Палуандар белдесуі

Жарияланған: 25.12.2018


Азды-көпті өмірінде елі мен жеріне адал қызмет жасаған адам көзден кетке де, көңілден өшпейді. Қазақстанда кезінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты болған Кемер Әшімбетовті білмейтін жұрт аз. Көзінің тірісінде Павлодар облысында аграрлық сектордың дамуына айрықша үлес қосып, ауыл шаруашылығына тың жаңалықтар енгізді. Ол кісінің есімі, әсіресе, Солтүстік Қазақстан меринос қойларының жаңа тұқымын өндіруші ретінде тарихта қалды. Ондай асыл азаматтарды ұрпақтары, замандастары жиі еске алып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етеді. 

Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов бастаған ұлдары жыл сайын қазақ күресінен Кемер Әшімбетовті еске алуға арналған республикалық турнирін ұйымдастырады. Игі дәстүрге айналған байрақты бәсеке биыл да жалғасын тапты.

2018 жылы 21-23 желтоқсан күндері Красноармейка ауылында өткен боз кілем шеберлерінің белдесуіне еліміздің бірқатар облысынан 100-ден астам палуан келді.

— Күрес десе делебесі қозбайтын қазақ баласы жоқ шығар сірә? Қазақ күресі ежелден келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Кемер Әшімбетовті еске алуға арналған дәстүрлі турнир биыл 23-ші рет өткізіліп отыр. Биылғы жарысқа  Ақмола, Семей, Павлодар, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Астана қаласының 5 облыстан ең мықты деген палуандары қатысты. Үш күнге созылған турнирде палуандар тоғыз салмақ бойынша күш сынасты. Басқа облыстан келген спортшылар арасында осалы жоқ. «Не бел, не белбеу кетеді» деп тұрған ылғай қара күштің иелері. Біздің кентіміздің намысын қорғаған жігіттер де өте жақсы күрес көрсетті, — дейді Майқайың кентінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры О.А. Шарипжанов.

Турнир қорытындысы бойынша Майқайың кентінің намысын қорғауға барған 60 келі салмақты Сыздыков Ербатыр мен 100 келі салмақты Адамбаев Куаныш үшінші орынды қанағат тұтса, 82 келі салмақта палуандар арасында белдескен кентіміздің намысын қорғаған палуан Мұхтар Дәлелхан жүлделі бірінші орынмен жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, ең үлкен салмақтағы түйе палуандар белдесуінің жүлдесі де жерлесіміз Мұхтар Дәлелханға бұйырды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы медальдармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Жүлделі палуандарымыз бен жаттықтырушы бапкерлері  О.А.Шарипжановпен А.Райды еңбектерінің жемісімен құттықтаймыз!

 

С.Хошорбайқызы

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы