Ізгі ниеттен туған игі іс

Жарияланған: 20.12.2018


Баянауыл №2 жалпы орта білім беру мектебінде Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай Нұрлан Бектасұлы Рыспанов жүлдесіне арналған олимпиаданың жабылу салтанаты өтті. Аталмыш олимпиада мектебімізде төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Мақсаты - дарынды оқушыларды іріктеу, кәсіптік бағдар бере отырып, білім мен тәрбие берудің оңды жолдарын іздестіру. Оқушыларымыз сүйіп оқитын пәндерінен білімдерін сынап, пәнге деген қызығушылықтарын арттырады.

Жиынымыздың басты қонақтары Нұрлан ағамыздың әкесі, Баянауылдың құрметті азаматы, «Даму» қорын алғашқы болып ашқан  Бектас Рыспанұлы және ұлы  Нариман Нұрланұлы қатысты.

         Нұрлан Бектасұлы Рыспанов -  Қазақстан Республикасының Ұлттық Тау-кен Ғылым Академиясының Президенті,   Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі, «Казатомпром» ұлттық атом компаниясының»  вице–президенті, техникалық ғылым докторы, олимпиаданың демеушісі. Сонымен қатар мектебіміздің түлегі.

         Олимпиада жүлдегерлері бес пән бойынша марапатталды: ағылшын, математика, физика, химия, информатика. Бірінші орынға смартфондар, екінші орынға смарт-сағат, үшінші орынға сымсыз құлақшын /беспроводной наушник/ табысталды. Жалпы жүлдегерлерге берілген сыйлықтың бағасы 700.000 теңгені құрады.

         Сонымен қатар Нұрлан Бектасұлы мектебіміздің жөндеу жұмыстарына ат салысып, мектепке жиһаз сыйлады. 2007 жылы мектебіміздің түлегі Зарлық Машур Арсенұлын тегін грантпен қамтамасыз етті.

         Нұрлан Бектасұлы Рыспановтың  өзі оқыған мектебіміздің оқушыларының білімін тереңдетуге және дарынды балаларды айқындауға қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Нұрлан ағамыздың туған жеріне тағзым етуі – туған жерге деген нағыз сүйіспеншіліктің, құрметтің белгісі болып табылады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы