Қоғаммен етене араласу – халық үніне құлақ асу

Жарияланған: 22.01.2020


20.01.2020 Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтың аудан тұрғындары алдында есеп беру кездесулері басталды. Майқайың кентінің және Бірлік, Торайғыр ауылдарының тұрғындары өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстар мен осы жылға жоспарлармен танысты.

Алғашқы жиын Майқайың кентінде өтті. Мінберге алдымен көтерілген кент әкімі Ербатыр Молдатаев өз баяндамасында Майқайың кентінің өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, мәдениет, спорт, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстар мен жетістіктерге тоқталды. Баяндамада айтылғандай, 2020 жылы кентте бірқатар ауқымды жұмыс атқарылмақ.

«Биыл кентішілік жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолағын төсеу, көше жарықтарын орнату, «Майқайың бөбектер бақшасына» және «Кенші» мәдени-сауықтыру орталығына күрделі жөндеу жасау, парк аумағын абаттандыру, кент кіреберісіне арка және стелла орнату, шағын футбол алаңын салу, хоккей кортына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады», - деді кент әкімі.

Аудан әкімі Қанат Кәрімов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатындағы 5 міндетті – азаматтардың өзекті мәселелерін және өткір қоғамдық проблемаларын жедел шешуге көмек көрсетуді, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуді, ауылдардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуды, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жастардың белсенді араласуын қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік қызметті модернизациялау және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуды жүзеге асыру үшін қандай жұмыстар жасалатынын айтты.

Аталған мақсаттарды жүйелі жүзеге асыру үшін аудандық қоғамдық кеңес, аудандық «Фермерлер одағы», аудандық «Іскер әйелдер ассоциациясы» құрылды. Алдағы уақытта аудан әкімдігі жанынан «Жастар кеңесі» өз жұмысын бастамақ. Аталған ұйымдар билікке бұқара үнін жеткізуді көздейді.

Жиында атаулы әлеуметтік көмектің кімге берілетінін, кімге берілмейтінін қоғам болып шешу керектігін айтқан аудан әкімі кент тұрғындарын АӘК тағайындау бойынша жергілікті комиссия құрылғанынан құлағдар етіп, майқайыңдықтарды комиссия жұмысына белсенді қолдау көрсетуін сұрады.

Кент тұрғындарынан келіп түскен өтініштерге жасалған сараптама барысында жұмыссыздық пен баспананалы болу – Майқайың кентіндегі ең басты мәселе екені анықталған. Аудан әкімі бұл мәселелердің шешу жолдарына тоқталды.

«Менде бар мәлімет бойынша кентте 33 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал, «Майқайыңалтын», «Сарыкөл» секілді ірі кәсіпорындарда 86 тұрақты жұмыс орыны бар.

Қарасаңыздар жұмыс бар да, маман жоқ. Жұмыс берушілерге мамандық игерген жұмысшы керек. Осы мәселенің алдын алу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы үш ай қысқа мерзімді оқу курсы жүргізіледі. Бұдан бөлек, шәкіртақы төленеді. Сондықтан, жұмыс беруші талабына сай мамандықты игеріп, екі қолға бір керек табуға болады», - деді ол.

Баспана мәселесі ауданымызда ғана емес, еліміз бойынша өзекті екенін айтқан Қ.Сәрсенұлы бұл мәселені шешу үшін Астана көшесіндегі 16 пәтерлі 108-үйге күрделі жөндеу жасалатынын мәлімдеді. «Үйдегі 4 пәтер әкімдіктің коммуналдық меншігінде. Ал, 12 пәтердің иелері пәтерлерін мемлекетке беруі керек. Біз оларды коммуналдық меншікке алып, жөндеуден өткіземіз.

Жөнделген үйді, комиссия шешімімен, мұқтаж жандарға береміз», - деді аудан басшысы. Сонымен бірге, кент сыртындағы 20 гектар жерге су құбыры, электр желісі тартылмақ. Сол аумақтан кез келген кент тұрғыны өтініш жазып, жер алып, үй сала алады. Үй саламын дегендерге әкімдік екі жылға қолдау танытпақ ниетте.

Биыл Майқайың кенті аумағына өзгерту енгізілмек: Үшқұлын ауылы Майқайың кентінің құрамында қалса, Майкөбе, Сұлужон ауылдары Бірлік ауылдық округіне қосылмақ. Бұлай жасау себебін, аудан әкімі аталған ауылдардағы ауыл шаруашылығы саласын дамытумен түсіндірді.

2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша кенттегі аурухана мен емхана жөнделмек. Кенттің 13 шақырым кәріз жүйесіне күрделі жөндеуге жобалық сметалық жұмыс жасалмақ. Қолдау тапса, алдағы үш жылда жұмыс жүргізілмек. Сонымен бірге, қатты қалдықтар палигоны да жасалатын болады. Аудан әкімі, сонымен бірге, Майқайың кентіндегі жол бойы қызметін жандандыру – аудандағы туризм саласын дамытудағы негізгі жұмыс екенін де баса айтты. Алаңдатушылық тудырып отырған кенттегі жылыту жүйесі, электр жүйесі мәселелері алдағы уақытта оң шешімін табатын болады.

Бірлік ауылында жалғасқан есептік кездесу барысында округ әкімі Айдос Аманжолов 2019 жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Айдос Айтбайұлы өз баяндамасында «Еңбек» бағдарламасының нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын айтты. Денсаулық сақтау саласына тоқталған округ әкімі сөзінен аңғарғанымыз, медициналық пункке компьютер керек және жедел жәрдем көлігіне жүргізуші қажет.

«Жол жиегінде жүретін малдарға соғылу салдарынан болатын жол апатының алдын алу үшін малдарға түнгі уақытта жарқырап тұратын ленталар тағу бойынша жұмыстар атқарылып келеді», - деді Айдос Айтбайұлы.

Аудан әкімі Қанат Кәрімов, ауылдың даму жоспарына сәйкес, ауылға кіреберіс 7 шақырым жол жөнделетінін және бос тұрған қос қабатты ескі екі ғимарат күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Үйлердің біріншісі «Еңбек» бағдарламасымен келетін қоныстанушыларға тұрғын үй ретінде беріледі. Ал, екіншісін ауыл халқының ұсынысымен балабақша ретінде пайдалану қарастырылуда.

«Бірлік ауылындағы 8 шаруа қожалығы ауыл ішінде мал ұстайды. Ал, сырттағы жерлерінде мал жоқ. Шаруашқожалықтар алған жерлерін мақсатты пайдалануы керек», - деген аудан басшысы округте мал басын асылдандыру шаруашылығын дамытуды ұсынды.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай мектеп ауласына партизан Жылбек Ағаділевтің ескерткішін орнату жоспарлануда.

Бүгінгі есептік кездесу Торайғыр ауылында түйінделді. Округ әкімі Арғын Абраров биыл демеушілер есебінен 32 орындық қонақ үй мен 300 орындық мейрамхана құрылысы басталатынын сүйіншілей жеткізді. Ауылдың инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша С.Торайғыров атындағы мектепке жөндеу жұмыстарын жасау жоспарлануда. Торайғыр ауылына дейінгі 16,6 шақырым жолға жөндеу жасау көзделуде. Сонымен бірге, ақын С.Торайғыровтың кесенесіне дейін жол төсеу жоспарлануда.  Және ауыз су құбыры тартылмақ.

Жұмыспен қамту бағытына тоқталған аудан әкімі Қанат Кәрімов «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсібін ашуға ниетті көпбалалы отбасынан шыққан азаматтарға және жастарға берілетін қайтарымсыз грант сомасы 530 000 теңгеге өсетінін айтты.

Жиында мемлекеттік бағдарлама бойынша ауданда 10 тұрғын үй салу жоспарланып жатқаны айтылды. Ол үйлердің жетеуін Майқайың кентіне, екеуін Баянауыл, біреуін Торайғыр ауылдарына салу жоспарлануда.

Жиында ауыл тұрғындары ауылдағы интернет желісінің қажеттігі, Торайғыр көлінің тазалығы және аудан аумағындағы көмір кеніштерінің мүмкіндігі жоқ отбасыларға тегін көмір төгіп беру мәселесі көтерілді.

Есептік кездесулер қорытындысында Майқайың кенті және Бірлік, Торайғыр ауылдық округтерінің тұрғындары әкімдердің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы