Медициналық сақтандыру қоры тегін дәрі-дәрмек беру процеcін бақылау нәтижесін қорытындылады

Тегін дәрі-дәрмек берген медициналық ұйымдардың ресми мәліметтеріне сай,  1 миллионнан астам пациентке SMS-хабарлама жіберілген. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілді. 4000-ға жуық адам дәріні алмағаны туралы жауап берген. Оның ішінде Павлодар облысының 175 тұрғыны бар.

Медициналық сақтандыру қоры SMS-хабарлама арқылы тегін дәрі-дәрмек беру процеcін бақылау нәтижесін қорытындылады. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттерге SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылған болатын. SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, Қорға 27 798 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 4 137 пациенттің дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды.

«Мониторинг Павлодар облысында жазылған рецептілер бойынша 45 мың адам тегін дәрі-дәрмек алғанын көрсетіп отыр. SMS-хабарлама 43 мыңдай адамға жіберіліп, оның 175-і «дәрі-дәрмектерді алмаған» деген белгімен оралған. Айта кету керек, осы мақсатта біздің облысқа бюджеттен 706 млн. теңге төленді. Сол себепті олардың жұмсалуы қатаң бақылауда болады», - деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказинов.

Дәрі-дәрмектің қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары жолдаған.

«Қор дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлеуге көшті. Пациенттерден келіп түскен барлық хабарламаларды Қор тіркеуге алғаннан кейін өңдеді. SMS-хабарламалар жүйеге пациенттердің өздерін тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды», — деп түсіндірді Айдар Ситказинов.

Қорда атап өткендей, дәрі-дәрмектерді алмағаны туралы жағдайларға қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.

 

«Әлеуметтік медициналық

сақтандыру қоры» КЕАҚ

 Павлодар облысы

 бойынша филиалы

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы