«ХІ Сәтбаев оқулары» ғылыми тәжірибелік конференциясы

Жарияланған: 03.05.2019


«Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп – балабақша оқу – тәрбие кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай 2019 жылдың 26 сәуірі күні «ХІ Сәтбаев оқулары» республикалық ғылыми тәжірибелік конференциясы өткізілді.

Конференция Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп ұжымы мен Баянауыл аудандық мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.  Ауқымды шараға Баянауыл ауданының мектептері мен  Қарағанды, Павлодар және Екібастұз қалаларының мектеп оқушылары қатысты. Жыл сайын аудан мектептері арасында өтіп тұратын дәстүрлі «Сәтбаев оқулары» биыл он бірінші жыл оқуышлардың  басын қосып келеді.

Биылғы жылы «Әлемді география арқылы таны» секциясына 21 жас зерттеуші, «Географиялық аялдама » географиялық сұрақ – жауап секциясына 20 оқушы және «Қаныш және сұлу саз» секциясына 19 оқушы қатысты. Конференцияның ашылу салтанатында келген қонақтарға мектеп директоры  Қайриден Нұхыұлымен аудандық Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық мұражайының басшысы Айбат Сейсенбекұлы жас зерттеушілерге, зерек оқушыларға және жас таланттарға жүрек жарды тілектерін арнап, құттықтады.

Сонымен қатар зейнеткер дәрігер Музафаров Сатыбалды Нұхыұлы конференцияға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, мектеп кітапханасына жазушы Медеу Сәрсекенің Қаныш Имантайұлына арнап жазған кітабын табыс етті.

Мектебіміздің зейнеткер ұстазы, ҚазССР-на еңбегі сіңген ұстаз, Баянауылдың құрметті азаматы Маликова  Нескен Мәлікқызы келген қонақтарға және оқуларға қатысушы жас өрендерге лебізін білдірді.  Айбат Сейсенбекұлы Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына демеушілік жасаған ауылымыздың азаматы Ахметов Саяш Шаухатұлына құрмет грамотасы мен сыйлығын табыс етті.

Конференцияның екінші бөлімі мектебіміздің музыка пәнінің мұғалімі Бақыт Кеңесұлы мен тәрбие ісінің меңгерушісі Ғалия Жұмабекқызының ұйымдастыруымен 4-10 сыныптар арасында 50 оқушыдан құралған үлкен хормен ашылды. Ғылыми тәжірибелік конференциясында жоғарғы нәтижеге қол жеткізген оқушыларымыз дипломдармен және номинациялармен  марапатталып бағалы сыйлықтар алды.

Сонымен қатар конференцияға келген конақтар мектебіміздің зейнеткер ұстаз «Қаныштану» бағдарламасының авторы Жұмагүл Қамышқызы, Қарағанды қаласынан келген Күлтай Баязитқызы, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлнази Зейноллақызы, Қазақстан Республикасының еңбек ері, Қаныш атамыздың туысы Ришад ағамыз  өз лебізін білдіріп жүлделі орындарға ие болған оқушыларымызды құттықтады.

Қарағанды қаласынан келген №34 мектептің басшылығы мектеп директоры Қайриден Нұхыұлына ризашылығын білдіріп алыс хат табыс етті. Аталмыш мектеп оқушылары Қаныш атамыздың 120 жылдық мерейтойына арнап әндерін тарту етті.

 

Тәрбие ісінің меңгерушісі Ғалия Нағымжанова

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы