Aýdan aktıvіne esep berdі

Жарияланған: 10.01.2019


Қайтадан жабдықталып, қалпына келтірілген тарихи ғимарат – Баянауылдағы алғашқы мектеп үйінде Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов аудан активіне 2018 жылы атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Жиынға аудан ақсақалдары, аудан әкімінің аппараты, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, жеке кәсіпкерлер қатысты. Қазіргі уақытта аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне берілген ғимаратта өткен жиынның негізгі мәні мен мағынасын ашып көрсеткен Оразгелді Әліғазыұлы есептік жиынды: «Сіздердің барлықтарыңызды осынау тарихи ғимаратқа жинаудағы басты себебім, жасалған жұмыстың нәтижесін көрсету. Өздеріңіздің ұсыныстарыңыз бен облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасы бойынша ғасырдан ұзақ жасаған бұл ғимаратты тарихи жәдігер ретінде сақтап қалу, көненің көзі ретінде өскелең ұрпаққа таныту мақсатында қайтадан жасақтап, күрделі жөндеуден өткіздік. Жақында бұл ғимаратқа аудандық кітапхананы көшіріп әкелдік», - деп бастады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» мен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен сапасын арттыру» атты Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің алдымызға, ең алдымен, индустриалдық-инновациялық дамуға және жаңа әлеуметтік саясатты баянды етуге құрылған ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі аса маңызды міндеттерді қойып отыр. Баянауыл өңірі қашаннан еліміздің туризмі мен ауыл шаруашылығының маңызды әрі ірі бөлшегі болып саналған. Еліміз халықаралық аренада танылып жатқанда Баянауыл да қалыс қалмағаны баршамызға үлкен мақтаныш. Жасап жатқан әр ісіміз, әр жұмысымыз саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуға бағытталған», - деген аудан басшысы жыл бойы атқарылған жұмыстарға жеке-жеке нақты тоқталды.
Баянауыл ауданында жыл бойы жол жөндеу жұмыстарының жүргізілгеніне әр тұрғын куә. Құндыкөл – Жаңажол – Ескелді, Торайғыр – Жасыбай бағытындағы жолдар, Ақсаң және Торайғыр ауылдарына кіреберіс жолдар, Жасыбай демалыс аймағының ішкі жолдары жөнделіп, халықтың пайдалануына берілді.
Білім беру саласына да қыруар қаржы бөлініп, ауқымды істер атқарылды. Солардың бірқатарын атап өтер болсақ, Үшқұлын мектебінің төбе жамылғысына және Ж.Аймауытов атындағы мектептің жылыту қазандығына күрделі жөндеу жасалды. Сонымен бірге оқу-тәрбие кешенін оқулықтармен, компьютерлермен жабдықтау, Ш.Айманов атындағы мектепте «IT» кабинет ашу, Бірінші май және Шоманкөл бастауыш мектептерінде асхана құрылғыларын алу секілді жұмыстар өз нәтижесін берді. Торайғыр ауылында ашылған «Балдәурен» сауықтыру лагері талай балғынды шаттыққа бөлегеніне куәміз.
Спорт және туризм саласы – Баянауыл ауданының негізгі даму бағыттарының бірі. Бұл салада да ілкімді істер баршылық. Биылғы жылы Майқайың кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне күрделі жөндеу жасалып, спорт залы ағымдағы жөндеуден өтті. Мырзашоқы тау шаңғы базасы мен Баянауыл ауданындағы аэродромның құрылысы – 2018 жылдың жемісі. Алдағы уақытта осынау ірі жобалар жалғасын тауып, нәтижелілігімен қуантатынына сенімдіміз.
Ақындар мен ғалымдардың мекені Баянауылда мәдениет саласы әрдайым биік деңгейде болуы керек. Сол үшін де үлкен істер үлкен мүмкіндіктер тудыруы қажет. Бұл мақсатта Мұса Шорман ауылындағы қос қабатты мәдениет үйінің салынуы, С.Торайғыров атындағы аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалуы, қасиетті және тарихи орындардың қоршалып, белгітас орнатылуы – мәдениет саласының дамуына зор үлес қосқан жұмыстар. Облыстық деңгейде өткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 120, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160, Мұса Шормановтың 200 жылдық мерейтойлары аудан мәдениетінің тарихында орын алған елеулі оқиғалар.
Ауданда жасалып жатқан құрылыс жұмыстары да көпшіліктің көз алдында. Майқайың кенті мен Баянауыл ауылындағы тұрғын үй құрылысы жұмыстары сәтімен жүргізіліп, тұрғындар көптен күткен баспаналарына қол жеткізді. Ал, Баянауыл ауылындағы ауыз су құбырларын тарту жұмысы 2019 жылы аяқталатын болады.
Аудан басшысы бұдан бөлек, 2018 жылы қосымша атқарылған жұмыстарға, ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктерге тоқталды.
Оразгелді Әліғазыұлы бұл жиында ауданға көрсетілген демеушілік көмектерді ерекше атады. «2018 жылы Мұса Шормановтың, Қосым Пішенбаевтың кесенесі, Ақсаң ауылындағы «Аңсар» мешіті демеушілікпен бой көтерді. Торайғыр ауылдық округінің әкімшілік ғимараты демеушілер есебінен жөнделді. Лекер қажы ауылында спорт залы ашылып, қажетті барлық спорттық құралдармен жабдықталды. Аудан мешіттеріне қаржылай көмек пен «Мектепке тағзым» акциялары үлкен жанашырлықтың көрінісі болды», - деді аудан басшысы.
Жиында, сонымен бірге, 2019 жылы атқарылатын жұмыстар айтылды. Келіп жеткен жаңа жылда да ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Баянауыл, Бірлік, Құндыкөл, Жаңатілек, Ақсаң ауылдарына ауыз су тарту, Александровка ауылы мен Жасыбай демалыс аймағына дейін электр жүйесін тарту және Майқайың кентінде су тазарту қондырғыларының құрылысын жүргізу үшін жобалық жұмыстар жасалатын болады. Аудан  басшысы алдағы жұмыстардың барлығы Баянауыл ауданының барлық салаларын дамыту мақсатында жасалатынын айтты. 
Жиын соңында аудан ақсақалдары сөз алып, талап-тілектерін де жеткізді. Құндыкөл ауылынан келген Телкен Ақбаев ауылдық клубтың төбесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтса, Сұлужон ауылынан келген Кәкімжан Зиятденов ауылдағы бос ғимараттарды спорт залы ретінде жасақтауды сұрады. Ал, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Мұхтар Әбенов Майқайың кентінде кезек күттірмес мәселелер барын тілге тиек етті. Сонымен бірге Қайрат Сүлейменов болса, аудандық ардагерлер кеңесіне жеке жай беруін сұрады. Облыстық мәслихат депутаты Орал Сартаев Баянауыл ауылындағы орталық мұсылман зиратында жасалып жатқан жұмыстарды бір жүйеге келтіруді сұрады. Жаңатілектен келген Шаттық Көкенов ақсақал аудан әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта да талай ірі жұмысты күтетінін жеткізді.
Есептік жиында айтылған әр ұсыныс, әр пікір аяқсыз қалмайтынын айтқан аудан әкімі жиынды «Жұмсақ бол, бірақ бағынышты болма! Қатты бол, бірақ қатыгез болма!», - деген қанатты сөзбен аяқтады.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы