Елбасының сәлемі – елге құрмет

Жарияланған: 19.07.2018


Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жұмыс сапарымен Павлодар облысына келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің Баянауыл ауданының ақсақалдарына жолдаған ыстық сәлемін жеткізді. Торайғыр ауылдық округінің Кемпіртас шатқалында орнатылған алты қанат ақ ордада Баянауыл ауданының әлеуметтік-экономикалық, өнер мен мәдениет және ағарту саласының дамуына зор үлес қосқан көнекөз қариялары – Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары ардагер ұстаз Зекебай Солтанбаев, Майқайың соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбенов, Социалистік Еңбек Ері Сағадат Ысқақов, еңбек ардагері Бекет Есманов, еңбек  ардагері, «Баянауыл аудандық ақсақалдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Рахметов, Баянауыл ауданының алғашқы әкімі, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері Қорабай Шәкіров, еңбек ардагері Сайлау Байдильдин, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әнуарбек Кісентаев, Баянауыл ауылы қоғамдық кеңес төрағасы Ғайниден Жұманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбек Камашев, зейнеткер Айнабай Жортуылов бас қосты.

            Болат Жұмабекұлы бір күндік жұмыс сапары барысында облыстың дамуына оң баға берген Елбасының баянауылдық ақсақалдар жайлы айтқан жылы пікірінің жазбасын көрсетті. Бейнежазба арқылы куә болғанымыздай, Елбасы өз сөзінде тығыз жұмыс кестесіне байланысты Баянауылға арнайы бара алмайтынын жеткізіп, баянауылдық ақсақалдарды Астанаға шақырды. «Жоспарымда Баянауыл өңіріне арнайы бару бағыты бар еді. Өзімнің жұмыс кестемді өзгерткеніме байланысты кешірім өтінемін.  Баянауылда мені бұрыннан білетін ақсақалдар бар. Менің Баянауылға бармағаныма көп уақыт болыпты. Сондықтан баянауылдық ақсақалдармен Астанада арнайы кездескім келеді», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

            Елбасының ыстық сәлемін қабыл алған құрметті елағалары мен ақсақалдардың жүздерінен шуақ шашылды. «Елбасының облысымыздың дамуын оң бағалап, бізге арнайы сәлем жолдауы – елге деген құрметі. Ал, бұл – баршамыздың мерейіміз», - дескен ақсақалдар қауымы риза пейілерін танытты. Ақсақалдармен кездесу барысында Болат Жұмабекұлы аудан ақсақалдарына «Павлодар облысы. Жер жәннаты» энциклопедиялық кітабын сыйға тартты. Құрметті меймандар аудан өнерпаздарының өнеріне куә болды.

Еламан ХАСЕНҰЛЫ.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы