«Болашақ заманның програмистері»

Жарияланған: 11.01.2019


ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам, технологиялық мәдениет дәуірі. Ғылыми - техникалық әлеумет және оның өзін-өзі дамытуға қабілеттілігі жалпыға бірдей бәсекелестік жағдайында басты фактор ретінде қарастырылуда. Ақпараттық технология – экономиканың және бүкіл қоғам мен мемлекеттің “ілгерілеуінің” белгісі. Заманауи ақпараттық қоғамның қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосатын «Болашақ заманның програмистері» атты жобасы жалғасын табуда.

Баянауыл №2 жалпы орта білім беру мектебінде 2018 жылдың 26 желтоқсан айынан 4 қаңтар айына дейінгі аралықта Англиядағы Уорвик «Оксфорт» университетінің түлегі әрі доктор дәрежелі қызметткері және осы мектептің түлегі Шайхина Торғын Ерлановнаның жетекшілік етуімен «Болашақ заманның программистері» атты курс ұйымдастырылды. Курстың мақсаты: ауыл мектептеріндегі талантты балаларды дамыған елдердегідей программалауды меңгеруге  талпындыру.

Сонымен қатар мектебімізде екі айдай уақыт ішінде Шайхина Торғын информатика пәні мұғалімі болып қызмет жасады. Атап кетсек, 2016 жылы Торғынның ұйымдастыруымен мектебімізге волонтерлар келіп, Назарбаев университетінің қолдауымен пилот ретінде ауданның 8 мектебінің оқушыларына осы бағдарлама бойынша курс өткізді. Курс соңында 15 ноутбукты мектебімізге табыстап кетті. Аталған жұмыстар балалардың білімдерін тереңдетуде маңызы зор болды.

Мектебімізге келген волонтерлар 6-7 сынып оқушыларына информатикалық бағдарламалаудың түрлерін таныстырып, тәжірибелік жұмыстар, атап айтқанда: электронды құттықтау постері, белгілі бір тақырыпта тест, сайт жасау, компьютерлік ойындар құрастыруды үйретті. Оқушылар жасалған жобаларын ағылшын тілінде ата-аналар мен аталған бағдарламаның мамандарына таныстырып, тестілеуге өз жұмыстарын ұсынды. «Бағдарламалауды үйрену үшін дамып жатқан елдердегі ауыл мектептерінен жас дарынды ұрпақты шабыттандыру» мақсатында құрылған жобасына Кейт Хитвард (Уорвик «Оксфорд» университетінің түлегі, Лондон қаласы, медиа компаниясының жобалық менеджері) және  Азпироз Дэвид (Уорвик қаласы, Ягуар-Лэнд-Ровер көлігін құрастыру компаниясының көлік-инжинері) ат салысты. Курс соңында әр қатысушы оқушыға сертификаттар табысталды.

Арнайы мектепке келіп, тегін оқытулары асқан қуанышқа бөлеп отыр. Торғынның туған ауылына келіп, өз мектебінде балаларға осындай жаңашырлықпен оқыту ұйымдастырып жатқаны «Туған жерге тағзым» деген Елбасымыздың бағдарламасының айқын көрінісі болып табылады.

Демек, компьютер және ақпараттық технологиялар арқылы жасалып жатқан оқыту процесі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды жүйелік байланыстар мен заңдылықтарды табуға итермелеп, нәтижесінде - өздерінің кәсіби потенциалдарының қалыптасуына жол ашты деуге болады.

Айта кетер болсақ, осы курстың барлық өтілу шығынын Торғын өзі көтеріп отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта  үш пәндерден, яғни информатика, физика, математикадан  оқушылар арасында мектепішілік пәндер олимпиадасын өткізуді жоспарлап отыр. Оған өзі демеуші болып жүлделі орынға 100 000 теңге көлемінде сыйақы тағайындап жатыр.

Әрбір оқушыға информатика ғылымы негіздерінің алғашқы фундаментальды білімін беру мақсат ұстанған Торғын, келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие беріп, жас ұрпақты әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал етті. Болашақта туған жеріне, өзінің мектебіндегі білім алып жатқан келешек ұрпаққа осындай игі істер түлектер атынан жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір:

Бейсенбина Назигуль Толеутаевна, ата-ана:

«Болашақ заманның программистері» курсы балаларым үшін маңызы зор болды. Курстың жабылу салтанатында әр оқушының жасаған жобаларын көріп, нәтижелі курс болғанына көз жеткіздік. Оқушылар осы курстың барысында әр-түрлі тақырыптарға ойындар, анимациялар, мен мультфильмдер жасады. Осы курстың жетекшісі Шайхина Т.Е., Ұлыбританиядан келген волонтерлерге және Баяннауыл №2 жалпы орта білім беру мектебінің әкімшілігіне алғысым шексіз».

Жумабаева Камшат Құрманғазықызы, ата-ана:

 «Баянауыл №2 жалпы орта білім беру мектебінде «Болашақ заманның  программистері» атты жоба өткізілді, оны Ұлыбританиядан келген ұстаздар Kate пен  David  және өзіміздің Баянауылдың тумасы Шайхина Торғын Ерланқызы өткізді. Осы ұстаздардың арқасында оқушылар Scraten программасымен анимация, ойын, ертегі жасауды және Sublime text прогараммасымен веб-сайт жасауды үйренді. Әрине барлық сабақтар ағылшын тілінде өтті. Ауылдық жерде тұрып шет елден келген ұстаздардан тегін тәлім алған біздің балаларымыз үшін  керемет бақыт болып табылады.   2 айдың  ішінде балалар мектепке ерекше қызығушылықпен барып, ағылшынша сөйлеп, компьютердің соңғы үлгідегі программаларын игеріп алды. Ата-ана ретінде курстың өтілуіне ат салысқан Баянауыл №2 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Мурсалова Шынар Ілдебайқызына зор алғысымызды білдіреміз. Және Шайхина Торғын Ерланқызына айтарым, өз туған жерін, мектебін ұмытпай, артынан еріп келе жатқан болашақ ұрпаққа өз білгенін үйреткені үшін алғысымыз шексіз. Баянауыл жерінде осындай шәкірттер көп болсын дегім келеді».

Директордың тәрбие жөнінде орынбасары

 Тлеубаева Динара Арғынқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы