Введите ваш запрос для начала поиска.

5015 adam latyn qarpіnde jazdy

Жарияланған: 18.11.2018


Ұлт көшбасшысы, тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынов: «Қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру – болмайтын жұмыс… Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды», - деп жазды «Тіл тағылымы» атты еңбегінде. Ұлт көсемі сол кезге дейін қолданылып келген араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы еместігін байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайтадан әліпби құруды, қазақ тіліне икемді етіп жасауды қолға алды. Бұл жазу, Байтұрсыновтың әліпбиі халық арасында «Байтұрсыновтың төте жазуы» деп бағаланып, кең таралды. 
Алаш ардақтысы 1912 жылы «Айқап» журналының №1 санында жариялаған «Аз уақытта көп білу жолының басы» атты мақаласында былай дейді: «Үстіміздегі ХХ ғұмыр (ғасыр) «Білім ғасыры» деп айтылады. Кім біледі түзу жолменен жүріп кетсек, һәм базардың қызуында кез келген болып жиырмасыншы ғұмырда балаларды бәйгеге қоссақ, алдымен келіп бәйге алмасақ та, бөлініп қалмасақ жарар еді». Халық жанашыры дөп басып айтқан екен. Міне, заман жаңарып, дәуір өзгерді. Бүгінде қазақ елі бір кездері бұл жазудан алшақтап қалса да, қазіргі уақытта төл жазуымызды қайта қолға алды. Оған Елбасының «Аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет», - деген салиқалы саясаты, көсем сөзі түрткі болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы нақты межені белгілеп бергені баршамызға белгілі һәм бұл – біздің бағдарымыз.
Апта ортасында қазақстандықтар латын қарпіне негізделген диктант жазды. Қолға қалам мен парақ ұстаған ұстаздар мен оқушылар, мектеп парталарына қайта отырған мекеме қызметкерлері «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы жатжазуға бір кісідей қатысты. Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткен диктанттан баянауылдықтар да шет қалмады. Әр ауылдың тұрғындары жергілікті мектептерінде, ал, баянауылдықтар белгіленген орындарда диктант жазды.
– Қазақ тіліне негізделген латын қарпі жаңашылдық емес. Түптеп келгенде, байырғы жазу – бұл. Диктантқа мекеме қызметкерлері түгелдей қатысты. Жатжазу қиыншылық тудырды деп айта алмаймын. Бірақ, бірден дұрыс жазып кету де оңай емес. Оған сабырлылық пен талпыныс керек. Өз басым бос уақытымда латын қарпінде мәтін жазып дағдыланып жүрмін. Елбасы тапсырмасына орай, 2023 жылы іс-қағаздар латын қарпіне көшіріледі. Оған қазақстандықтар дайын деп ойлаймын, - дейді «Баянауыл ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Қаныш Совет.
Жастар жаңашылдыққа қашанда құмар. Бұл істе де табандылық танытып, үйренуге бек дайын.
Қаныш Сәтбаев атындағы ауыл тұрғындары да қалам алып, жаңа емле ережелеріне сүйене отыра латын қаріптерімен бір уақытта диктант жазды. Тақырып баршаға ортақ – «Рухани жаңғыру».
Шадыра мектеп-балабақша оқу-кешенінің қабырғасында өткен шараға ұстаздар мен оқушылар, емхана мен клуб қызметкерлері және жергілікті әкімдік өкілдері қатысыпты. Басты мақсат – халықты латын қаріптерімен жазып, оқуға машықтандыру, латын әліпбиіне көшу жолындағы шаралар кешенін жетілдіру. 40 минут бойына жалғасқан диктант барысында ауылдықтар латын қарпімен таңбалауда айтарлықтай қиындықтарға тап болмағанын айтады. Керісінше, көптің пікірі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа әліпбиге көшу туралы шешімін қолдаумен тоғысты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен үзеңгіліс болуымыз үшін халықтың бірлігі мен тың бастамалар алдындағы қолдауы бекем болуы шарт.
Латын қарпін халыққа таныстырып, көздері мен қолдарын жаттықтыру мақсатында өткен диктантқа ауданның барлық ауылдары түгелдей қатысып, өздерінің латын қарпіндегі сауаттылығын тексерді. Құндыкөлдіктер де жаңашылдықты жатсынбай қарсы алып, өздерін сынап көрді. Латын әліпбиімен жақынырақ танысу барысында 140 адам диктантқа қатысыпты.
Латын қарпіне көшу дамыған елдермен иық теңестіре алатын да бірден бір қадам. Тарих қойнауының толқынымен жеткен қазақы қаріп біздерге жат емес. Емле ережесі кешегі Байтұрсыновтың сара жолындай сайрап жатыр. Ендеше, еліміздің жаппай латын қарпіне көшуі жолында қиындықтар туындамайды деп сенеміз.

Әлия ТАУКЕНОВА.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы