«Қарттарым- асыл қазынам»

Жарияланған: 03.10.2018


      Ей, болашақ!

      Қарт келеді зиялы,

      Кейімесін ата-қыран ұялы,

      Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін.

Атаң саған ұзақ өмірін қияды-деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, аға буынға әрдайым ізет-құрмет көрсету әр адамның парызы. Аға буынның қоғам өміріне қосқан үлесіне ризашылық білдіру, егде адамдарға жұртшылықтың назарын аудару, олардың ішкі әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау, қоғам өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету – Қарттар күнін атап өтудің негізгі мақсаттары болса керек. Осы мақсаттарды негізге ала отырып Құндыкөл ауылында Халықаралық Қарттар күніне белгіленген жоспарға сай бірталай іс-шаралар өтті. Мереке қарсаңында мектеп оқушылары қариялардың, ардагер ұстаздардың үйлеріне барып құттықтап, қажет дегендеріне үй шаруашылығына қолғабыс етті.

1-қазан күні Ә.Марғұлан атындағы орта мектептің мәжіліс залында «Қарттарым - асыл қазынам» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ауыл әкімі С.Ы.Ыбраев қарттарға өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Оқушылардың орындауында аналарға, әкелерге, ата-әжелерге арналып шырқалған әндер көпшілік көңілінен шығып, үлкендер ықыласына бөленді. Даярлық топтың кішкентай бүлдіршіндері өздерінің жаттаған өлеңдерін оқып, әсем әндерімен жұртшылықты тамсандырды. Концерт соңынан жиналған қариялар Ә.Марғұлан атындағы мектеп мұражайына жиналды. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш тілде «Тұлғаны тану» танымдық жиыны өтті. Оқушылар үш тілде Әлкей Марғұланның өмірбаянымен, еңбектерімен жиналғандарды таныстырып өтті. Мерекелік шаралар мәдениет үйінде қарттарға арнайы жайылған дастарханмен жалғасты. Ақ сақаллды аталар мен ақ жаулықты аналар дастархан басында сүйікті әндерін шырқап, көңіл көтеріп, ұйымдастырушыларға бата-тілектерін білдіріп тарқасты.

                  Сағынып талай жыр туар,

                  Оралар әлі-ақ сан жыршы.

                  Даламның иісі бұрқырап,

                  Қарттарым, аман-сау жүрші!

Қарты бар елдің  – қазынасы бар. Келешек ұрпаққа өмір жолдары өнеге,еңбек жолдары үлгі боларлық ақылшы, данагөй тұлға, саялы бәйтеректерімізге ерекше құрмет үнемі жалғасын таба берсін!

Ахметова Алтынай Қасымқызы

Құндыкөл ауылы,

Ә.Марғұлан атындағы жалы білім беретін орта мектеп

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы