Әдебиет әлеміндегі мерейтойлар

Жарияланған: 29.10.2018


      Қараңғы қазақтың көгіне күн болуды армандаған  жерлес  ақын, алашордашы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың - 125 жылдығына, қазақ прозасына, драматургиясына жемісті еңбек еткен, Қазақстанның  Халық жазушысы атағына ие болған ірі қаламгер Тахауи Ахтановтың және  сұрапыл соғыс және соғыстан кейінгі кезді қаламына арқау еткен тағы бір Халық жазушысы  Мұзафар Әлімбаевтың - 95 жылдықтарын мектебімізде атап өттік. Әдебиеттің бұл ірі тұлғаларының туған күндері осы қазан айында болғандықтан әдеби кешімізге үшеуінің де шығармашылығын тақырып етіп алдық. 5-8-сынып оқушылары мерейтой иелерінің өмір жолдарын, жазушылық қызметі, шығармаларының алуан тақырыптылығын ортаға салып, өз пікірлерін білдірсе, 9-сынып оқушылары   Тахауи Ахтановтың «Күй аңызының»   мазмұнына тоқталып, кейіпкерлер іс-әрекетіне баға берді.  Сонымен қатар мектеп кітапханашысы Идрисова Динара үш қаламгердің шығармаларын насихаттауға арналған көрменің таныстырылымын жасады.      

       Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэзиясына арнайы «Шығамын тірі болсам адам болып» деген атпен мәнерлеп оқу сайысын өткізуге жеке бір күн арнадық. Сайыс шарты бойынша оқушылардың ақын шығармаларын мәнерлеп оқу қабілетімен бірге сол өлеңдердің идея, тақырыбын түсіне білетіндіктері сынға түсті. Сонымен қатар шығарма көлемі де ескерусіз қалмады.   Жалпы әділқазылардың шешімі бойынша І орынды 2-сынып оқушысы- Орынбай Жантөре, ІІ орынды 2-сынып оқушысы – Идрисов Санжар иеленсе,  жүлделі ІІІ орынды 2-сынып оқушысы Қабиден Нұртуған және 4-сынып оқушысы Идрисов Арман  бөлісті. Ынталандыру сыйлықтары   4-сынып оқушысы Арысбай Әрсен және 2-сынып оқушысы Серікбай Алияға бұйырды.

        Оқушыларымыздың дүниетанымын  кеңейтіп, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруда осындай шаралардың көптеп өткізілуі оң ықпалын тигізеді деген ойдамыз.

А.І.Мұрсалова. Қаражар жалпы негізгі білім беру мектебі.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы