Ardager

Жарияланған: 15.05.2019


Жақын күндері редакциямызға ер адам кіріп келді. Қолында папкасы бар. Папкасының шетінен медальдар мен куәліктер көрініс берді. Біз сол кезде 9-мамырға қарсы газет беттерін дайындап, мақалаларды жинақтап отырған болатынбыз. Көзімізге оттай басылған медальдар мен сарғайған қағазға көк сиямен маржандай тізілген сөздерді көріп, соғыс ардагері туралы материал әкелген-ау деп ой түйдік. Іштей қуанып та тұрмыз. Қуаныштың себебі, газет бетін толтыру емес. Солай ойласаңыз, әсте жаңылысасыз. Біздік мақсат – зұлмат соғысты көрген, ашаршылықтан өткен, небір сойқанды бастан кешкен боздақтарды халыққа таныту.

Ойымызды дөп басыппыз. Қуат есімді азамат редакциямызға Әзмәхан Үсенов жайлы мағлұматтарды жинастырып, газет бетіне шығарсам деген ниетпен әкелген екен. Қуаттың өзі ол кісінің немересі. «Атамыздың өмір жолын, еңбегін танытуды мақсат еттік» - деген немересінің сөзі шаңырақтың тірегі мен бәйтерегі болған ақсақалға деген үлкен құрмет екенін түсіндік.
Қуат Ажмұқановтың бізге ұсынған қағаздарын сөйлетіп көрелік... Әзмәхан Үсенов «Өмір тарихым» деп қолжазбасын қалдырған екен. Қолжазба 1952 жылдың 19-ақпанында жазылған. «Үсенов» деп қол да қойыпты. Онда:

«Мен, Үсенов Әзмәхан 1895 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, қазіргі Қызыл-қоғам ауыл советінде кедей шаруаның семьясында тудым. Әкем Үсен – кедей шаруа. Бірге туған ағам Уәли де революцияға дейін жалшылықта болған...» - деп жазылған. Туған туыстарынан сотты болғаны, тұтқында болғаны және шет мемлекетте болғаны жоқ екенін де өмірбаянында көрсетіпті.
Әзмәхан Үсеновтың өз қолымен жазылған тарихынан балалық шағының ауыртпашылықпен өткенін байқауға болады. Туғанынан 18 жасына дейін, яғни, 1913 жылға дейін ағасы Уәлидің қолында болған екен. Бірақ, оның себебі бізге беймәлім...
Жастайынан шаруаға жегіліп, қауырт қызмет атқарған Әзмәхан Үсенов 1929-1931 жылдары Жаңажол колхозында орынбасарлық қызмет атқарған екен. Ол кездері шаруалардың еңбегі жоғары бағаланатын дәурен болған ғой... Одан кейінгі екі жылда Баянауылда кеңестік партия мектебінде оқып, 1933 жылға дейін Үлгі колхозында бастық әрі парторг болған. Молотов атындағы колхозда да партиялық ұйымдастырушы ретінде қызмет жасаған. Одан кейінгі жылдары Семейде партия курсын оқып, «Тарақты» советінің председателі, Жаңажол, Октябрь колхоздарында колхозшы, председатель ретінде жүйелі жұмыс жасапты. Жастайынан мал бағып қызмет қылып, бұл жұмысқа икемі болғаннан соң аудандық мал дайындау мекемесінің басшысы қызметін де абыроймен атқарған. Соғыс жылдары Жамбыл атындағы, Сталин атындағы колхоздарда председатель болып жұмыс істеген. 

«1932 жылдан партия мүшесімін. 1936 жылдың 1-мартында Үлгі колхозында мал басы кеміді деген жаламен сырттан қарап партиядан шығарды. Тағылған кінәлар дұрыс болмағандықтан 1937 жылы ҚК(б)П Орталық комитетінің көшпелі коллегиясы қайтадан партияға востанавить етті. Басқадай партиялық жаза алғаным жоқ. Әйелім де кедей шаруаның қызы. Менің қысқаша өмірбаяным – осы», - деп жазыпты өзі.

Біздің кейіпкеріміз соғыс жылдары колхоздың ахуалын арттыру мақсатында жұмыс жасағанын оған табысталған медальдар арқылы байқауға болады. Қажырлы қызметі, ерен еңбегі үшін алған наградалары жемісті жұмысы үшін берілгендігі ақиқат.
Әзмәхан Үсеновтың қажырлы қызметін өз қолымен жазылған өмір тарихы арқылы баян еттік. Ал, отбасындағы тәрбиесі мен шаңырақтағы тұлғалық келбетін немересі Қуат Ажмұқанов әңгімелеп берді. Ә.Үсенов өзі жазғандай, кедей шаруаның қызымен шаңырақ көтеріп, төрт ұл, екі қыз тәрбиелеген. 

«Атамның бір ерекше қасиеті, ат құлағы көрінбейтін борандарда, ұзақ жолда жердің шөбін қазып алып, иіскеп, түр-түсінен қай жерде жүргендерін біліп, дұрыс жолға бағыттап, мал мен адамды аман сақтап қалған кездері де болған екен. Бұл бізге үлкендерден жеткен әңгіме. Жастайынан байдың малын баққан. 3-4 ай жоғалып кетіп, малды шығынға ұшыратпай, төлдетіп, көктемде алып келген. Ішінен бір жабағысын сойып жеп, қалғанын бір тұяқ жоғалтпай алып келгенін де үлкендерден естідік. Көзкөргендер әлі де әңгіме қылып жақсылығын айтып отырады», - дейді немересі Қуат. Қуаттың 6-7 жасында атасы қайтыс болған екен. Десе де, оның көрегендігі мен еселі еңбегі ұрпақтары үшін үлкен мақтаныш.

Бүгінгі күнде Әзмәхан Үсеновтың алты баласынан тараған 27 немере, 90-ға жуық  шөбересі бар. Олардың әрқайсысы зұлмат заманды бастан кешкен аталары жайлы зор құрметпен айтады.

Әлия ТАУКЕНОВА.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы