• Меню » Жаңалықтар » Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтың есептік кездесулері Ұзынбұлақ, Сәтбаев, Құндыкөл және Жаңажол ауылдық округтерінде жалғасты.

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтың есептік кездесулері Ұзынбұлақ, Сәтбаев, Құндыкөл және Жаңажол ауылдық округтерінде жалғасты.

Жарияланған: 24.01.2020


Керегі: сапалы жол мен интернет

Ұзынбұлақ ауылында өткен жиында республикалық трассадан бастап, ауылға дейінгі жолдың сапасыздығы және ауылдық округтің елді мекендеріне кең жолақты интернет желісі мен ұялы телефон байланысы жоқтығы айтылды.

Округ әкімі Асқар Мұқанов өз баяндамасында 2020 жылы Ақши және Ұзынбұлақ ауылдарында жасалар жұмыстардың жоспарымен таныстырды. Биыл Ақши ауылында мектеп жанынан шағын балабақша ашу, балалар ойын алаңын салу, ауыл клубына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ал, Ұзынбұлақ ауылында мәдениет үйінің сыртқы қасбетіне жөндеу жасалып, Е.Бекмаханов атындағы мектептің спорт және акт залдарының еденінің тақтайлары айырбасталмақ. Сонымен бірге, округтегі 2 орта мектептің барлық есік-терезесі заманауи өнімдермен алмастырылып, ішіндегі электр қуаты жүйесіне жөндеу жасалмақ.

Әбікей Сәтбаев есімін ұлықтайық!

Қ.Сәтбаев ауылында өткен жиында округ әкімі Қалым Әмиев өз баяндамасында жаз бен күзде орын алған дала өртін ауыздықтауға жәрдемдескен ауыл азаматтарына алғысын жеткізді. Сонымен бірге, мұсашормандық ағайынды таза ауыз су тартылатынын айтып, қуантты.

Ал, аудан әкімі Қанат Кәрімов халықтан Қалым Нағымтайұлының жасаған жұмысына баға сұрап, көңіл толарлық жауап алды.

Аудан әкімі осыған дейін талқыланып келген күзетшілерді қысқарту мәселесі келесі жылға қалғанын қуанышпен баяндады.

Есептік жиында ауыл тұрғындары Шадыра мектебіне Әбікей Сәтбаевтің есімін беруді сұрады.

Сәті келіп тұрғанда, Ертіс-Баян өңірінің көрнекті педагогы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев жайлы аз-кем сөз қозғай кеткеніміз жөн болар. Ол бар күшін, білімін, тәжірибесін жаңа ұрпақты мектеп қалыптастыру ісіне салды. Оның жетекшілігімен ауылдарда сауатсыздықты жою акциясы жүргізілді. «Мұғалім қандай болу керек?», «Ағарту жұмысында не шара қолдануымыз керек?» және өзге де мақалаларында білім және ағарту мәселелерін, қазақ халқының дамуы жолдарын қарастырды, жастардың білім ерісін кеңейту кажеттілігі, сөйлеу және жүріс-тұрыс мәдениетін, әдеби тілді қолдану икемділігін калыптастыру мәселелерін көтерді. Әбікей Зейінұлының сол мақалаларда айтқан пікірінше, нағыз ұстаз үшін әз атын, қадірін сақтай білу, еңбегінің түпкі мақсатында қателеспеу, қиындықтарды шыдай алу өте маңызды. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері арасында көптеген ғалымдар, республиканың белгілі мемлекет қайраткерлері бар. Солардың арасынан академик Қ.Сәтбаевты атасақ жетер. Көзкөргендердің естеліктерінде Әбікей Зейінұлы дарынды педагог, талапты, зиялы, ой өрісі кең, жан-жақты білімді, өзіншелігі мол адам болғаны айтылады.

Ауыл тұрғыны Оразбай Жанайдардың ескі мектеп ғимаратынан намазхана ашу ұсынысы алдағы уақытта жан-жақты қаралатын болды. Жарық тарифінің қайта енгізілуін сұраған Шарапиден Мұзафаровтың мәселесі ұзақ уақытты талап ететіні белгілі болды. Ал, Қайриден Мұзафаров көтерген аудан орталығындағы дәретхана мәселесі кәсіпкерлер жиынында талқыланбақ. Өз шаруқожалығына су тартуды сұраған тұрғынның мәселесіне, аудан әкімі сол шаруашылық иесінің өз жұмысын қорғауы арқылы талап ете алатынын айтты. Сонымен қатар, өзге де жиындарда жиі көтерілген мәселе – ауылда тұрақтап қалған шаруақожалықтардың өз жерлеріне көшіп, қоныстануы қолға алынбақшы. Соған қарай үй-жай салуға субсидия беру қарастырылады.

Көше жарығы тартылмақ

Есептік жиын Құндыкөл ауылында жалғасты. Өзінің жылдық есебінде округ әкімі Самат Ыбыраев Жасыбай-Біржанкөл автожолы жобасының дайындалып жатқанын, мәдениет үйінің сырт келбетіне жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Телкен Ақбаев көмір бағасының қымбаттығына, стадион мәселесіне, жол тазалайтын трактор қажеттігіне және ауыл іші тазалығы мәселесіне тоқталды. Бұл мәселелерді аудан басшысы өзі қадағалайтынын айтты.

Баянауыл аудандық алқа билер кеңесінің мүшесі Қайрат Байдилдин түнгі жарық мәселесін қозғап, «Ауылға жарық тарту жоспарда бар», - деген жауап алды. Ауыл тұрғыны Әсемгүл Егембергенова атаулы әлеуметтік көмектің жаңа шартына уәж білдірді.

Ауылға - ауыз су

Есептік кездесу Мәшһүр Жүсіп ауылында жалғасып, жиында округ әкімі Төлеген Тілеубаевтың баяндамасында ілкімді істердің атқарылатыны баяндалды. Солардың ішінде аяқталмай қалған Құндыкөл-Жаңажол бағытындағы жол соңына жеткізілетіні және ауылға таза ауыз су құбыры тартылатыны айтылды.

Жиын барысында аудан әкімі Қанат Кәрімовке ауыл тұрғыны Абай Икишов  интернет желісінің нашар екенін назарға алуды айтты. Бұл мәселе республикалық деңгейде шешіледі деп түсіндірілді.

Аудан әкімі есептік кездесулерден кейін әр ауылда тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы