Пресс-релиз

Жарияланған: 23.01.2020


Аудан әкімі Қанат Кәрімовтың аудан тұрғындары алдында есептік кездесулері Қызылтау, Ақсаң, Күркелі ауылдық округтерінде жалғасты.  

Алғашқы жиын Ж.Аймауытов ауылында өтті.

Округ әкімі Руслан Мұқашев өткен жылы атқарылған жұмыстарға есеп беріп, 2020 жылы жүзеге аспақ жұмыстарды таныстырды. «Ауылішілік 5 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жасау, Ж.Аймауытов ауылындағы су құбырына күрделі жөндеу жүргізу, ауылдық клубқа күрделі жөндеу жасау және Лекер қажы ауылында қысқартылған су құбырының құрылысын жүргізу – биылғы жұмыс жоспарына енді», - деді округ әкімі.

Ал, аудан әкімі Қ.Кәрімов өз баяндамасында, әдеттегідей, билік пен бұқара арасын байланыстырады, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асырады, жұмыстарды жаңартады, жаңғыртады деген мақсатта құрылған қоғамдық бірлестіктер жұмысымен таныстырды. Сонымен бірге, ауылдық округ тұрғындарынан мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз кәсіптерін дөңгелетуді сұрады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. ...Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. ...Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. ...Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр», - деген болатын.

Осыған орай округтегі шаруақожалық иелеріне ақпараттық насихат жүргізген аудан басшысы сәуір айынан бастап өз иеліктеріндегі жерлерді мақсатты пайдалануға шақырды. «Округте 69 шаруа қожалық тіркелген. Бірақ, оның 26-сы шаруашылық жері болғанымен, малын ауыл ішінде ұстап отыр. Заң бойынша, қожалық меншігіндегі жерді мақсатты түрде пайдалануы керек. Ауылдың аумағындағы жер – қоғамдық пайдаланудағы жер болып табылады. Округ аумағында 3 шаруақожалықтың алған жерінде не мал ұстамай, не шаруашылық жүргізбей отыр», - деді аудан басшысы. Егер шаруа қожалықтар өз жұмысын жүйелі жүргізер болса, қосымша жұмыс күші қажет болады. Солайша, жұмыссыздық мәселесі өзінен-өзі оң шешімін табатынын алға тартты, аудан әкімі.

Қанат Сәрсенұлы бос тұрған ғимараттарды пайдалану керектігін де айтты. Бұған дейін, округ тұрғындарынан бос тұрған ғимаратты қоғамдық монша ретінде пайдаланғысы келетіні жөнінде өтініш түскен. Бірақ, аудан әкімдігі ол ғимаратты сатып алып беруге құзіретсіз. Себебі ол ғимарат бос тұрса да, жекеменшік иелікте. Ғимарат иесі бос тұрған ғимаратты мемлекет меншігіне берсе ғана, сондай ымыраластық танытылғанда ғана жұмыс ілгерілейтін болады.

Есептік кездесуде Лекер қажы ауылында ауыз су құбырын тарту жұмыстары жайлы, жайылым жерлерге шаруашылық жүргізу табиғи жағдайға байланысты мүмкін еместігі және қыстақ-жайлауға жарық тарту мәселесі, Ақши ауылындағы интернет желісі жайлы сұрақтар көтерілді. Аталған мәселелер бойынша нақты жұмыстар атқарылып, өз шешімін табатын болады. Жиында көтерілген тағы бір мәселе, ауыл мешітінің жағдайына байланысты болды. жауап ретінде, мешітке жөндеу жасау және имаи жалақысы демеушілер есебінен жүзеге асырылатыны айтылды.

Жиында округтегі мал ұрлығы да назардан тыс қалмады. Бұл туралы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Фархат Рахимов айтты. «Былтыр ауданда 19 қылмыс тіркеліп, 15-і ашылды. Ал, Қызылтау ауылдық округінде орын алған 2 ірі қылмысты ашу жұмыстары жүргізілуде. Біз міндетті түрде қылмыскерлерді тауып, жазаға тартатын боламыз. Мал ұрлығына қарсы күресте – ауыл тұрғындарының малдарына жауапкершілікпен қарау керек», - деді ол.

Аудан әкімінің есептік кездесуі Ақсаң ауылында жалғасты. Кездесу ауылдық округ әкімі Кенжебек Дүйсенбаевтың 2019 жылы атқарылған жұмыстары туралы есептік баяндамасымен басталды. Баяндамада ауылдағы жұмыссыздықты азайту бағытында жасалып жатқан жұмыстар кеңірек баяндалды. Былтыр округтің 48 азаматы тұрақты, маусымдық, уақыша жұмысқа тартылған. Аудандағы қысқы туризмнің негізгі орталығы – Мырзашоқы тау шаңғы базасына 10 маман тұрақты жұмысқа орналасқан. Олардың ішінде Екібастұз қаласындағы арнайы орталықтан қысқа мерзімді оқуды 10 адам оқыпты. Олардың 3-еуі оқуын аяқтап, жұмысқа кіріскен. Кенжебек Дүсенбайұлы Қаражар мектебіне жеке от қазандығы қажет екенін де айтты.

Аудан әкімі Қанат Кәрімов өзекті мәселелерді шешу үшін қоғаммен бірлесе жұмыс жасайтынын айта келіп, халық үніне құлақ асатынын жеткізді. «Мемлекеттік қызметкерлар жұмысына қоғамның сұрауы болса, жауапкершілік күшейтеді деп ойлаймын», - деді аудан басшысы.

Округ әкімі де, аудан әкімі де кең жол ашты интернет желісі және байланыс жүйесінің округтегі өзекті мәселе екенін баса айтты.

Жиында, Қанат Сәрсенұлы өзге де мәселелерге назар аударып, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлеріне тоқталды. «Биыл республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылмайды. Оның орнына үкімет тарапынан аз қамтамысыз етілген, көп балалы отбасыларда тәрбиеленіп отырған 6-17 жасар барлық балаға бірдей құрал-жабдық, киім-кешек, оқу құралдары беріледі. Ал, бұндай қолдауға мұқтаж отбасыны атаулы әлеуметтік көмек бойынша құрылған жергілікті комиссия анықтайды», - деді.

Аудан басшысының айтуынша, Ақсаң ауылдық округіне ауыз су құбыры тартылып жатқандықтан жаңа жұмыс орындары пайда болды. Мырзашоқы тау-шаңғы базасында да туристерге қызмет көрсету сапасын жақсартып, тұрақты жұмыс орындарын ашуға болады. Шаңғы базасы маңынан кәсіп ашамын деген азаматтарға қолдау көрсетіледі.

Округте жерлерін мақсатты пайдаланбай отырған 9 шаруа қожалық бар екен. Аудан басшысы шаруашылық иелерін өз иелігіндегі жерлерді дұрыс пайдалануға шақырды.

Жиында тұрғындар тарапынан электр желілерінің сапасы сын көтермейтіні айтылды. Қанат Кәрімов бұл мәселеге қатысты: «Ауыл – ел бесігі» жобасы үш жыл бойы жүргізіледі. Былтыр аудан орталығында жұмыстар жасалды. Биыл Майқайың кентіне көңіл бөлінбек. Келер жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы және Баянауыл аудандық электр желілер жүйесінің қолдауымен ауданның электр желілерін толық жөндеу жоспарлануда», - десе, электр желілері жүйесінің бастығы Төлеген Сүлейменов: «Ақсаң ауылдық округіндегі 54 шақырым электр желісіне ағымдағы жөндеу жоспарлануда», деді.

Жиын Ж.Шанин ауылында түінделді. Есептік кездесуде аудан әкімі Күркелі ауылдық округінен 13 азаматтың жеке кәсібін ашу үшін 505 000 теңге грант алғанын атап өтті. Және биыл грант көлемі 25 000 теңгеге өскенін де жеткізді.

Кездесуде айтылғандай, 2021 жылы Ж.Шанин ауылына ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізіледі. Ал, Шоманкөл мен Жарылғап ауылдарына ауыз су мұнарасы қойылатын болады. Солайша, округтегі таза ауыз су мәселесі толығымен шешіледі.

Аудан басшысы округтегі 41 шаруақожалықтың ауыл ішінде мал ұстайтынын айтып, сәуір айынан бастап, өз жерлеріне көшуі керек екенін де атап өтті.

Жиында ауыл мәселесі көп көтерілді. Ауыл тұрғыны Ерсін Бакиров Ж.Шанин ауылына дейінгі жолды жөндеу керектігі айтса, зейнеткер Балғабай Түсіпбаев ауылдық мәдениет үйіне Жарылғапберді Жұмабайұлының есімін беруді ұсынды. Ал, Данияр Айтмағамбетов ауыл жастары атынан аудандық спортакиадаларға қатысатын ауыл жастарына қолдау болса деген өтінішін жеткізді. Теміртай Әбиев болса, былтырғы дала өрттері салдарынан жайылым жерлердің көбі жанып кеткенін айта келе, тілсіз жаумен күресте белсенділік танытқан ұлттық парк қызметкерлеріне алғыс білдірді. «Біз өртке қарсы қимылдауға дайын емеспіз. Сол себепті, ауылымызға шағын болса да өрт сөндіргіш техника керек»,- деді. Бұл мәселеге қатысты, аудан басшысы: «Өртке қарсы ауылдық округ жанынан өртсөндірушілердің ерікті жасағы жұмыс жасайды. Аталған жасақ жұмысын жүйелі жүргізуіміз керек», - деді. Сонымен бірге, тұрғындар ауылда бос тұрған қос қабатты ескі ғимараттың бірінші қабатын жаттығу залы, екінші қабатын тойхана ретінде пайдалануды ұсынды. Қанат Кәрімов болмса, мәселенің шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

Аудан әкімі есептік кездесулерден кейін әр ауылда тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы