Ақсаңда Аңсар мешіті ашылды

Жарияланған: 23.07.2018


Ұлық та қасиетті жұма күні Ақсаң ауылында «Аңсар» мешітінің салтанатты ашылуы болды. Алла үйінің ашылуына жиналған ауыл тұрғындары Жаратқаннан нығмет тілеп, игі іске бастамашы болған, атсалысқан азаматтарға алғыс жаудырумен болды. Салтанатты ашылу рәсімі батамен ел көгеретінін айғақтап, ақ бата тілеумен басталды. Аудандық Мұса мырза мешітінің бас имамы Саян қажы Қожин марқұмдар рухына құран бағыштады.
Жас айтыскер ақын Азамат Базарбай арнау жырымен сауапты істің себеркерлерінің ерен ісін жырға қосты:
...Асыл халқым,
Жадыраған жұмада жүзің жарқын.
«Аңсар» атты мешітің құтты болсын,
Аңсап күткен ақсандық кәрі-жасың.
Рустам, Руслан ағаларым мешіт салды,
Бір Алла екі дүниеде жарылқасын.

...Мешітке толсын деймін жамағатың,
Бір Алланың жаудырып шапағатын.
Құдайға құл, Мұхаммедтің үмбетінің,
Бір Аллаға көбейтсін махаббатын, - деп жас ақын жырға қосқан қос оғлан полиция полковниктері Рустам мен Руслан Құдешевтер Ақсаң аулынының тумалары. «Әке көрген оқ жонар» дегендей ата жолын жалғаған азаматтар туған жерге ту тігіп, өскен ортасына сауапты ісімен құрмет білдірді. 
Салтанатты ашылу рәсімінде Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Әзілхан Əбеуов құттықтау сөз сөйледі. Павлодар облысының өкіл имамы, облыстық Мəшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы сөз сөйлеп, мешіт атауына түсінік берді. «Аңсар» сөзі Құран Кәрімде кездесетін сөз. Мәдинада өмір сүріп, Меккеден көшіп келген сахабаларға көмек көрсеткендерді – «Аңсарлар» деп атайды. Аңсар – шынайы көмек көрсетуші. Сол секілді, бұл мешіт көмек беруші есебінде. Ол адасқан, қиналған жандарға қолдау көрсетеді, жүрегімізді тазартады, Алланың ризашылығын алуға себепкер болады. Сол себепті мешіт атауын «Аңсар» деп қойдық», - деді Жолдас қажы. Сондай-ақ ол ауыл тұрғындарына «Аңсар» мешітінің жаңа имамы Серік Кəрамбаевты таныстырды. Жас имам 2014 жылы Павлодардағы «Əбу Бəкір Сыддық» медіресесін тәмамдаған. Бұған дейін Павлодардағы «Әбу Бəкір» мешітінде наиб имам болып қызмет етті. Жас имамға ауыл тұрғындары құрмет көрсетіп, еңбегіне жеміс тіледі.
Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қорабай Шəкіров азаматтар ісінің сауаптан болуын тілесе, республикалық «Уақып» қорының президенті Қайрат Айтбай жаңа имамның еңбек ақысын реттеп беруге уәде етті. Бұдан бөлек ауыл ақсақалдары мен əжелері ізгі ниетін білдіріп, жаңа мешітке сыйлықтар табыс етті.
Ашылу рәсімінің ең жауапты әрі маңызды сәті мешіттің лентасын қию сәті қуаныштың шарықтаған белгісі болды. Ақ әжелер шашу шашып, қазақтың жөн-жоралғысын көрсетті. Бұдан кейін Жолдас қажы мешіттегі алғашқы уағызды айтып, жамағат алғашқы жұма намазын оқыды.
Ауыл тұрғындарының қуанышын спорттық шаралар жалғады. Бес салмақ дәрежесі бойынша жасөспірімдер мен ересектер қазақ күресінен сынға түсті. Сонымен бірге түйе палуан бәсекесі де өз мықтысын анықтады. Қол күрес пен қой көтеру сыны да өте тартысты өтті.
Алланың жердегі үйін салып, ауыл тұрғындарын имандылыққа шақырған жанашыр азаматтардың ісі берекелі болсын!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы