ПАВЛОДАРДА ҮЗДІК ӨНДІРУШІЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Жарияланған: 24.07.2018


«Қазақстанның үздік тауары–2018» өңірлік көрме-байқауының қорытындысы шығарылды

Байқауға 50 өндіруші өнімдерін ұсынды. Балаларға арналған киім, дәнекерлейтін электродтар, томат, қолдан жасалған әшекейлер, жартылай фабрикаттар, жиһаз, сүт өнімдері, ұлттық бұйымдар секілді әртүрлі заттар қойылған.

Сарапшылық комиссияның дауыс беру қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымын «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Evo Oil» ЖШС және «Темірмаш Павлодар зауыты» ЖШС иеленді.

«Халыққа арналған үздік тауар» аталымында «Три Кота Ж» ЖШС, «Altyn Design» ЖШС, «Манго Т ПВ» ЖШС үздік деп танылды.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «Greenhouse KZ», «Айсберг ПВ», «Павлодармолоко» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің өнімдері көпшілік көңілінен шығып, жеңімпаз атанды.

Үздік атағына ие болған өндірушілерге Павлодар облысы әкімінің орынбасары Жайық Шарабасов пен Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арынов арнайы диплом табыстады.

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары республикалық кезеңде Астана қаласында өтетін байқауға қатысады. Республикалық деңгейде жеңімпаз атанғандар байқау белгісін өз өнімінің жарнамасында 4 жыл бойы пайдалана алады.

Жеңімпаздарды анықтауда өнімнің бәсекелік қабілеті, экспорттағы үлесі, өндіріс көлемі, тұтынушылардың пікірі, қолданылатын инновация, өнімдегі жергілікті қамту үлесі, сапа менеджментінің сертификатталған жүйесі секілді жайттар ескеріледі.

Жыл сайын сапа байқауына қатысушылар заманауи жетістіктерін таныстырып, жоғары деңгейде екендіктерін растайды. Сондықтан «Алтын Сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысуға ниетті кәсіпкерлер қатары артып келеді. Өндірушілер бәсекеге қабілетті өнім шығара алатындықтарын дәлелдеуге ынталы.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы