Елорда - ел еңсесі көтерілген...

Жарияланған уақыты: 07.07.2018


Астана тойы – елдіктің тойы, өрліктің тойы. Жаңа әлемге жолданған қазақтың сәлемі, шартарапқа шашылған Алаштың шұғылалы шашуы. Бұл күн жалпыұлттық мейрамға айналды. Осыдан-ақ жас қала Астананың күллі қазақ халқы үшін мәңгілік Елорда екеніне көз жеткіземіз.

Қазақ елінің әр бұрышында сәні мен салтанаты жарасқан мерекелік думандар дүркірегені баршаға мәлім. Себебі, бас қаланың туған күні әрбір жанның асыға күтетін мерекесі. Төбеден алтын күн алтын дән дархан даламызға шұғыласын төккен шілденің шуақты күнінде баянауылдықтар орталық алаңға жиналды. Қуаныштан бал-бұл жайнаған жерлестерімізді әуелеген әсем ән қарсы алды.

Баянауыл ауданының әкімі О.Қайыргелдинов барша баянауылдықтарды Астана күнімен құттықтап, ақжолтай лебізін жеткізді.

Оразгелді Әліғазыұлы мереке куәгерлерінің алдында Баянауыл ауылының тұрғындары Дидар Төлеу мен Айым Зейнұл-Қабиденге және Майқайың кентінің тұрғындары Алмаз Қайыржанов пен Самал Тоқтамысқа неке куәлігін тапсырды. Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген жас отбасылардың қуанышын бөліскен Жасыбай туристік аймағындағы «Өрлеу» демалыс үйі екі күндік сапарға сертификат сыйлады. Жаңа өмірдің баспалдағын аттап, ортақ шағын мемлекеттің шаңырағын көтермекке ниет еткен жастарға баянауылдықтардың құрмет-қошеметі ерекше болды. Ауылдың ақ жаулықты әжелері қазақтың мызғымас салты бойынша, шашу шашты – өздеріне арналған тәтті шашуды теріп алған жастардың жанарынан бақыттың гүлін теріп жүргендегідей қуаныш жарық шашты.

Сахна төрінде сонымен бірге, Астананың құрдастары майқайыңдық Ербол Қайырбеков пен жаңажолдық Төлеубек Мұсабек те Оразгелді Әліғазыұлының марапатына ие болды. Аудан басшысы Мағжан сенген, Елбасы үміт артқан жастар Астанамен қатар жайнап, өркендеп, еліміздің болашағына зор үлес қосарына сенім білдірді.

Астана тойында «Айбын» тобының, Нұрсұлтан Құдайберген мен «Шах» тобының, Раушан Рахметова мен Самат Абжановтың әндері көрерменге қуаныш сыйлады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Рымбек Баязитов, Астана қаласының 20 жылдығына арналған VІІІ аудандық ән байқауының жүлдегерлері Әділхан Жаңбырбай, Мөлдір Әубәкірова, Әлпеш Рахымберді, Айжан Бозкенова орындаған әндер баянауылдықтардың қуанышын еселей түсті. Республикалық, халықаралық бишілер байқауының жеңімпаздары «Баян сұлу» үлгілі би ұжымы салтанатты шара соңын мың бұралған биімен қорытындылап, Елордамыздың жаңа жасын бейнелейтін «20» санын жазып аяқтады.

Еламан Хасенұлы

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы