Ер есімі ел есінде

Жарияланған уақыты: 30.07.2018


Шəкен Айманов атындағы мектеп-интернатының қасбетіне көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі, Баянауылдан шыққан алғашқы министр Сұлтан Момынұлы Сəрсембаевқа ескерткіш тақта орнатылды. Жиынды жүргізген қоғам қайраткері Нұрлан Күлжан ұлағатты рəсімнің маңызы ұрпақтарға жол көрсету, тұлғаны тану екенін айтып, ақын Мұзафар Əлімбаевтің Сұлтан Момынұлына арнаған «Сендер барда ақ төсінде даламның, өзендер де өрге қарай ағады.

Нақ сендердей еңбегі мол адамның, жер түгілі суда да ізі қалады» деген жырын оқыды. Жиынды ашқан аудан əкімі Оразгелді Қайыргелдинов жиналған қауымды, Сұлтан Момынұлының ұрпақтарын құттықтай келе, «Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жер тұлғаларын қадірлеп, болашақ ұрпаққа үлгі етіп таныту ісіне баса мəн берген болатын.

Абайша айтсақ, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» таутұлға Сұлтан Сəрсембаевтың өмірі жас ұрпаққа шамшырақ болуға əбден лайық», - деді.

Академик, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Зайролла Дүйсенбеков Сұлтан Момынұлының су шаруашылығын таңдауына ықпал еткен Шапық Шөкин екенін айтты. «Ол еңбек жолын Павлодарда бастады.

Талдықор- ғанда шыңдалды. Сұлтан ағай 36 жасында министр болып бекіді. Семейде, Қызылордада еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де үлкен жұмыстар атқарды. Арал, Балқаш тағдырына байланысты ауқымды жобалар жүзеге асырылды»,

- деп аудан əкімдігіне зор алғысын білдірді. Сұлтан Сəрсенбаевтың қажыр-қайратымен жүзеге асқан «Ертіс-Қарағанды» каналы республикадағы су шаруашылығы құрылыстары ішінде ерекше орын алады.

Суды 418 метр биіктікке шығаратын ұзындығы 458 шақырым гидротехникалық құрылыс Орталық Қазақстанның өндірісті аудандары мен ауылдарын сумен қамтамасыз етуге арналған. Бартоғай су қоймасы мен Шелек-Алматы каналының салынуы жəне Іле өзенінің суармалы жерлерінің игерілуі, Орал-Көшім, Аралтөбе, Бақсай, Нарын су құрылыстарының жүргізілуі

Сұлтан Момынұлының шебер іскер екенінің дəлелі. Павлодар облысында Ертіс өзенінің сол жағалауындағы далалық өңірлерде суландыру жобасы жасалды. Баянауыл ауылындағы су құрылыс аймағы Сұлтан Момынұлының көзіндей болып тарихтан сыр шертеді.

Сұлтан Момынұлының қарындасы Сағия апа сөз сөйледі. «Ағам Қызылорда- да, Семейде, Павлодарда жүргенде сол жақтардың ауа-райын қадағалап, ол еңбек еткен аймақтардың мақтасы, күріші жақсы өссе екен деп тілеп жүретінмін. Со- ңынан ерген інісі жоқ, інісі бола алсам деп тырыстым», - деп тəтті естеліктерден сыр шертті. Академик Зайролла Дүйсенбеков, Сұлтан Сəрсембаевтің қыздары Құралай Сұл- танқызы, Қарлығаш Сұлтанқызы жəне немересі Арман Тілегенұлы мемориалдық тақтаны салтанатты түрде ашып, тарихта қалған ардақты азаматтың есімін жерлестерімен қайта қауыштырды. Салтанатты рəсімнен кейін марқұмның рухына құран бағышталды.

Еламан ҚАБДІЛƏШІМ.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы