Пресс-релиз

Жарияланған: 18.12.2019


Баянауыл ауданы, Қаражар ауылындағы Мырзашоқы тауының баурайында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру мақсатында құсбегілердің облыстық ашық турнирі өтті.

Турнирде Ақмола, Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар облыстарының, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Ақсу қалаларының және Баянауыл ауданының 21 бүркітшісі бақ сынады. Турнирге белгілі құсбегілер Иманзайып Тасыбаев пен Бекболыт Ысқақов төрешілік етті.

Турнир «Құстың бабы», «Қолға шақыру», «Еркін ұшыру», «Шырғаға салу», «Қоянға салу» сынды кезеңдерден тұрды және барлық қатысушылардың ұлттық киім киюі талап етілді.
Тартысты турнирде тоғыз бірдей құстың бабы мен бағы қатар келіп, ұпай сандары тең түсті. Төрешілер шешімі бойынша бүркіттер шешуші кезеңде қайтадан «Қолға шақыруда» сыналды. Бұл кезеңде ең ұшқыр бүркіттер жеңімпаз атанды.

Жарыс қорытындысында Атырау облысы, Балықшы ауданынан келген құсбегі Арман Қошқаров жеңімпаз атанды. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының құсбегісі Қуаныш Исабеков екінші орынға иелік етті. Ал, тағы бір атыраулық құсбегі Сармат Абдулкәрім үздік үштікті түйіндеді.
Сонымен қатар, құмай тазылар көрмесі ұйымдастырылды.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы