Ел тұтқасының мерейтойы

Жарияланған: 18.10.2018


Еңбек ерін тірідей көрген бүгінгі ұрпақ неткен бақытты! Оны көру бақыты бір бөлек те, одан үлгі-өнеге алу, бойына тағылым дарыту, рухани азық алу бақыты мүлдем басқа. Біз, қазіргі жастар ерен еңбек үлгісін көрсеткен кешегінің атпал азаматтарын білуіміз керек. 
Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Социалистік Еңбек ері 80 жаста» деген айдармен Сағадат Ысқақов жайлы көлемді мақаланы оқырман назарына ұсындық. Патша көңілді оқырманның ауызының суы құрып, бәлкім, аса бір тамсанып, таңданысып, таңқалысып оқығанына күмән келтірмейміз. 29 жасында кеудесінде медаль жарқыраған. «Еңбек Қызыл Ту» ордені егін шаруашылығының қауырт қызметін, бар ауыртпалығын мойымай адал атқарғандығы үшін тағылды. Отызына жетпей орда бұзған азаматтың адамзат алдындағы ерен еңбегі осылайша еленген. Социалистік Еңбек ері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Сағадат Ысқақовтың 80 жылдық мерейтойына орай Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейінде алқалы жиын өтті. Мерекелік жиынға ауданымыздың Құрметті азаматының замандастары, сыныптастары мен қызметтестері жиналды.
«Бүгін мерейлі де қуанышты күн» - деп сол күнді ерекшелеген аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлы Еңбек ерін, Сағадат Ысқақовты мерейтойымен құттықтады.
– Сізге осы айтулы күні деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін, - деген Оразгелді Әліғазыұлы Сағадат Ысқақовтың өмір белестерін жиналған жұртқа таныстырды.
Сөз Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, Мұрат Дүйсенбайұлына беріліп, ол замандасын мерекемен құттықтады.
– Біздің қасымызда бірге өскен, бір сыныпта оқып, қызметтес, замандас болған Сағадат Ысқақов сексенді еңсеріп, ғұмыр белесінде ауданның әлеуметтік дамуына өз ықпалын тигізді. Сағадат мектеп бітірісімен, ата-анасының қолқа салуымен шаңырақ көтерді. Қайткенде, баламды үй қылып кетермін деген ниет болған шығар, сөйткен ата-анасы ерте өмірден озды. Сағадат зейнетке шыққанынша Жұмат Шанин ауылында қызмет атқарды. Шопырлықтан басталған қызмет техниканың түр-түрін меңгертті. Өмірі егін шаруашылығында өтті. Сағадат өз ісін жетік біліп, жұмысын аса тиянақтылықпен атқарды. Кеудесіне «Ленин орденінің» бір емес, екеуі тағылғаны – қауырт қызметтегі адалдығы. Ерен еңбегінің арқасында елге елеулі болды. Павлодар облысында Сағадат сынды азаматтар санаулы. Көзі тірі Социалистік Еңбек ері – Сағадат Ысқақов. Оған қандай мақтау айтсақ та жарасады. Бірақ, біз оны мақтай бермейік, біз онымен мақтанайық. Себебі, Сағадаттың істеп кеткен еңбегі жастарға үлгі-өнеге. Жастай жетім қалып, өз аяғына тұрып қызмет қылу әрбір адамның қолынан келе бермейді. Бір ізбенен ізгілікті жолда қызмет еткен азамат бүгінде ел сыйлайтын дәрежеге жетті. Қасиетімен қартайған азамат, - деп сыныптастары, замандастары атынан иығына шапан жапты.
– 80 жасың құтты болсын. Өз қатарластарыңның арасында сексенге сүрінбей, баяғыдай қалпыңмен жеткен өзіңсің. Еңбек сіңіріп, еліңе өзіңді көрсетіп, еңбектің құлағын бастағаннан кейін шыңға жеткізіп, үлкен атақ алдың. Дәрежелі азаматсың. Ақсақалдық жасқа жеткеніңіз құтты болсын. Сәкең – еңбекке жаралған жан. Ауылдың нағыз жанашыр азаматы. Тер төккен азамат. Оған еңбектің қай түрін берсеңіз де жатсынбай қабылдап, шыңына жеткізе білген жан. Сағадат Ысқақов – бесаспап азамат. Шопырлығы, механизаторлығынан өзге, бригадир де болды, бөлімше де басқарды. Жұртшылық қыстың күнінде суға жарымай жатса, Сәкең «водовозға» мініп, су жеткізді, жолды қар басып қалса, оны аршитын тағы да Сәкең болды. Жұмысты тиянақты атқарды. Ол кісі Еңбек ері атағын алғанда қуанбаған адам жоқ. Сыйластығымыз жақсы болды. Балаларын да түзу жолға жетелеп, еңбекке тәрбиеледі. Еңбектен жалтаратын бөтен мінез байқалмайды балаларының бойынан. Сағадат Ысқақов өз ауылына ғана емес, бүкіл елдің абыройын арттырды. Ел басқарған азаматтардың барлығы да сыйлады, құрметтеді. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың құралайды көзге атқан мергендігі, серілігі мен салдығы, әншілігі бір бөлек. Ең жоғарғы адами сатыға жеткен азамат деп есептеймін. 
Замана былқылдасын, сылқылдасын,  
Былық пен шылықтардың сыртындасың.  
Туған жер талайына туа салған  
Басқадан орның бөлек бір тұлғасың, - деп мадақтайтындай тұлға болдың. Бұл мақтануға тұрарлық іс. Ерлік. Елдің нар тұлғасы дейтіндей атаққа лайықсың. Той құтты болсын! - деп Қорабай Шәкіров Еңбек ерінің адамдық тұлғасын сипаттады.
Той иесінің қызметтегі жетістігі мен жемісі бүгінде аудан халқының абыройын арттырады. Ерен еңбек үлгісін көрсеткен азамат замандастарының ортасында сый-құрметке ие болды. Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Бөкенбай Ысқақов оның қызметтегі тұлғасынан бөлек, адами тұлғасын, азаматтық сипатын ерекшеледі:
– Сағадат – жақсы дос, үзеңгілес жолдас. Бүгін 80-ге келіп отырсың. Құтты болсын! Бұл азаматты мақтау да керек, онымен мақтану да керек. Оның еңбек жолын таныстырып өтті ғой. Мен оның кісілігіне тоқталғым келеді. Оның бір жақсы мінезі – сабырлылығы, үлкен-кішіні сыйлауы, байыптылықпен қызмет атқаруы. Бұл шаңырағындағы жалғыз жігіт. «Жалғыздың жары – Құдай» дегендей, әке-шешесі мен жалғыз апасының үкілеген үмітін ақтап, ел сыйлайтын, қадір тұтатын азамат атанды. Оның тағы бір қыры – үлкен әулеттің бәйтерегі. Ұл-қызын еңбекке баулыды, адал жолда тәрбие берді. Іштарлығы жоқ. Сый-құрметке бөленсе де, кеудесін кермеді. 80-ге келудің өзі тек жаспен емес, артындағы ізімен, сара жолымен сараланады. Жасай бер, аман бол, ұрпағыңды қызықта, - деп ізгі лебізін білдірді.
Сағадат Ысқақов өз ұрпағының ғана емес, елдің ірі тұлғасы, ел тұтқасы. Бүгінде көпке үлгі болып отырған абзал жан, ардақты азамат еңбек жолын халқының қалыпты өмірі жолында сарп етті. Мерейлі мерекелік жиында аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлы мерейтой иесіне Құрмет грамотасын ұсынып, иығына шапан жапты. Одан бөлек, облыстың Құрметті азаматтығына ұсыныс білдірілгенін айтып, еселі еңбектің ескерілер тұсын жақындата түскендей болды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбек Камашев та өз кезегінде Еңбек ерін мерейтойымен құттықтап, Құрмет грамотасын ұсынды. Мерейтой иесін Серік Мусин, Әбдіғомар Салықов, басқа да жиынға қатысушылар құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.

Әлия Таукенова

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы