Пресс-релиз

Жарияланған: 07.11.2019


2019 жылдың қараша айының 2-3 аралығында Шырайлы Шымкентте V халықаралық «ДАРЫН» байқау-фестивалі өтті. Байқауға көршілес елдерден талантты өнерпаздар қатысып, 1000-ға жуық қатысушыны қамтыды. Майқайың балалар өнер мектебінің өрендері өз ептіліктері мен мықтылықтарын танытты. Шымкент қалаларынан жиналған қатысушылар арасынан оқушыларымыз шыдамдылық пен жігерлік танытып, үлкен еңбектерінің арқасында көп арасынан ерекше көрініп, әділқазылар алқасының ерекше көңілдерінен шыға білді.

Нәтижесінде мектеп оқушылары талантымен танылып, дарынымен дараланып жүлделі орындарға қол жеткізді. Би қимылымен  тілсіз өнер байлығын паш еткен әр елдің дарабоз бишілері ішінен көшбасшы бас жүлдені Майқайыңдық «Айналайын» үлгілі би ұжымына берсе, фортепано номинациясы бойынша фортепиано бөлімінің өнерпаздары  Қабдолла Аяулым мен Орал Маржан екінші орынға лайық деп танылды.

Би тобының сахна мәдениеті мен әрбір қимыл-қозғалысы, музыка ырғағымен байланысы мен өз мемлекетінің ұлттық нақышын бейнелейтін киім үлгісі қазылар алқасының назарынан тыс қалмады. Дода барысындағы егжей-тегжейлі зерделеу мен би тактикасының сәттілікпен орындау шеберлігін сараптау,  кіл мықтылардың айрықша сипаттары мен өнер әлеміндегі биіктіктерін аңғартты.  

Халықаралық, республикалық би байқауларында жеңіс тұғырынан көрініп, өлкенің өміршең өнерін насихаттап жүрген  би ұжымы бұл сайыста да қазақтың ұлттық өнерін паш етті.Жас пианистер Қабдолла Аяулым мен Орал Маржанның бұл тек алғашқы жеңісі емес. Өткен жылы Екібастұз қаласында өткен аймақтық «Жұлдыз бастауы» байқауында І орынға ие болды. Оқушылардың жетекшісі Абенова Роза Шамкенқызы Майқайың балалар өнер мектебінің түлегі, жас маман кезінен қазіргі уақытқа дейін үздіксіз қызмет атқарып келеді.

Байқау жеңімпаздары кубоктармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мектебіміздің өнерпаздарын  Екібастұз темір жол вокзалынан ата-аналары мен жанкүйерлері күтіп алды.  Оқушыларға қолдау білдірген ата-аналар қауымына, жетекшілері мектеп басшысы Батталова Әлия Әбікенқызы, фортепиано бөлімінің ұстазы Абенова Роза Шамкенқызы, хореография бөлімінің ұстаздары Разумов Николай Васильевичқа, Сухова Анастасия Олеговнаға шексіз алғысымызды білдіреміз.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы