Baqyt Haıdarovtyń týǵanyna - 100 jyl

Жарияланған: 15.05.2019


«Dańq» ordenderіnіń tolyq ıegerі

Екінші дүниежүзілік соғыста жаумен арыстанша арпалысып, өзінің ержүрек ұрпақтың өкілі екенін ерен ерлігімен дәлелдей білген қазақ ұлтынан шыққан қаһарман ұлдардың бірі – Бақыт Хайдаровтың туғанына 100 жыл толды.
Жаңатілек ауылдық округінде дүниеге келген Бақыт Хайдаровтың жастық шағы өте ауыр жағдайда өтті. Жастайынан ыстық-суықты, өмірдің ащы-тұщысын татып шынығып, шымыр өскен Бақыт ат спортына бейім болған көрінеді. Бірнеше рет аудандық, облыстық, қалаберді республикалық жарыстарға қатысып, намысты қолдан бермей, жеңімпаздар қатарына ілініп, сан рет жүлделі оралған.
1935 жылы 16 жастағы өрімдей жас Павлодар қаласында совхозаралық бригадирлер мектебін бітіріп, Шақат совхозында бригадир болып еңбек етті. 1938 жылы Павлодар қаласындағы технологиялық техникумға қабылданды. 1939 жылы қыркүйек айында Кеңес Үкіметінің жалпыға бірдей міндетті әскерге шақыру заңы шықты. Осы жылы Бақыт Хайдарұлы алғашқылардың бірі болып, 18-қарашада әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын атқаруға аттанды. Ленинград (Санкт-Петербург) әскери округінде әскери міндетін өтеп жүрді. Жас жауынгер көп ұзамай осы жерде Кеңес-Фин соғысына қатысты.
1940 жылы наурыз айында кезекті бір ұрыста жараланып, майданда көрсеткен ерлігі үшін есімі жазылған алтын сағатпен марапатталды... Бақыт Хайдаров Ленинград майданында 46-шы Суворов орденді (Лужской) дивизиясына қарасты 176-атқыштар полкінде аға сержант шенінде алдыңғы шепке оқ-дәрі жеткізіп тұратын взводтың командирі болып тағайындалып, 1941 жылдың маусым айының соңынан Ленинград қаласының түбінде ұрысқа кірді... «Ленинградты қорғағаны үшін» медалі аға сержант Бақыт Хайдаровтың да омырауына тағылды. Бірақ Ұлы Отан соғысы аяқталған жоқ. Алда әлі де үлкен шайқастар күтіп тұрды.
...Ленинград қаласы 1944 жылы ақпан айында неміс фашистерінің қоршауынан босатылды. Осыдан бастап Бақыт Хайдаров әскери міндетін атқарған Суворов орденді 46-гвардиялық атқыштар дивизиясы Ленинград майданының құрамында неміс фашистерін батысқа қарай ығыстыра бастады... 76 мм зеңбірек батареясының аға сержанты Бақыт Хайдарұлы – Оленино елді мекені үшін болған қырғын соғыста 1944 жылдың 2-сәуірі күні фашистердің шабуылы кезінде қырықтан астам немісті жер жастандырып, бір станокты пулеметін және бір ірі калибрлі пулеметті жойып жіберді.
Командованиенің берген тапсырмасын мүлтіксіз орындағаны үшін, шешуші сәтте қарсы шабуылға шыққан фашистердің шабуылын тойтарып, жеңісті жақындатқаны үшін 176-атқыштар полкі командирінің бұйрығымен аға сержант Бақыт Хайдаров «За боевые заслуги» медалімен марапатталды.
1944 жылы шілденің 4-і мен 19-ы аралығында Мустаоя елді-мекені үшін қатты ұрыс болды. 17-шілде күні жаудың нөсердей жауған снарядтарының астында алдыңғы шепке оқ әкеле жатқан бір топ артиллерист жарақат алды. Бақыт Хайдаров та қатты жараланды. Взвод командирі оққа ұшты. Оқ бітті! Көп күттірмей жау әскерлері де шабуылға көтерілді. Осы бір қиын-қыстау шешуші сәтте жаралы Бақыт Хайдаров взводты айнала қоршаған жау солдаттарына шабуылға шығып, оларды тас-талқан етіп артиллеристерді дер кезінде оқ-дәрімен қамтамасыз етті. Осы ерлігі үшін, командованиенің берген тапсырмасын мүлтіксіз орындағаны үшін, 46-атқыштар дивизиясы командирінің бұйрығымен Бақыт Хайдаров ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Госпитальдан емделіп келгеннен кейін де Бақыттың зеңбірегі үнемі алғы шепті шабуылдаушы әскери бөлімнің қатарында болды.
...Жанқиярлық ерлігі үшін командованиенің берген тапсырмасын мүлтіксіз орындап шыққаны үшін Бақыт Хайдаров ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сонымен қатар оның омырауында «Таллинді азат еткені үшін» медалі, «За боевую доблесть» медалі, «Отличный артиллерист» төсбелгісі жарқырады.
...Қаңтар айының екінші жартысында 1945 жылы фашистердің мықты қорғаныс линиясы Розенберг пен Розенбург қалаларын шабуылдау кезінде Бақыт Хайдаров фашистердің үш танкісін, өздігінен жүретін үш зеңбірегін, екі 75 мм зеңбірегін, үш станокты пулеметті бүкіл тобымен құртып жіберді. Осы ерлігі мен батырлығы үшін, зеңбіректі ұрыс кезінде тактикалы шебер басқара білгені үшін Бақыт Хайдаров ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
1945 жылы наурыз айында Гросс Мальзау қаласы үшін болған қиян-кескі ұрыс болды. Сол ұрыста Бақыт Хайдарұлы ерлікпен қаза тапты.
...1945 жылдың 25-маусымында, қаза тапқаннан кейін, Кеңес Одағының Жоғары Кеңес Президиумының Указымен Бақыт Хайдаров І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Мұхамед-Қайыр ШӘРІПОВ,
«Найзатас» журналынан ықшамдалып алынды.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы