Naǵashy jurt, qalaısyń uǵysýǵa?!

Жарияланған: 12.03.2019


Бүгін баянауылдық оқырман тарихи кездесуге куә болды. Өңірдегі алғашқы қазақ мектебінің кітапхана болып қайта қалпына келтірілген ғимаратында ұстаз бен шәкірт өздерін түлеткен қауыммен қайта қауышты. Ақын 55 жылдан кейін алғашқы өлеңін жазған қасиетті қарашаңыраққа қайта оралды. Жан тебіренткен, көңіл толқытқан бұл сәт – «Нағашы жұрт, қалайсың ұғысуға?!» атты оқырмандармен кездесу кешінде орын алды. Ақын, журналист, қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Арман Қанидің 65 жасқа толуына арналған бұл әдеби кеш аудандық кітапханалар жүйесінің жанынан құрылған «Жыртұма» поэзия клубының ұйымдастыруымен өтті.
Кездесуді жүргізген қоғам қайраткері Қорабай Шәкіров ақын жанына үңіле, жырларымен сырласып отырды. Кеш иесі жайлы: «Мен Баянауылдан басқа жерде тусам да, тек қазақ болып туғаным үшін Арман Қаниді іздеп тауып, өлеңдерін оқыр едім. Оның ақындығы, қаһармандығы, жасынан өжеттігі, ерекше өмірбаяны мені таң қалдырады. Мен Арман жөнінде сөз айтсам, «Он бесінде бас болған Ораздының ұлы» деп бастаймын. Ораздының ұлы деген сөз – тектінің ұлы, ұрпағы деген ұғым. Арманның ерекше қасиеті – ерте жасынан күрескерлігімен танылуы. Бұған алғашқы өлеңдері куәгер. «Дабыл қағар, оянар Азия мен Африкалар. Бұғауын қасіреттің үзіп олар. Жалауын бостандықтың желбіретіп, Лондонға, Вашингтонға, керек десең Москваға барып қадар», - деген  жолдар – 15-16 жасар баланың сөзі. Жас балаға осыншама қайсарлықты, өрлік пен ерлікті, әулие, сәуегейлікті кім берді? Ол кез – қызыл империяның жалын шашып тұрған шағы еді ғой. Бұндай сөздер бостандық үшін ұлы күрескерлердің аузына түспеген, үндеуге бергісіз жолдар. Бұл – Арманның бойына ұлы бабаларынан дарыған қасиет болар? Менің білетінім, Арман – «Көп таланып қотанда төбет итке, еркін өскен елсізде бөлтірік ем» деп өзі айтқандай қайсар рухты ақын», - деген Қорабай Шәкірұлы кеш иесін сахна төріне шығарды.
Кездесу кеші «Беу, жігітер!» халық ансамблінің орындауындағы Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнімен басталды.
Нағашы жұртымен сырласуға келген ақын: «Бүгінгі кездесудің бір ерекшелігі – мен алғаш өлең жаза бастаған мектебімде өтуі. «Ақбет тауы жазда көгереді, Ақбет тауы қыста өзгереді» деп жазғаным есімде. Өлең деп айтуға келе ме, келмей ме, ең бастысы, мен алғашқы өлеңімді төртінші класта оқып жүрген шағымда осы мектепте жазған едім. 1964 жылы, он жасымда осы сахнаға шыққан едім. Енді міне, 55  жылдан кейін осы сахнаға қайта оралып келіп отырмын.
Мен ауызша сабақтардан жақсы болдым. Бірақ, алгебра, физика секілді сабақтардан көп сүрінетінмін. Сондай қызықпайтын пәндерімде сабақ барысында көркем әдебиет оқып отыратынмын. Кейде, кітапқа беріліп кететініміз соншалық, үстімізге түскен мұғалімді де байқамай қалатын едік. Бірде, сабақ үстінде өлең жазып отыр едім. Мұғалімім көріп қойды. Ұрсатын шығар деп ойлап едім, жоқ, керісінше маңдайымнан сипап өзінің ризашылығын білдіргендей болып еді», - деп мектептегі күндерін еске алды. Бұдан кейін ұстазы Рымтай Бердалинаға арнаған «Ұстаз алақаны» деген өлеңін оқып берді.
Әкімі ақынын іздеген ел – бақытты, - деген сөзді жиі естісек те, мағынасына аса мән бере бермейміз. Мен Павлодар қаласында өткен «Ақпандағы қауышу» атты мерейтойлық кеште Ұлықбек Есдәулет пен Арман Қанидің құшақтасқанын көріп ерек тебіреніп едім. Сол кезде «Ақынның құшағындай ыстық бар ма?!» деген жолдар ойға оралып еді. Ал, бұл кездесуде ақын мен әкімнің құшақтасып, бір-біріне құрмет көрсетуі – жоғарыда біз айтқан тәмсіл іспеттес сөздің маңызын арттыра түскендей. Біз куә болған кездесуде Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов Арман Қанимен таныстығы, білістігі жайлы айта келе, «Ақындар – қоғамның, елдің, халықтың, жұрттың, болашақтың ұйытқысы. Соның тірі үлгісі – Арман Қани», - деп келешек жастарға оқу, білім, өнер, өлең жолында ақын ағаларынан ғибрат алуға шақырды.
Кездесуде Баянауыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жанынан құрылған «Жыртұма» поэзия клубының мүшелері – жас ақындар мен өнерпаздар Ернұр Жәкенов, Адай Төлепберген, Сандуғаш Адамбек, Мейіржан Баршынбаев  ақынның «Өмір», «Уақыт», «Батысқа ұқсас Кереку», «Мен шындықтың түр-сипатын танимын...» өлеңдерін оқыды. Арман аға он жасар Мейіржанды көріп, өзінің бала шағын еске алғандай, ерекше толқыды.
Ақынның мерейтойлық кездесуіне Екібастұз қаласынан арнайы келген ұстазы Рымтай Бердалина шәкіртінің балалық шағы жайлы тебірене сөз сөйлеп, әлі күнге дейін ақын шәкіртімен мақтанатынын айтты. 
Арман Қанидің «Бақытқа» деп жазылған «Ақын еркіндігі» деген өлеңі бар. Ол жыр: 
«...Сен де ойдан серпіліп, желпін, күнім,
Өзіңді ерек аялау сертім бүгін.
Құрметтесең жарыңды, ең алдымен,
Ардақтай біл ақындық еркіндігін», - деп аяқталады. Ақынды азамат ретінде ардақтаған аяулы жары Бақыт Аханбаева да кездесуге арнайы келіпті. Кеш иесі жайлы сөз алып, құрметін бір ауыз сөзге сыйдырған ақын жары: «Мен Армандай азамат ақынның жары болғаным үшін өзімді бақытты санаймын», - деп өмірлік серігінің ақындық еркіндігін қаншалықты бағалайтынын аңғартты. Мұқағалидің «Барлық ақын баласы – бір ананың» дегеніндей, қарағандылық ақын Жанат Жаңқаштың: «Барлық ақынның жарлары – бір үйдің қыздары» деп айтқаны бар еді. Сағи, Жарасқан ақындардың жарларының сұхбаттарында аяулы ақындарға деген құрметтері көрініп тұратын. Сол секілді Бақыт апайымыздың бір ауыз сөзінен де ақынға қашан да құрмет көрсетіп, шығармашылығын қолдаудан танбай келе жатқаны білінеді.
Кеш барысында Мәдидің «Қаракесек» әнін Самал Жақұпова, Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әнін Жандос Адамов тарту етті. Үздік өлкетанушы Алтынбек Құрманов та Баянауылдың әйгілі жиендерінің қатарында Арман ақынды ерекше қастерлейтінін айтып өтті.
Кездесуде оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылды. Жастардың қарым-қабілеті, қадамы жайлы сауалға, «Біздің соңымыздан тегеурінді жастар тобы келе жатыр. Егемендік кезеңінде туған бұл балалардың бізден артықшылығы цензураның, құрық, ноқта, бұғалық, тұсамыстың не екенін білмейді. Еркін көсіледі. Оларда батылдық басым. Ал, біздің кезімізде, облыстық басылымда айына бір рет қана «Әдебиет және мәдениет» беті шығатын. Ал, оған жариялану өте қиын еді. Науқандық, календарлық өлеңдер бірден басылатын. Біз сондай ноқталауды көрдік. Ал, қазіргі жастар, біз бара алмаған тақырыптарға барып, біз айта алмаған ойларды жаза алады», - деп жауап берді.
«Ақынның поэзиядағы ерлігі қандай болуы керек?», - деген оқырман сауалына: «Ақын айналасында болып жатқан оқиғалардан, тартыстардан шет қалам десе де, еш тысқары қала алмайды. Сондай оқиғалардың бел ортасында жүргендіктен, батырлығы, қаһармандығы туады. Шалкиіз, Махамбет, Абай, Жаяу Мұса, Мәди, Қасым секілді ақындар сондай шиеленістен туған құбылыстар. Бір сөзбен айтқанда, ақындық пен батырлық – егіз ұғым», - деді Арман ақын.
Арман Қани жақында әлеуметтік желілерде қызу талқыланған әйгілі математик Асқар Жұмаділдаевтің сұхбаты жайлы да айтып өтті. «Асқардың айтқанында да шындық бар. Поэзияға бүйрегіміз бұрылып тұрғанымен де, мойындауымыз керек, бізге технократтар керек. Біз Жапонияны озық мемлекет деп танимыз. Ол елдің экономикасын алға оздырған ғалымдары емес пе? Ақындар рухани салада көп еңбек етті. Өркениеттің дамуы үшін, техниканың дамуы керек. Асқардың сын-пікірін қолдаймын», - деп өз ойын білдірді.
Кездесуде қойылған сұрақтардан білгеніміздей, Арман Қанидің өлеңге келуіне Мәди мен Жаяу Мұса бабаларының өршіл рухы себепкер болыпты. Ақындығы мен батырлығы үйлескен Арман аға оқырман алдында «Анамның елі», «Жиен», «Құлагер-жыр мәреге таянған сәт...», «Олжасқа хат» секілді өлеңдерін тебірене оқыды.
Арман Қанидің өз сөзімен айтар болсақ, қазіргі кезде Ертіс-Баян өңірінде қудалауға ең көп ұшыраған ақын – Арман Қани. Сол секілді ең көп марапатталып, ұлықталған да – ол. Біріншісі – қызыл саясаттың салқыны болса, екіншісі – еркін егемендігіміздің арқасы. Сөз басында кеш иесінің ақындығы мен батырлығы қатар айтылатын ынтілге тиек еттік. Сөз соңын да Қорабай Шәкірұлына ұсынайық:
«Он бес, он алты жасар Арман Павлодар қаласында Мәскеуде Мұрат Әуезов бастаған «Жас тұлпар» қоғамымен рухтас, мүдделес, мақсаттас «Жас ұлан» атты ұйым құрды. Бұл – көзсіз батырлық. Сондай өжеттігі үшін ол көп қудалау көрді. Тіпті сотталуға дейін барды. Сол кезде Дінмұхамет Қонаев, бұл мектептегі жасөспірім балаларға: «Қандай жаза қолдансаңдар да еріктерің, тек бас еркіндігінен шектемеңдер», - деп ара түсіпті.
Олжас Семей полигонын жабу үшін үлкен қозғалыс ашқанда, ағасын қолдаған Арман «Семей полигоны жабылсын!», - деп қаншама қазақтан қол жинады. Көптеген адамдар қарсылық танытты, тіпті мазақ етіп күлушілер болды. Бұл да – қаһармандық емес пе?! 
Қазіргі күнге дейін Арманның әр өлеңінде сол бозбала шақтағы ұлтшылдығы, қайсарлығы, өжеттігі көрініс беріп тұрады».
Қайсар ақын нағашы жұртымен осылайша сырласты. Осы кеште болған әр жастың жүрегінде жігер ұшқыны пайда болып, көңілінде өлең бүрледі деп ойлаймын.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы