Майқайыңдықтардың қуанышы!

Жарияланған уақыты: 07.07.2018


Еліміздің жауһарына айналған бас қаламыздың мерекесіне орай майқайыңдықтар олжалы болды. Ел мерейін  асырған тойда жиырма тоғыз майқайыңдық тұрғын баспаналы болып, пәтер кілттерін қолдарына алды. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Әзілхан Әбеуов тұрғындарға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады.

Баспаналы болғандардың дені жас мамандар мен мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органының қызметкерлері мен дәрігерлер. Майқайыңдық тұрғындарды Әзілхан Кәріғұлұлы:

– Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Бас қаламыздың мерейі артып, ел еңсесін тіктей берсін. Бүгінгі күні қолданысқа берілген үш қабатты тұрғын үй кешені ел игілігі, халықтың әлеуеті үшін жасалып, жұртқа пана болмақ. Елорданың мерекесімен қатарласып келген құтты қоныстарыңыз ұзағынан сүйіндіріп, шаңырақтарыңыздан шаттық үзілмесін, - деп қуаныштарымен құттықтады.

Мерекеде Майқайың кентінің Құрметті азаматы Вячеслав Никишов:

– Астана күні құтты болсын! Бүгінгі Астана талайларды тамсандырады. Алғаш іргесі қаланған кезде ол жерге табан тірегенімізде Астана болып асқақтайтынына күмәнмен қараған едік. Бірақ, Елбасының көреген саясатының арқасында Елордамыз сол күннен мың мәрте түрленіп, жаңарып, жаһанданып келеді. Келер күні де мәртебесі асқақтарына ешкім де күмән келтірмейді. Ал, Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген сіздердің пәтерге ие болуларыңыз құтты болсын. Пәтер шағын болса да, кең болса да маңызды емес. Бастысы, ол сіздердің өздеріңіздікі. Құтты қоныстың іші мен сырты тек жылылық пен мейірімге, шаттыққа тұнсын, - деп мерекеге ортақтасты.

Үш қабатты тұрғын үйге қоныстанушылардың жеке баспана туралы армандары орындалды. Жүздері бал-бұл жайнаған тұрғындардың қуаныштарында шек жоқ. Баспаналы болғандардың бірі Майқайың кенті полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Қайыр Мұқанов қуанышы мен алғысын жаудырды. Жылы лебіздер мен шаттыққа толы сөздерді естіп болып, аудан әкімінің орынбасары Әзілхан Кәріғұлұлы мен пәтер кілтіне ие болған жас маман Гүлназ Сәрсенбайқызы салтанатты түрде лентасын қиды. Сөйтіп, баспаналы болған жас мамандар мен қызметкерлер, келген қонақтар үйдің ішін аралауға бет алды. Тұрақтылық пен тыныштық кепілі саналатын баспанаға әр отбасы жылы жүзбен, ерекше мейіріммен аяқ басты.

Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы