Халықаралық стипендия иегері

Жарияланған: 07.11.2019


Мектеп дарынды оқушыларымен және талантты түлектерімен мақтанады. Бұл бос мақтан емес, туған жеріміздің атын, бабалар аманатын арқалап жүрген азаматтарға деген сенім.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық Грэм Кларк атындағы стипендияның 2019 жылғы иегері қасиетті Баянауыл топырағының баласы, Баянауыл №2 мектебінің 2016 жылғы түлегі – Айымбек Рүстемұлы Амантай.

Айымбек Рүстемұлы – бұл мәртебелі марапатты ТМД елдерінен иеленген алғашқы студент.

Айымбек ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген. Мектеп жасынан білімге құштар, санасы зерек оқушы болды. Ол академик Н.Б.Рыспанов атындағы дәстүрлі аудандық олимпиадада ағылшын тілі пәнінен 2015 жылы үшінші, 2016 жылы екінші орын иеленді. Ал, 2017 жылы мұғалімі Арман Тілеубаевтың жетекшілігімен аудандық пәндер олимпиадасында география пәнінен екінші орын жүлдегері атанды.

Дарынды адам барлық салада үздік келеді. Шәкіртіміз білім мен спортты қатар алып жүрді. Айымбек 2017 жылы жасөспірімдер арасында аудандық бокс біріншілігінде 75 келі салмақта бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен бірге, ол оқушылар арасында волейболдан аудан құрамасының мүшесі болды. Кейінгі үш жылда Қарағанды қаласында джию-джитсу спортымен айналысуда.

Ол бүгінгі таңда Қарағанды экономикалық университетінің студенті. Болашақта ол өзінің дүниежүзілік деңгейдегі эколог болатынына нық сенімді. Біз де мақтан тұтар түлегіміздің көздеген мақсатына жететініне сенім білдіреміз!

Сонымен қатар, ол тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік мәселеге айналып келе жатқан қауіпті экологияны жақсартудың жолдарын ойластыруда. «Coсhler» компаниясы Айымбектің жоспарларына таңырқай әрі сүйсіне қарап, жоғары баға берді.

Мектебіміздің түлегі Айымбекке қазақ елінің байрағын әлем төрінде абыроймен танытып, намысын қорғап, ел игілігіне жараған азамат болсын деген тілектеміз.

Таиса НАУМОВА,
                                                                  Баянауыл ауылы.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы