«Aınalaıyn» úlgіlі bı ujymyna - 15 jyl

Жарияланған: 15.05.2019


Aınalaıyn, «Aınalaıyn»!

«Кенші» мәдени сауықтыру орталығында «Айналайын» үлгілі би ұжымының 15 жылдық мерейтойына орай есеп беру кеші өтті.
«Айналайын» үлгілі би ұжымы 2004 жылдың қыркүйек айында құрылды. Құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін ұжымға педагог-хореографтар – Қарлығаш Ақылова, Арай Сағындық, Николай Разумов, Кристина Рустамова, Анастасия Семащенко жетекшілік етті. «Айналайын» үлгілі би ұжымында 6 жастан 14 жасқа дейінгі 45 бала бимен шұғылданады. Өнер ошағының талантты өрендері осы уақыт ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Алматы қаласында өткен «Планета Искусств»  ІІІ  халықаралық фестиваль-конкурсында бірінші, Қарағанды қаласында өткен республикалық  «Шаг вперед» байқауында екінші, «Ақ шағала» республикалық конкурс фестивальның облыстық кезеңінде екі жыл қатарынан бірінші орынға ие болды. Алматы қаласында өткен «Fantastic Talent» атты республикалық байқауда І және қос ІІ орынды иеленді. Астана қаласында өткен  халықаралық «Astana Grand PRIX» балалар шығармашылық байқауында қос бірдей І және ІІ орынды иеленді. Жуырда «Sing Song» халықаралық байқауында төрт бірдей Бас жүлдеге ие болды.

Мерекелік кешті аудандық мәслихат депутаты Анар Кәкімова құттықтау сөзімен ашып, биші балдырғандарға қолдау көрсетіп келе жатқан ата-аналарға алғыс білдірді. Майқайың балалар өнер мектебінің директоры Әлия Батталова «Айналайын» би ұжымы «Үлгілі» атағын үш рет қорғағанын айта келе, хореограф Николай Разумовқа Баянауыл аудандық білім бөлімі басшысының Алғыс хатын табыстады. Ал, мектеп директорының Алғыс хатымен хореограф Анастасия Семащенконы, ата-аналар Қарлығаш Шаймерденованы, Гүлбаршын Мақатаеваны, Ғазиза Мұхтарованы марапаттады.

Мерекелік құттықтау сөз алған Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Мұхтар Әбенов, Шолпан Жасылғұсова және Майқайың мешітінің имамы Бодаубек қажы Солдат өнер ұжымының қанатқақты жетістіктері жарияланған «Баянтау» газетінің 2005 жылғы сандарын естелікке сыйға тартты. Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің директоры Сұрша Оразбаева, «Айналайын» үлгілі би ұжымының ата-аналары атынан Гүлбаршын Мақатаева сөз сөйлеп, би ұжымының достық пен тәрбиенің ұйытқысы екенін айтты.

Би кешінде «Гүлдер», «Степ-Қамажай», «Пингвиндер», «Әлем балалары», «Шахмат тастары» секілді билер көрермендер назарына ұсынылды. Сонымен бірге Майқайың балалар өнер мектебінің Шөптікөл, Сұлужон ауылдық филиалдарының бишілері, би сыныбының түлектері өнерлерін ортаға салды. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде хареография мамандығы бойынша білім алып жүрген Мадина Қабылбекова өзі би әліппесін үйренген ұжымның мерейтойымен құттықтап, бейнесәлемдеме жолдапты. Бишілік өнерін шыңдап, кәсіби түрде айналысуға ден қойған санаулы түлектердің бірі Мадинаның сағынышқа толы сәлемі көрермендердің де, би ұжымының да мерейін тасытты. Кеш барысында Майқайың балалар өнер мектебінің ұстаздары күй тартыс ұйымдастырса, оқушылары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күйді көтере түсті.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы