Adamnan aýyl kóshpeıdі

Жарияланған: 15.05.2019


Қарт ауылым, қайда ұлың? Қайда балаң?
Ауыл жаққа жол сілтеп ай да маған.
Маңдайымнан самалы иіскеген
Таңдайымнан өлеңін аймалаған.
Оған бармай мен, сірә қайда барам?  

Ауыл десе дала баласының жүрегі елең етіп, әнге, жырға қосып жатуы заңдылыққа айналған. Шаһардың заһарынан қашып, ауылдың бауырына қайтып келіп жататын жұртшылық та жоқ емес. Әрине, ауылға жалынды жастығын қимаса да қарттығы қайта оралуға үгіттеп жатады. Өткен жұмадағы жүздесу «Ауылға сен келмесең, ауыл саған келеді» дегендей, Күркелі округінің тарихы мен жұртшылығы «баянауылдық» жерлестерімен аудандық кітапхананың ғимаратында қауышты. 

Күркелі ауылдық округінің кітапханашылары «Құтты мекен – қонысым» атты өлкетану сағатын өткізді. Шараның әлқиссасы аудандық жыр додаларының жүлдегері Бибіажар Диханның ауылды таныстыру өлеңімен бастау алды. Өлеңмен өрнектелген тарихтың жалғасын ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұратбек Ашуов көзкөрген тарихымен жалғап, даланың тау-тасын, сай-саласын сөйлеткендей болды.

Зәмзәгүл Әдепбаева Күркелі округіне арнап «Кие қонған ауылым» атты және Жұлдыз Сұлтаналинова Жарылғап ауылының тарихын «Жұмақ мекен – туған өлкем» тақырыбында слайд көрсетіп, тарихи атауы Белағаш екенін де еске салып өтті. Марал Омарова «Қасиет тұнған туған жер» тақырыбында Шоманкөл ауылына саяхат жасаса, Қойтас өлкесін «Алтын бесік – тұғырым» атты тақырыпта Зейнегүл Масғұтова айтып өтіп, Желтау мен Қосшалқардың һәм Әулиетастың қасиеттіне де тоқталып, көрермен санасын саяхатпен сергітті.

Одан бөлек Марал Задақызының «Өлкемнің өшпес тарихы» көрмесі жиналған көпшілікке ұсынылып, өзі шыққан кітаптың бетінен С.Торайғыровқа арнаған өлеңің оқып беріп, ашылмаған ақындық қырымен танылып, әдемі әсер қалдыра білді. Ауылдық округке қатысты көптеген кітаптар таныстырылып, өзінің жаңа оқырмандарымен табысқандай болды. Жұматтың жерлесі облысымызға танымал, тіпті республикалық серілер сайысында жүлделі орындар алған Бақытжан Жүнісов атбегілік, құсбегілік, серілік құралдарын көрмеге қойды.

Шоманкөл ауылының тумасы атбегі, ұста, құмай тазы баптайтын Мақсұтбек Көпжасаров та шараның ортасынан табылды. Аудандық орталық кітапхананың директоры Сәуле Рахымова келген қонақтарға ақын, Баянауылдың жиені Арман Қанидың жыр өрілген «Жанарымдағы бейнелер» кітабын табыс етті. Қызылтау мен Желтаудың арасындағы елдің тарихына үңіліп және сақталуына үн қосқан аталмыш шара жоғары деңгейде өтті.

Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы