Введите ваш запрос для начала поиска.

  • Меню » Жаңалықтар » ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫ МЕН БОЛАШАҒЫ

ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫ МЕН БОЛАШАҒЫ

Жарияланған: 23.11.2018


С.Е. Нұрмұратов

БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану

институты директорының ғылым

жөніндегі орынбасары,

филос.ғ.д.

 

Қазіргі заманда дінді «мемлекеттік» деген мәртебеге көтерген елдер көп болмаса да, олардың жалпы қатары бар екенін, тіпті кейбіреулерінің біршама ықпалды елдер екенін айта кету керек. Мәселен, әлемдегі Иран Ислам Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Сауд Арабиясы Корольдігі, Ватикан сияқты елдерде діндер өздерінің қызметін мемлекеттік ресмиленген құқықтық деңгейде атқаруда. Дегенмен, әлемдегі өркениетті елдердің көбісі өздерін «зайырлы мемлекеттерміз» деп жарялаған және олар өздерінің заң жүйесінде азаматтық құқықтарды негізгі басымдылық ретінде бекіткен. Осындай мемлекеттердің ішінде егеменді Қазақстан Республикасы да бар және ол өзін қазіргі замандағы, өркениетті, демократия жолын ұстанған зайырлы мемлекеттер қатарына қосады, сонымен қатар ол барлық діндерді және діншілдердің құқықтарын, көзқарастарын сыйлайтынын жария еткені де баршаға мәлім.

Кезінде елімізде Кеңестік социалистік идеология атеистік сипаттағы дүниетанымды бекітіп, оны мемлекеттік идеологияда басымдықта ұстап, дінді кертартпа, сарқыншақ дүниетаным ретінде таныды. «Дін халық үшін апиын» деген ұстаным басқарушы биліктің, коммунистік идеологияның негізгі қағидасы болатын. Міне, енді заман өзгерді және дінге, діни сенімге деген көзқарас түзелді. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін айқындаған жылдары ұждан бостандығы туралы ҚР заңын қабылдап та үлгерген болатын [1]. Ол заңға халықаралық ұйымдар тарапынан оң баға да берілген еді. Дегенмен, уақыт өз дегенін істейді, өмір дін саласы бойынша жаңа заңның, жаңа тәртіптің қажеттілігін алға тартты.

2011 жылы елімізде алғашқы «Діни бірлестіктер мен діни қызмет» туралы Заңға түзетпелер енгізіліп қайта қабылданды [2]. Міне, осы құжаттарда біздің мемлекетіміз дінге деген қатынасын ашық және нақты түрде білдірді, Қазақстан Республикасы «зайырлы мемлекет екені және оның территориясында сүнниттік бағыттағы ислам мен христиан дінінің православие конфессиясы» дәстүрлі діни қауымдастықтар екені соңғы Заңның алғысөзінде айтылып кетті. Әрине, бұл жерде діни конфессиялар арасындағы иерархиялық тәртіп орнатылмайды және іріктеулер де жасалынбайды, сонымен қатар демократиялық ұстаным да бұзылмайды десе де болады, тек діни ұйымдардың заңды орындарда тіркелуі бұрынғымен салыстырғанда біршама күрделендірілді, енді елімізге жаппай келуін үдетіп кеткен әртүрлі діни миссионерлердің мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілігін күшейте түсетін маңызды құжат пайда болды.

Ақиқатты іздеумен, оны пайымдаумен философия да, әртүрлі ғылымдар да, әр қилы діндер де айналысады. Әрине, дәйектемесіз және практикадағы дәлелдерсіз дүниеде шындықты табу мүмкін емес және гуманитарлық тұрғыдағы зерделеулерсіз ғылыми процесс те жанданбайды. Сондықтан негізгі мәселе, осы зерделеудің сыңаржақты емес, барынша шынайы, объективті сипатта өрнектелуінде. Сондықтан қоғамымыздағы дін мәселесіне, оның тарихына, қазіргі кезеңдегі жағдайына және болашағына ғылыми талдаулар жасаудың зәрулігі өзінің өзектілігін таныта бастады.

Осы дәйектемелерге сәйкес өзінің 55 жылдық тарихы бар Философия және саясаттану институты ауқымында 2011 жылдың 26 ақпанында дін және мәдениет философиясы негізінде «Дінтану» бөлімі ашылып, оның алғашқы меңгерушілігіне философия ғылымдарының докторы, доцент Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы тағайындалды. Қазіргі кезеңде бөлімде бес ғылым докторы, профессорлар, дінтану, мәдениеттану салалары бойынша 4 Phg докторанттары қызмет атқаруда.Олар жақында, яғни бір-екі жылдың шамасында докторлық диссертацияларын қорғауға ниет білдіруде.

Сөйтіп, 2011 жылы (№ 14-2 КБП 16 наурыз 2011 ж.) Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің бастамасымен Философия және саясаттану институты өзінің ғылыми зерттеулер ауқымын кеңейтіп «Философия, саясаттану және дінтану» институтына айналды.

Қазіргі уақытта бөлімде 3 сектор жұмыс істейді: 1) Дінтану теориясы мен әдіснамасы секторы; 2) Мемлекеттік-конфессионалдық қатынастар секторы; 3) Исламтану секторы. Бөлімнің бүкіл ұйымдастырушылық және ғылыми қызметі осы ғылыми бағыттардың аясында «Елдің зияткерлік әлеуеті» басымдылығы бойынша табысты іске асыруға бағытталады.

2012-2014 жылдарға арналған бұл бағдарлама бойынша мынадай ғылыми-зерттеу жобалары орындалады: 

1) «Возможности религии в снижении уровня вызовов и угроз современности: философско-политологический анализ». Ғылыми жетекші: Косиченко А.Г., бас ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының докторы, профессор

2) «Европейский диалог в социокультурных и политических реалиях современного Казахстана: развитие, тенденции, перспективы». Ғылыми жетекші:Сейтахметова Н.Л.,ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, бас ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының докторы, профессор

3) «Знание и вера в эпоху глобализации: диалог восточных и западных концептов в культурно-цивилизационном пространстве Казахстана». Ғылыми жетекші:Соловьева Г.Г., бас ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының докторы, профессор

4) «Институт семьи как фактор стабильности казахстанского общества».

Ғылыми жетекші:Соловьева Г.Г., бас ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының докторы, профессор.

5) »Қазақтың эстетикалық танымының құндылықтық-мағыналық негіздері». Ғылыми жетекші:  Сатершинов Б.М., дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, доцент.

6) »Исламофобия және діни негіздегі стереотиптер». Ғылыми жетекші:  Сатершинов Б.М., дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, доцент.

7) »Деятельность новых религиозных организаций в Казахстане: измерения социальной эффективности».  Ғылыми жетекші: Бурова Е.Е.бас ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының докторы, профессор.

Жоғарыдағы аталған ғылыми жобаларды орындаудан басқа Институт мамандарының күшімен Алматы қаласының мемлекет қызметкерлеріне арналған біліктілікті жетілдіру курстары өткізілді, Үкімет тарапынан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен басқа мемлекеттік органдар тарапынан келген тапсырыстарға үнемі ғылыми-талдамалық баяндамалар мен жазбахаттар дайындалып отырылады. Институтта Дінтану бөлімі ашылғаннан бері бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер мәжілістері өтті, халықаралық деңгейдегі мамандарамен, әртүрлі діндердің жетекшілерімен ғылыми мекеме мамандары кездесулер өткізіп, пікіралмасулар жасады. Демек, Институт мамандары өздерінің іргелі теориялық зерттеулерін дін мәселесіне қатысты заманауи практикалық өмірмен тығыз байланыстыруда.

Егер ғылым негізінен білімге, дәлелдеуге арқа сүйенсе, дін болса сенім арқылы догмалық тұжырымдарын өз жақтастарының санасына ұялатады, насихаттайды. Осы жерде әріптестеріміз атап көрсетіп жүргендей діннің ішіндегі өкілі тұрғысындағы көзқарас пен сырттай бейтарап зерттеуші тарапындағы ғылыми-зерттеу негізіндегі пайымдаулардың біршама айырмасы бар екенін айта кету керек [3]. Осы айырмашылықты анықтап, олардың сәйкес келіп түйісетін жерін көрсету қазіргі зертеушілерге өзіндік парыз деуге болады. Себебі, адамзаттың болашағында, түбінде дін, ғылым және мәдениет өзара ықпалдасып, ортақ адами мүддеге қызмет ете бастауы тиіс. Сонда көптеген қоғамдағы, мемлекеттегі дүниетанымдық және гуманитарлық қайшылықтар мен мәселелер ұтымды шешіле бастары анық. Мемлекет үшін дін әлеуметтік институт ретінде сонда нағыз гуманистік тұрғыны орнатушы тірекке айналары сөзсіз.

Қазақтардың тарихының арғы түркілік кезеңінде әртүрлі діни наным- сенімдердің орын алғанын жасырмауға тиістіміз, өйткені ол біздің нақты тарихымыз және болғаны дәлелденген дүниелер. Сонау Шамандық (бақсылық) пен Тәңіріге сенуге арқа сүйеген кезеңінен басқа Зороастризм, Будда, Христиан діндері қазақтың кең даласында өзінің кейбір көріністерін танытып отырған дәуірлер болғанын айта кету керек [4]. Ал аруаққа сену, қасиетті жерлер мен аңдарды қадірлеу дәстүріміз үшін өзінше бір төбе.

Қазіргі кезеңде оларды жоққа шығаруға тырысу және этноәлеуметтік кеңістікке дәстүрлеріміз бен салттарымызды мойындамайтын, «тазартылған исламды» енгіземіз деген әрекеттер де жоқ емес. Бірақ бұл ұлттың тарихи және мәдени құндылықтарын сақтау мәселесі өзектене түседі, өйткені ұлттық менталитеттің өрнектерін қадірлеу мәселесі алға шыға бастайды. Дегенмен, нағыз іргелі және жүйелі діни құбылыс ретінде қазақ болмысында, оның арғытарихында орныққан рухани құрылымға ислам дінін толықтай жатқыза аламыз, тіпті, ол қараханидтер дәуірінде түркілік тайпалар арасында «мемлекет дін» ретіндегі сипатын танытқанын атап кетуге болады.

Жалпы ислам философиясының осы кезге дейін елімізде әлі де кеңінен іргелі мағынада зерттелмей келгенін ескерсек, онда осындай сипаттағы еңбектерге қоғамда, жалпы гуманитарлық білім саласында өзіндік біршама сұраныстың бар екенін білдіреді. Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы ауқымында “Ислам философиясына” арналған екі томның жарық көруі бұл істегі маңызды қадам болғаны анық [5]. Әрине, Қазақстандағы діндер қазіргі заманда ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелу үстінде және олардың ерекшеліктері мен сипаттамалары жөнінде кейбір оқулықтар мен біршама сапалы ақпараттық-сараптамалық дүниелердің де жарық көре бастағанын айта кету керек. Мәселен, өткен, 2011 жылы елімізде «Религии в Казахстане: Хрестоматия» [6] деп аталатын екі томдық шығарма орыс тілінде және «Қазақстандағы діндер» деген қазақ тіліндегі екі томдық хрестоматия жарық көргені белгілі [7]. Әрине, осындай хрестоматиялар жаңғырып отыруы керек.

Бұл хрестоматияға бірқатар діндердің мәтіндері ғана емес, сонымен қатар олардың қазіргі заманғы негізге алынатын бірқатар құжаттары енгізілген. Жалпы осындай ұжымдық шығармалар еліміздегі әртүрлі конфессия өкілдерінің бір-бірлеріне шынайы ізетті қатынастарын орнатуға, біріншісі екіншісін жау көрмейтін деңгейге көтерілетін қатынастардың қалыптасуына ықпал етеді деген ойдамыз. Адамдардың бір-бірімен бейбіт қатар өмір сүруі, рухани ұстанымдардың бекітілуі және өзара көмек үлгілерін тарату сияқты принциптер еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың негізі екеніне Қазақстан Үкіметі баса назар аударады.

Әрине, діни сананың өзіндік ерекшеліктері мен сипаттары бар, оларға құрметпен қарауды үлгі еткен қаумдастықтың болашағы зор және ондай қоғамда көптеген қайшылықтардың алдын алу әрекеттері жүзеге асады.  Мемлекет пен діни конфесияның арасындағы қатынас барынша үйлесімді реттелген жағдайда зайырлы мемлекеттің өзінде діни ағымның қызметіне нұқсан келмейді, ол шексіз дәріптелмейді, немесе ретсіз кемсітілмейді, өзінің бірқалыпты іс-әрекеттерін атқара алады. Қазіргі тарихи кезеңде елімізде діни конфессия мен мемлекеттің арасындағы бірлесе жұмыс атқаруға болатын салаларға - халықаралық, этносаралық және азаматтық деңгейлердегі бітімгершілік, адамдар, халықтар және мемлекеттер арасында өзара түсіністікке және ынтымақтастыққа оң ықпал ету;қоғамда адамгершілік ұстанымдарын сақтауға атсалысу;рухани, мәдени, адамгершілік және патриоттық тәрбие және білім беру; ізгілік және қайырымдылық шараларын іске асыру, бірлескен әлеуметтік бағдарламаларды орындау және т.б. көптеген дүниелер жатады [7, 62б].

Қазақстан Республикасы Үкіметі мемлекет тарапынан исламның Құрбан айты мен Православияның Рождествосын ресми мейрамдауға жол ашып берді, осы қадамның арқасында елімізде біршама өзара түсіністік және сұхбаттастық қатынастарға жол салынды деуге болады. Тәуелсіз Қазақстан тарихи субъект ретінде өзінің саяси және рухани кеңістігін нығайта түсу мақсатында, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты тереңдете түсу бағытында ХХI ғасырдың басындағы он жылдың ауқымында біршама қомақты іс-шаралар атқарғанын атап өтуге болады. Солардың қатарына елімізде 2003 жылдан бастап әрбір үш жыл сайын өткізіліп тұрған әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің өткізілуі мен Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының жүзеге асырылуын жатқызуға болады. Бұл екі іс-шарамен қоғамның интеллектуалдық мұқтаждығы мен рухани сұраныстары толығымен қанағаттанбасы анық. Бірақ қоғамдағы мәдени диалогтық қатынастарға дайындық мен пәрменді қадамдар осындай іс-әрекеттерден басталары да сөзсіз. Өйткені, қоғам қазіргі жаһандану заманында дүниетанымдық оқшауланумен өмір сүре алмайды, ол өзара ықпалдасу ауқымында өзін оңды паш ете алады.

Міне, осындай күрделі процестердің қазіргі заманда теріс бағытқа бұрылып кетпеуі үшін әрбір саналы азамат әлемдік өзара диалогқа өзінің сүбелі үлесін қосуы тиіс. Сонда ғана болашаққа белгілі бір оптимизммен қарауға болады. Қазақстан Республикасында Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайын өткізу идеясы гуманистік бастама ретінде көтерілуі жаһандық деңгейдегі үлкен оқиға екені анық. Ол елбасының қазіргі әлемді гуманизациялауға, ғаламда тарихи қалыптасқан әртүрлі көзқарастарды диалогқа шақыруға ұмтылған сындарлы қадамы және әлеуметтік дүниені руханиландыруға қосқан қомақты үлесі болары сөзсіз.

Көпдіншілдік мәселесі қазіргі заманда жалғыз Қазақстан ғана емес өркениеттіліктің  біршама биігіне көтерілген Германия, Франция және Англия сияқты Еуропа елдерінің өзінде көпдіншілдік пен көпэтностық мәселесі күннен күнге өзектене түсуде. Сондықтан «діни сенімге, діни дүниетанымға деген мемлекеттің көзқарасы, ұстанымы қандай болуы керек?» деген сауал көптеген өркениетті елдер үшін ХХI ғасырда анықтала түскен іспетті. Яғни басқару органдары мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін, қоғамдағы тыныштықты, адамдардың еркін өмір сүруге деген құқығын қорғауға ұмтылады. Әртүрлі діндердің бір-бірінен теологиялық артықшылығы туралы таласты ешкім шешіп бере алмайды, тек ортақ мәмілеге келудің жолы бейбіт қатар сыйластықпен өмір сүру екенін зерделеген елдер де көптеп саналады.

Болашақта біздің Институтта Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану инстиутымен біріге отырып «Қазақтардың рухани өмірі: әл-Фарабиден Абайға дейін» тақырыбын Ғылым дамуының басым бағыты: «Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасы ауқымында қарастыру жоспарланып отыр.

Ғылыми-зерттеу жобасының мақсаты – қазақ халқының әл-Фараби заманынан Абайға дейінгі рухани әлемінің дүниетанымдық, этномәдени негіздерін  жүйелеу және оны тұтастанған ғылыми сипатта зерделеу.Ханифа мазхабы ілімі мен ұлттық мәдениет әрекеттестігінің дәрежесін, бұрынғы ұлттық идея қызметіндегі оның рөлі, дін қайраткерлерінің идеологиялық бағдарларының мемлекеттілікпен өзара байланысын,  дәстүрлі исламның ұлы өкілдерін зерделеу арқылы дәстүрлі қазақ мұсылман қоғамын нығайтудағы олардың алатын орнын анықтау.

Сонымен қатар екі Институттің болашаққа жоспарлаған діни мәселелерді зерттеу бойынша мақсатты бағдарламасы жасалынды. Оның атауы  – «Қазақстанның тарихи және рухани-мәдени дамуындағы діннің рөлі: дәстүр және қазіргі заман». Бұл бағдарлама да жоғарыдағы «Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасы ауқымында жоспарланған.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы