Пресс-релиз

Жарияланған: 15.01.2020


«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы мен «QazaqGeographe» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Киелі Қазақстан» салт атты экспедициясы кезекті сапары барысында академик Қаныш Сәтбаев ауылына арнайы келді. Экспедиция Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» тармағы шеңберінде өтті.

Халқымыздың аса қадірлі салты – атқа міну дәстүрін дәріптеу – «Киелі Қазақстан» республикалық салт атты экспедициясының басты мақсаты.

Екі күнге жалғасқан атты сапардың кешегі алғашқы күні – Қаныш Сәтбаев ауылы мен Бұхар жырау Қалқаманұлы кесенесі арасын жалғады. Құрамында еліміздің әр түкпірінен жиналған кәсіпқой шабандоздар, атбегілер, құсбегілер және кәсіпкерлер, танымал блогерлер мен журналистер, сонымен бірге Қ.Сәтбаев ауылының азаматтары бар экспедиция бір күнде 25 шақырым жолды жүріп өтіп, Көмекей әулие рухына құран бағыштады. Ал, екінші күні, яғни бүгін экспедиция мүшелері Қ.Сәтбаев ауылында мектеп оқушылары мен ауыл жастары арасында ұлттық ат спорты ойындарын ұйымдастырды. Шарада Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов қатысты.

«Атқа міну мәдениеті – қазақ халқының қанына сіңген, өмірлік серігіне айналған үрдіс. «Киелі Қазақстан» салт аттылар экспедициясы жасөспірімдер арасында ұлттық ат спортын насихаттап келеді. Халқымыздың ұлы дәстүрі, үлкен өнері күннен күнге, жылдын жылға дами түседі деп ойлаймын», - деді аудан басшысы.

Бұдан кейін сөз кезегін алған «Бәйгелі Баянаула» ұлттық ат спорты қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Жабай Мұсабаев осынау бастаманың қазақ халқы үшін өте қажетті жігерлі, рухты бастама екенін атап өтті.

Жиында құрметті қонақтар атынан сөз алған «Арғымақ.kz» cайтының жетекшісі, Қазақстан Республикасының ақпараттық және коммуникациялық министрлігі «Казконтент» Акционерлік Қоғамының бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының журналисті Ержан Жаубай мен «Ұлы Дала қырандары» республикалық қозғалысы «Жас қырандар» жастар қанатының жетекшісі, Целиноград ауданы әкімдігінің баспасөз-хатшысы, журналист Дидар Оралбекұлы қазақ даласында қалыптасқан атқа міну мәдениеті туралы, ұлы далада алғаш қолға үйретілген жылқылар жайлы тарихи деректермен бөлісті.

Мәртебелі меймандар экспедиция барысында ұлттық құндылықтарды насихаттап, қазақтың ұлттық ат спортының дамуына өзіндік үлесін қосқаны үшін Қ.Сәтбаев ауылының жас шабандоздарына «Ат-TRAVEL» клубының Алғыс хатын табыстады.

Салтанатты ашылу соңында Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Жақтай қажы Әдешов жас шабандоздарға батасын берді. Спорттық жарыстар экспедиция мүшелері мен ауыл балаларының атты шеруімен басталды.

Бұл күні ат спортын серік еткен жасөспірімдер мен жастар жабағы жарысы мен теңге алу сайыстарында бақ сынады.

Жиырмаға тарта жабағы арасында жүйрік екенін дәлелдеп, жанкүйердің делебесін қоздырған Жарас Қанаттың жабағысы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Ал, Бүркіт Қалидің жабағысы мәреге екінші болып жетсе, Дамир Мәуленнің жабағысы мәреден үшінші болып өтті.

Алты жасар Аслан Дүйсенбек – жабағы жарыста бақ сынаған ең жас шабандоз болып танылды. Айта кету керек, жүлдегер шабандоздардың барлығы – Шадыра мектебінің оқушылары. Жүлдегерлер мен барлық қатысушы оқушылар «Ат-TRAVEL» клубының ақшалай сыйлығына ие болды.

Ал, ересектер арасында өткен теңге алу сайысында Қ.Сәтбаев ауылының шабандозы Абдрахман Серікбай ептілігі мен өжеттігін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Ж.Шанин ауылының ардагер шабандозы Бақытжан Жүнісов әлі де бабында екенін дәлелдеп, екінші орынға ие болды. Ал, үздік үштікті академик ауылының тағы бір шабандозы Тілеулес Бейсекеев түйіндеді.

Сонымен бірге, ұлттық спорт жанкүйерлері бүркітшілер мен асау үйретушілер өнеріне куә болды. Шара соңында «Киелі Қазақстан» республикалық салт атты экспедициясының ұйымдастырылуына ұйытқы болған, «Ат-TRAVEL» клубының негізін қалаушы Берік Ақылбеков пен Аққулы ауданындағы «Алтай» шаруақожалығының басшысы, «Ат-TRAVEL» клубының мүшесі Сәтбек Мукин Баянаула өңірінде атты экспедиция ұйымдастырып, атқа міну мәдениетін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға қосқан үлесі үшін Баянауыл ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы