Электр энергиясын жеке тұтынушылардың назарына

Жарияланған: 01.08.2018


Энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың, тұтынушылардың Қазақстан Республикасының аумағында электр энергиясын қолдану тәртібі  Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығымен айқындайды.

Тұтынушыларды электрмен жабдықтау энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау шарты бойынша жүзеге асырады.

Энергиямен жабдықтаушы ұйым мен тұтынушы арасында есеп айырысу үшін электр энергиясын есепке алу электр желілерінің теңгерімдік тиесілігі шекарасында жүргізіледі.

Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен тұтынылған электр энергиясы бойынша есеп айырысу үшін электр энергиясын тұтынушылардың электр қондырғылары қажетті коммерциялық есепке алу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Электр энергиясының есебін жүргізу үшін типтері Өлшем бірліктерін қамтамасыз ететін мемлекеттік тізілімге енгізілген электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралының түрі пайдаланылады.

Электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарын ұстау, техникалық қызмет көрсету және салыстырып тексеру теңгерімдік тиесілікке сәйкес жүзеге асырылады. Тұтынушымен жасасқан шартқа сәйкес электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарына техникалық қызмет көрсетуді энергия беруші ұйым немесе қызметтің осындай түріне рұқсаты бар өзге мамандандырылған ұйым жүргізеді.

Электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдары қаптамаларының бекіткіштерінде салыстырып тексеруге құқығы бар энергия беруші ұйымдардың пломбасым болады.

Энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші ұйым мынадай жағдайларда:

1) электрмен жабдықтау шартында белгіленген мерзімде электр энергиясы үшін төлем жүргізілмегенде, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда;

2) электрмен жабдықтау шартында белгіленген электрді тұтыну режимі бұзылғанда;

3) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның осы Қағидалардың бұзушылықтарын жою туралы талабы белгіленген мерзімде орындалмағанда электр энергиясын толық немесе ішінара беруді тоқтатады.

Бұл ретте энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші ұйым тұтынушыны электр энергиясымен жабдықтау тоқтатылғанға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын ескертіп, электр энергиясымен жабдықтауды тоқтатады (шектейді). Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым өкілінің тұтынушыға электр энергиясының коммерциялық есепке алу схемасын тексеру мақсатында келуі тиісті актімен ресімделеді. Акт энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым өкілінің және тексерілуші тұтынушының немесе оның өкілінің қолдары болған жағдайда ғана, заңды күшке ие. Акт тұтынушы қол қоюдан бас тартқан жағдайда да, заңды күшке ие болады, алайда оны құрамы кемінде үш адамнан тұратын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым және кондоминиум объектісін басқару органының (соңғысы болған жағдайда) комиссиясы ресімдейді.

Энергия беруші ұйым мына бұзушылықтар болғанда, тұтынушыға еркін нысанда бұзушылық туралы акт толтырады, оны ажыратады және қайта есептеу жүргізеді:

1) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның желілеріне өздігінен қосылуы;

2) электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралынан (бұдан әрі – КЕҚ) басқа электр энергиясының қабылдағыштарын қосу;

3) КЕҚ әйнегі мен қорабын зақымдау;

4) тексеруге құқығы бар ұйымның (бұл ұйымның қорытындысы бойынша) алғашқы немесе мерзімді салыстырып тексеруі туралы пломбаның (белгінің) немесе пломбалау құрылғысының болмауы, бұзылуы, зақымдалуы, сәйкес келмеуі;

5) бұрын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым орнатқан жерлерде энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым пломба құрылғысының (пломбалау құрылғысының) болмауы, бұзылуы, зақымдалуы, сәйкес келмеуі;

6) КЕҚ, ток пен кернеу трансформаторларын қосу схемасының өзгеруі;

7) КЕҚ дискісінің жасанды тежелуі;

8) КЕҚ көрсеткішін бұрмалайтын құрылғыларды орнату.

Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым пломба құрылғысының (пломбалау құрылғысының) болмауы, бұзылуы, зақымдануы, сәйкес келмеуі анықталған жағдайда, қайта есептеу пломбаның (пломбалау құрылғысының) орнатылғанын растайтын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым өкілдерінің және тұтынушы немесе оның өкілінің қолы бар құжат болғанда ғана жүргізіледі.

Қайта есептеу техникалық шарттарға сәйкес рұқсат етілген электр қуаты бойынша, ал техникалық шарттар болмаған жағдайда, тәулігіне 24 сағатты пайдалануды есепке алып, қосу коммутациялық аппаратының қуаты бойынша жүргізіледі.

Қайта есептеу кезеңі КЕҚ соңғы рет ауыстыру немесе оны қосу схемасының соңғы аспаптық тексеру күнінен бастап бүкіл уақыт ішінде анықталады, алайда ескіру мерзімінен аспауы қажет.

Қайта есептеуге сәйкес есепке толық алынбаған немесе мүлде алынбаған электр энергиясының көлемі энергиямен жабдықтаушы ұйымның таратқан электр энергиясы көлеміне қосылады және тұтынушыға ағымдағы есептік кезеңде қолданылатын жіберу тарифі бойынша төлеуге ұсынылады.

Тұтынушы электрлік желіге схемадағы және электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарындағы бұзушылықтар жойылғаннан кейін және қайта есептеу төлемі мен қосылу үшін төлем өтелгеннен кейін қосылады.

 

ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау 

мен бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша

аумақтық департаменті

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы