Aýyl – el besіgі

Жарияланған: 15.05.2019


Ұзынбұлақ ауылында округ әкімі Асқар Мұқановтың бастамасымен төртінші жыл қатарынан «Ауыл – ел бесігі» шарасы ұйымдастырылды. Жылдағы дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алуға және ұлттық ат спортын насихаттау мақсатында өткен шараға Баянауыл ауданының барлық ауылдарының, Қарағанды облысының бірқатар ауылдарының спортсүйер қауымы қатысты.
Шара үш бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімді округ әкімі Асқар Мұратұлы құттықтау сөзімен ашып, Ұлы Отан соғысында және елге оралғаннан кейін қайтыс болған ардагерлерді еске алды. Марқұмдар рухына құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Қасиетті Рамазан айында ауыл азаматтарының бастамасымен мешіт салу ісі қолға алынған болатын. «Жүрекке иман ұяласын» деп аталған екінші бөлімде мешіт салатын орын белгіленіп, жобасы мақұлданды. Шараға арнайы қатысқан Мұса мырза мешітінің ұстазы Берікбай Германұлы мен ауыл ақсақалы Қайыр Аулабаев ауыл жастарын имандылыққа шақыруда мешіттің орны мен мәні зор екенін атап өтті.
Үшінші бөлімде ауыл тұрғындары мен қонақтар бәйгетөбе басына жиналды. Әуелі ауыл өнерпаздарының мерекелік концерті ұйымдастырылды. Концертті ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Самат Абжанов пен Е.Бекмаханов атындағы мектептің оқушысы Жансая Ғинаят жүргізді. «Әжелер» ансамблі, әнші бүлдіршіндер мен биші бойжеткендер көрерменге қуаныш сыйлады.
Ұлттық спорттық ойындарды дамытуды қолға алған ауыл азаматтары жылдағы дәстүрден жаңылмай шара ауқымын кеңейтуде. «Теңге алу» ойынында ептілік танытқан Ұзынбұлақ ауылының қос азаматы Нұрзат Тайтөлеу мен Даниял Орал бірінші-екінші орындарды жеңіп алды. Көршілес Төрткөл ауылынан келген Төлеген Серғазиев үшінші орынға ие болды. «Аударыспақ» сынында Ұзынбұлақ ауылының палуаны Әлібек Тайтөлеу барлық қарсыластарынан басым түсті. Жаңақала ауылынын келген палуан Нариман Қасенов екінші, Ұзынбұлақ ауылының палуаны Арыстан Ақылбеков үшінші орынды жеңіп алды.
Сәйгүліктер бәйгесі үш қашықтықтан тұрды. «Тай жарыс» бес, «Тоқ бейге» он бес, «Аламан бәйге» отыз шақырымды құрады. Әр бәйгеде мәре сызығына бұрын жеткен алты сәйгүлікке жүлде берілді. Бәйгеде жалпы саны қырықтан аса жүйрік бақ сынады.
Тай жарыста көршілес Родниковский ауылының атбегісі Леня Спиридоновтың тайы шашасына шаң жұқтырмай, өзге тайлардан оқ бойы озып келді. Бұқар жырау ауылының атбегісі Нұржан Ермековтың тайы екінші, Ақши ауылының атбегісі Бақыт Жәминовтың тайы үшінші орынға ие болды. Тоқ бәйгеде Мұса Шорман ауылының атбегісі Серік Әутаевтің тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Ал, Ұзынбұлақ ауылының атбегісі Ерлан Сейітқожановтың арғымағы екінші, Родниковский ауылының атбегісі Леня Спиридоновтың жүйрігі үшінші болып келді. Ауыздығымен құс тістеген жүйріктер бәсекесі – аламан бәйгеде ақшилік Қайрат Түсіпбековтің сәйгүлігі алдына қара салдырмады. Родниковскийден келген Юра Спиридоновтың жүйрігі екінші, төрткөлдік Өміртай Серғазиевтің жүйрігі үшінші жүлдені иеленді. Жаңатілек ауылының тұрғыны Жабай Мұсабаевтың тұлпары мәреге төртінші болып келсе, Ж.Аймауытов ауылының тұрғыны Ербол Байкиннің жүйрігі бесінші орынға ие болды. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздар мадақтама грамоталарымен, естелік медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айтулы шараға ауыл азаматтарының барлығы бір кісідей жұмылып, қаржылай және заттай демеушілік жасады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы