Қағаз өткізіп, ағаштарды құтқар!

Жарияланған: 18.10.2018


Макулатура – қағаз және картон өндірудегі ең негізгі шикізаттың бірі. Макулатураны жинау және қайта өңдеудің халық шаруашылығында маңызы өте зор, яғни оны қайта пайдалану орманды сақтауға мүмкіндік береді және дайын өнімнің бағасын төмендетеді.
2018 жылдың тамыз-қазан айларында «Баянауыл ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Қағаз өткізіп, ағаштарды құтқар!» ұранымен 384 келіден астам макулатура жинады. Жиналған барлық ескі газет, журналдар және пайдаланылған қағаз өнімдері Павлодар қаласында орналасқан «Павлодар картон-рубероид зауытына» қайта өңдеуге жіберілді.
«Біз 384 келіден астам макулатура жинадық, бұл 6 ағашты құтқарғанмен бірдей. Бір тонна макулатура 40 адамға қажетті оттегін бөлетін 14 талды кесуден сақтап қалады. Мұндай шикізатты қайта өңдеу атмосфераға зиянды заттарды аз шығаратын таза процесс болып саналады. Ең бастысы, бұл – қоршаған ортаға зиянды СО2 (көмірқышқыл газы) тасталымын 768 келіге азайтумен тең. Макулатура сұрыпталып, Павлодар қаласының өңдеу зауытына жіберілді. Сондай-ақ, бөлімнің қызметшілері 2018 жылы бойынша 13 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға және зейнеткерлерге көмек көрсетті», - деп хабарлады Елдос Қожагелдинов.
Бүгінгі уақытта қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер қатарындамыз. Біріншіден, тұрмыс қалдықтарын өндейтін технология толығымен жолға қойылмаған. Екіншіден, қажетті ресурстар тапшы. Үшіншіден, күнде өте үлкен көлемде қалдықтар шығады. Сонымен қатар, адамдар үйілген қоқыстың залалын, экологияға және өз денсаулықтарына тигізер қаупін толық сезінбейді.
Қазақ халқы «Жер жарасы – жан жарасы» деген ұлағатты ұран тұтқан ұлт. Халқымыз атамекенін асылындай аялауды атадан балаға мирас еткен. Бүгінгі ұрпаққа айтар ұлағат, жеткіншектер санасына құятын ғибрат туған жеріміздің тоқымдай телімін ластамай, сай-саласын күл-қоқысқа толтырмай, қоқыспен бітелген бұлақтардың көзін ашып, тауы мен тасын көздің қара­шығындай қорғау – халықтық мүддеміз, перзенттік парызымыз.

Өз тілшіміз.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы