақ. Алдағы уақытта «Жастар кеңесі» мен «Кәсіпкерлер кеңесі» құрылмақ.

 

Аталған бірлестіктердің жұмысына жеке-жеке тоқталған Қанат Сәрсенұлы, олардың жергілікті әкімшілікпен тығыз байланыста болып, қоғамдық диалог орнату арқылы адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуға ықпал ететінін айтты.

 

Аудан басшысы жастар арасындағы басты проблема – жұмыссыздық екенін алға тартты. «Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 36 жас азамат тіркелген. Бұл – шешілмейтін мәселе емес. Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларды тиімді пайдаланамын деген жастарға кәсібін ашып, жұмыспен айналысуға мүмкіндік мол», - деді Қанат Сәрсенұлы.

Ауданда жыл бойы азаматтардың өзекті мәселелерін және өткір қоғамдық проблемаларын жедел шешу мақсатында тұрақты түрде қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Аптаның әр сейсенбісінде Баянауыл және өзге ауылдық округ тұрғындарымен, ал, әр сәрсенбі күні Майқайың кенті тұрғындарымен аудан әкімінің қоғамдық қабылдауы өтеді. Былтыр 86 қабылдау өткізіліп, 301 азамат өз мәселелерін ортаға салыпты. Атаулы әлеуметтік көмек алу, жер мәселесі және жұмысқа орналасу, тұрғын үй секілді мәселелерді арқау еткен 178 сұрақ түсіндірілген. Ал, 123 мәселе оң шешілген.

Қоғамдық қабылдаулар әлі де жалғасып, тұрғындар мәселесіне назар аударылатынын айтқан Қанат Сәрсенұлы: «Әр азаматтың жағдайын тыңдап, шешу жолдарын табу, тұрғындармен ашық диалог орнату – қоғамдық қабылдаулардың басты мақсаты», - деді.

 

Аудан әкімі өз баяндамасында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ерекше тоқталды. «Аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған 130 отбасында 1-ден 6 жасқа дейінгі 128 бала бар. Оларға үкімет тарапынан арнайы әлеуметтік пакет беріледі. Ол бойынша азық-түлік жиынтығы айына бір рет, тұрмыстық химия заттары тоқсанына бір рет беріледі. Әлеуметтік пакет әр балаға жеке-жеке ұсынылады», - деді ол.

 

Аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға көрсетілетін көмектің бір түрі – таза ауыз су құбырын үйге дейін тегін тартып беру. Аталған жұмыстар бойынша, аудандық әкімшілік пен мердігер «КазСтройСервис7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен арадағы келісім бойынша, 59 аз қамтамасыз етілген, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі және ауданның Құрметті азаматтарының үйлеріне су құбырын тегін тарту көзделген. Қазіргі уақытта 10 үйге су құбыры тегін енгізілді.

 

Қанат Сәрсенұлы өз баяндамасында аудан бойынша 22 көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасының тұрғын үй мәселесі шешілгенін айтты.

 

«Майқайың кенті мен Баянауыл ауылында көп балалы 12 отбасыға жалдамалы пәтер берілді. Көп балалы 1 отбасы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен аудан орталығында баспанаға ие болды. Көп балалы аз қамтылған 2 отбасыға Бірлік және Күркелі ауылынан жергілікті бюджет есебінен жалпы 6 млн. теңгеге тұрғын үй сатып алынды. Мемлекеттік «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 7 отбасы баспаналы болды», - деді ол. «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжаттар жинау биыл да жалғаспақ. Ауданда бағдарлама арқылы баспаналы болуға ниетті 50 отбасы өтініш берген екен.

 

Мемлекет тарапынан көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларға жүйелі қолдау көрсету мақсатында – ауданда балабақшалар мен шағын орталықтарға тегін қабылдау, төменгі сынып оқушыларын жаппай тегін ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылды.

 

Биылғы оқу жылында балабақшалар мен шағын орталықтарға 132 бала тегін қабылданыпты. Аудандағы 26 мектептегі 2804 оқушы тегін тамақтанады. Олардың ішінде, 1-4-сынып оқушыларының барлығы 100% қамтылған. Аудан басшысы бұл жұмыстар жалғасып, тегін тамақтанатын мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың саны артатынын баса айтты.

Аудан басшысы өз баяндамасында ауылдардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін – ауылдарды таза ауыз сумен қамту, сапалы жолдар салу және электр жарығымен қамту өте маңызды екенін айтып, жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 

Қазіргі уақытта Баянауыл және Ақсаң ауылдарының су құбыры қолданысқа берілді. Ал, биыл Бірлік, Жаңатілек, Құндыкөл ауылдарында су құбырын тарту жұмыстары жалғасып, Мұса Шорман, Торайғыр, Егіндібұлақ, Мәшһүр Жүсіп, Қаражар ауылдарында ауыз су құбырын тарту жұмыстары басталмақ.

 

Тозығы жеткен кешенді блог модульдерді жөндеп, шағын ауылдарда да ауыз су құбырын тарту жоспарлануда. «Айтылған жобалар іске асырылса, аудан халқының 90 проценті таза ауыз сумен қамтылады», - деді Қанат Сәрсенұлы.

 

Республикалық автожолдың бойындағы Майқайың кенті, Баянауыл, Құндыкөл, Қ.Сәтбаев ауылдық округтерінде жол мәселесі толығымен шешілгенін айтқан аудан басшысы, қазіргі уақытта Торайғыр, Ақсаң, Жаңажол ауылдық округтерінің жолдары жөнделетінін жеткізді.

 

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бірлік ауылына кіреберіс 7 шақырым автомобиль жолы орташа жөнделмек. Ал, Қарашат-Жаңатілек-Қаратомар автомобиль жолын жөндеу екі кезеңді қамтымақ. Сонымен бірге, Торайғыр ауылынан Сұлтанмахмұт Торайғыров мазарына дейін сапалы жол төселмек.

 

Аудандағы электр желісінің басты назарда екеніне тоқталған аудан басшысы «2019 жылы Александровка подстанциясынан Жасыбай демалыс аймағына дейін 14 шақырым қашықтыққа 35 кВт электр желісін тарту жұмыстары басталды. Осы жоба жоғары деңгейде атқарылғаннан кейін, Жасыбай демалыс орталығындағы 54 демалыс үйінің және Баянауылдағы электр желісі еш кедергісіз жұмыс жасайтын болады», - деді.

Аудан әкімінің баяндамасынан ұққанымыз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай бірнеше жоба жүзеге асырылмақ.

 

Ауданнан шыққан соғыс ардагерлерінің атындағы көшелерге – аудан орталығындағы Б.Хайдаров, Н.Баязитов, Х.Абылғазин, Р.Ізбастин көшелеріне және Майқайың кентіндегі В.Христенко көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жарық тартылмақ. Және де «Даңқ» орденінің толық иегерлері Василий Христенко мен Бақыт Хайдаровтың, аты аңызға айналған батыр Жылбек Ағаділевтің кеуде мүсіндері орнатылады.

 

«Өткен жылдың басында ауданда ресми тіркелген 45 жас кәсіпкер болатын. Содан бері олардың қатары 85 жас азаматпен толықты. Олар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 505 мың теңге өтеусіз грант алып, әр түрлі салада жеке кәсібін ашты», - деді Қанат Сәрсенұлы. Аудан басшысы жастарды туризм, халыққа қызмет көрсету бағытында өз істеріңізді ашуға, мемлекеттік бағдарлама арқылы білім алуға, қолжетімді мүмкіндікті пайдалануға шақырды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес. Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет», - деген болатын.

 

Ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған үлкен жобалардың бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданда өткен жылы үш ірі жоба жүзеге асырылды.

 

«Бірінші, аудан орталығындағы жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын 10 көшеге асфальт жамылғысы төселді. Екінші, Зейтін Ақышев атындағы №3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Білім ошағының есік-терезелері толығымен ауыстырылды. Үшінші, Баянауыл аудандық орталық аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жасалды. Ғимараттың төбесі, бірінші және үшінші қабаттары толығымен күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары биыл жалғасатын болады. Үш қабатқа өртке қарсы дабыл белгісі орнатылады және ғимараттың екінші қабаты мен сыртқы қасбеті толық жөнделеді», - деді аудан басшысы.

 

Негізгі және қанаттас елді мекендердің дамуына бағытталған үш жылдық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде биыл Майқайың кентінде ауқымды істер атқару жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Майқайың кентінің көше жолдарына асфальт жамылғысы төселеді, кенттегі орталық «Металлург» стадионына күрделі жөндеу жасалады. Сонымен бірге, биыл Қаратомар ауылдық клубына күрделі жөндеу жасалады.

 

Ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруда ауылдық клубтардың маңызы зор. Сондықтан мәдениет үйлері ерекше назар аударуды талап етеді. Осы мақсатта, Ж.Аймауытов, Қ.Сәтбаев ауылдық мәдениет үйлері және авариялық жағдайдағы Ақши ауылындағы клубты күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттар дайындап, қаражат бөлу жұмысы қарастырылуда екен.

Білім беру саласын басты назарға алған аудан басшысы М.Ж.Көпеев атындағы мектептің ішкі жылу жүйесіне, С.Торайғыров және Б.Хайдаров атындағы және Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын айтты.

 

Аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласына баса мән беру қажет екенін тілге тиек етті. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен ауданда 30 шаруақожалық айналысады. Оның ішінде ең ірі 10 қожалық герефорд, қазақтың ақбас сиыры, жабы жылқысы, қазақтың құйрықты қойы шаруашылығын дамытуда. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласының басты талабы – малды тұқымдық түрлендіру болып табылады. 804 бас асыл тұқымды бұқа мен 17 483 бас аналық сиыр және 209 бас асылтұқымды қошқар мен 7 232 бас саулық қой тұқымдық түрлендіруге қатысты», - деді ол.

 

Баянауыл ауданы еліміздегі ең үздік 10 туристік аймақ қатарына енгенін мақтан тұтамыз. Демалушылар мен туристердің сапалы демалысын қамтамасыз етуде курорттық аймақта 54 демалыс нысаны жұмыс жасайды. Павлодар қаласынан, сондай-ақ Қарағанды қаласы бағытынан Баянауыл курортық аймағына дейінгі жол  инфрақұрылымы сапасының жоғарылауына байланысты,  биыл туристер саны 250 мыңнан асты. Бұның барлығы, әрине, көңіл қуантады. Бірақ. Бірақ деп айтар тұсымыз да жоқ емес. Жасыбай демалыс аймағына кәріз жүйесінің ауадай  қажет екені бірнеше мәрте айтылды. Осы мәселе толығымен шешілсе, үздік үштік қатарынан көрінеріміз сөзсіз.

 

Мырзашоқы тау шаңғы базасы биыл өз жұмысын қарқынды жалғады. Қысқы маусым ашылғалы бері 3 мыңнан астам туристке қызмет көрсетілді. Осындай көрсеткіштерге тоқталған аудан басшысы туризм саласын дамыту бойынша алға қойылған бірнеше мақсатты санамалап берді. «Қоңыр әулие үңгіріне кіреберіс автожолға жөндеу жұмыстарын жүргізу, Сабындыкөл жағасына жыл бойы жұмыс жасайтын екі демалыс үйін салу, Торайғыр ауылында қонақ үй мен мейрамхана құрылысын жүргізу, жол бойындағы қызмет көрсету қызметін жандандыру қажет», - деді аудан басшысы.

Аудан әкімі Қанат Кәрімов өз баяндамасын: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, жүзеге асырар ауқымды істеріміз береке-бірлікпен атқарылады деп сенемін», - деп аяқтады.

 

МӘСЕЛЕЛЕРДІ БІРЛЕСІП ШЕШУ ҚАЖЕТ

 

Аудан әкімінің есептік баяндамасынан кейін сөз алған облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов «Баянауыл өлкесі қазақтың сүйікті әрі киелі жері. Бала кездегі демалыстарымды өткізген жерге қайта келгеніме қуаныштымын», - дей келе жерлес ақын Қалижан Бекхожиннің Баянауылға арнаған бір шумақ өлеңін оқып берді.

 

Әбілқайыр Бақтыбайұлы Баянауыл ауданын дамыту мақсатында бірнеше бағыт бойынша, нақты тапсырмаларын берді:

«Біріншіден, бөлінген қаражатты тиімді және мақсатты пайдалану, жұмыстарды сапалы орындауды қамтамасыз етіп, жауапкершілікті арттыру қажет.

 

Екіншіден, биыл Баянауыл ауданында жеке инвестиция көлемі төмендеуі мүмкін. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Уақыт талаптарына сай Баянауылдың туристік кластерін белсенді дамыту үшін бизнеске жағдай жасап, инвестор тартуды тапсырамын. Сондықтан Баянауылдың курорттық потенциалы мен қасиеті ашылуы қажет.

 

Үшіншіден, жол бойындағы сервис желісін дамыту керек. Мырзашоқыдағы қысқы туризмге қызығушылық артуда. Инфрақұрылымды дамытып, туристерді тарту бойынша пиар-компания өткізіп, демалыс үйлерінің жұмысын ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ жол қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, демалыс үйлерінен Мырзашоқыға тасымалдау ұйымдастыруды тапсырамын.

 

Төртінші, агроөнеркәсіп кешен саласында маңызды мәселелер бар. Бұл ауылшаруашылығы мақсатында жерлерді тиімді пайдалануды қайта өндеу желісін кеңейту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Осы салада Баянауыл ауданының мүмкіндігі жоғары. Сондықтан оларды тиімді қолдануды тапсырамын.

 

Әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аудару қажет. Білім беру, денсаулық сақтау, атаулы әлеуметтік көмек төлеу, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасын негізсіз көтеру күн сайын аудан әкімдігінің бақылауында болу керек.

 

Халық арасында профилактикалық жұмысты күшейту, скринигтерді жүргізу, балалардың денсаулығына ерекше назар аудару қажет.

Суларды тазартқыш және тұрмыстық қалдықтар полигонының, Жасыбай аймағында орталық су құбыры проблемасының барын білемін.

Әрине, бұл қымбат жобалар. Бірақ бұл мәселені бірлесіп шешу қажет», - деді облыс басшысы.

 

Жиында Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Мұрат Рахметов осыған дейінгі атқарып кеткен істері үшін Оразгелді Қайыргелдинов пен Болат Бақауовқа алғыс білдірді. Сонымен  бірге жаңа қызметіне жеміс тілей отыра су тартылмаған 134 ауланың ауыз сумен қамтылуын шешуді және кәріз жүйесіне ерекше көңіл бөлуді сұрады. Жасыбай демалыс аймағында санитарлық тазалықты сақтауды ұсынды. Бұл мәселелерді облыс әкімі қадағалайтынын жеткізді.

 

Жиын соңында бірнеше сұрақ қойылды. Баянауыл ауылының тұрғыны Алма Әмірова көтерген көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың мәселесі мен Сұлужон ауылының тұрғыны, Қадет Құрманбайұлының «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасымен Оңтүстік өңірлерден көшіп келген азаматтардың тұрғын үй мәселесі назарда ұсталатын болады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы